16.06.2015, 7:08
Қараулар: 25
Орал гарнизонының әскери прокуроры Алтынбек РАЕВ: «Заңбұзушылықты АЛДЫН АЛУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ ЗОР»

Орал гарнизонының әскери прокуроры Алтынбек РАЕВ: «Заңбұзушылықты АЛДЫН АЛУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ ЗОР»

военный прокурор


Қарулы күштердегі заңдылық пен тәртіпті әскери прокуратура қадағалап отыратыны белгілі. Бұл бағытта өңіріміздегі Орал гарнизонының әскери прокуратурасына да жүктелер міндет зор. Орал гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Алтынбек Раевпен болған сұхбатымыз осы бағытта өрбіді.


— Алтынбек Ермекбайұлы, әңгімемізді әскери прокуратура тарихынан бастасақ…

—  Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін республикамыздың аумағындағы әскери прокуратуралар еліміздегі прокуратура органы жүйесіне біріктірілді. 1992 жылдың 17 ақпанында Бас прокурордың бұйрығы бойынша әскери прокуратура басқармасы құрылды. 1995 жылдың 4 шілдесінде әскери бөлімшелер мен мекемелердегі қылмыспен күресті жақсарту үшін ҚР Әскери прокурорының бұйрығы негізінде Ақтөбе облысы аумағында орналасқан Ембі гарнизонының әскери прокуратурасы Орал қаласына көшіріліп, қазіргі атауына ие болды. Гарнизонның бірінші прокуроры болып, әділет капитаны Дәулет Өтешев тағайындалды. Гарнизондағы заңдылық пен тәртіптің үстемдік құруына Сайлаубек Қайсаров, Музиакбар Айдаров, Асқар Тамаев, Данияр Әділхан, Айтуған Бижанов, Ерболат Көшенов, Ардақ Жапархан, Төреәлі Бәкіров сынды әскери прокурорлар өз үлестерін қосты.

— Сіздің алдыңызға қойылып отырған бүгінгі міндеттер қандай, прокурорлық қадағалау қалай жүзеге асады?

— Әскери прокуратураның қызмет тәртібі мен әскери прокурордың өкілеттілігі Конституциямен, ҚР Президентінің Жарлығымен, ҚР «Прокуратура туралы» Заңымен және өзге де заңнамалық актілермен анықталған. Біз мемлекеттің атынан іс-әрекет жасап, Қарулы күштердегі заңдылық пен тәртіптің үстемдік құруын қамтамасыз етеміз. Бір сөзбен айтқанда, біздің гарнизонға қарасты әскери бөлімдер мен өзге де құрылымдарда заңның орындалуын қадағалаймыз. Сол себепті біздің бұл бағыттағы жұмысымызға прокурорлық тексерулер негіз болады. Яғни әскери қызметті өтеуден бастап, еңбек заңнамасының сақталуына дейін тексереміз. Ағымдағы жылдың бес айы ішінде 12 прокурорлық тексеріс жүргізіп, 10 прокурорлық елеу актілері енгізілді. Нәтижесінде 9 лауазымды тұлға тәртіптік, 3 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Біздің ұсынысымыз бойынша 8 млн. теңгеден астам шығынның орны толтырылды.

Заңның алдында бәрі бірдей. Сол себепті әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің, азаматтық қызметкерлердің конституциялық құқығының қорғалып, әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуын қамтамасыз етеміз. Мемлекеттік меншікті сақтау, әскери қызметкерлердің өлімі мен жарақатын болдырмау бағытындағы заңнамаларды қадағалаймыз.

— Полковник мырза,  әскери бөлімдерде қандай заңбұзушылықтар кең таралып отыр?

— Азаматтардың өтініш-хаттарын қарау тәртібіне байланысты заңбұзушылықтар бар. Сондай-ақ «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңдарға қайшы әрекеттер болып жатады. Әскери қызметкерлерді қабылдау кезінде бұл мәселені айтып, түсіндіреміз.

— Осындай жағдайларда сіздерге жиі хабарласатын кімдер?

— Көбіне келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген сардарлар мен сарбаздар тұрғын үй мәселесі, іссапар шығындарына байланысты хабарласады. Оларға бұл бағытта тиісті заң талаптары түсіндіріледі.

— Орал гарнизонында қылмыстың алдын алу бағытында әскери прокуратурамен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз…

— Заңбұзушылықпен күресте әскери прокуратура органдарымен көптеген іс-шара қолға алынды. Олардың арасында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қоғамдағы тәртіпбұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидасын қалыптастыру жетекші орын алады. Тәртіпбұзушылық пен қылмысты болдырмау – біздің күнделікті жұмысымыз. Алдын алу және профилактика бағытындағы жұмыстарға талдау жасалып, олар ведомствоаралық жиындарда талқыланады. Соның нәтижесінде жол-көлік оқиғасы секілді жағдайлардағы кісі өлімі, жарақат алушылық азайды. Соңғы кезде жарғыға сәйкес келмейтiн өзара қарым-қатынасқа байланысты өз-өзіне қолжұмсаушылық дерегі жоқ деуге де болады. Біздің мақсатымыз – бұл көріністі әскер қатарынан толығымен жою. Оған толық мүмкіндігіміз бар.

— Әңгімеңізге рақмет, қызметіңізге табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан

Ерболат СҰЛТАНОВ


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар