13.06.2015, 7:52
Қараулар: 100
Жыл көрсеткіші КӨҢІЛ КӨНШІТЕДІ

Жыл көрсеткіші КӨҢІЛ КӨНШІТЕДІ

IMG_7858


Кеше облыстық мәслихаттың үлкен мәжіліс залында аталмыш өкілетті органның кезекті ХХV сессиясы болып өтті. Жиында он мәселе қаралып, солар бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Сессия жұмысына облыс әкімі  Нұрлан Ноғаев қатысып, сөз сөйледі.


Алғашқы мәселе – «Батыс Қазақстан облысының 2014 жылға арналған облыстық бюджетінің атқарылуы жөніндегі жылдық есебін бекіту туралы» облыстық қаржы басқармасының басшысы Айгүл Салахатдинова баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылға арналған облыстық бюджет түсімдерінің жоспары 117,9 миллиард теңгеге немесе 100,4 пайызға орындалған. Бюджеттің шығыс бөлігі 99,8 пайызға орындалып, 117,3 млрд. теңге болды. Бұл – соңғы жылдардағы жақсы көрсеткіш. Бұдан басқа облыс халқын газбен қамту 91 пайызды құрап отыр.

Жөндеу мен құрылыс салуға қомақты қаржы бөлінуінің нәтижесінде жыл өткен сайын өңіріміздегі көлік жолдарының жағдайы жақсарып келеді. Тұрғын үй құрылысына былтыр 4 млрд. теңге қаржы жұмсалып, адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға оң қадам жасалды.

Жалпы алғанда, бюджеттік бағдарламалардың атқарылуының тиімділігі артты.

Екінші мәселе – облыстағы «Агробизнес – 2020» бағдарламасы туралы облыстық мәслихаттың депутаты Аманжол Зинуллин хабарлама жасады. Ол аталмыш мәселе бойынша уақытша комиссия құрылғанын, оның төрағасы өзі екенін айта келіп, жиналғандардың назарын өңіріміздегі сүт өндіру жәйіне аударды. Депутаттың пайымдауынша, облыстың азық-түлік нарығында орыс және беларустың сүт өнімдері үстемдік етуде. Ал өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын Ақ Жайықтың сүт өніміне қатысты әлеуеті тиімді пайдаланылмауда. Бар өнім жеткіліксіз, әрі сапасы нашар. Оны өндіруге бөлінетін мемлекеттік демеуқаржы болмашы ғана. Демек, өңірлік сүт өндірісіне мемлекеттік көмек және салық жөнінен жеңілдік аса қажет. Екінші бір түйткіл – облыс аумағындағы Азынабай-Тайпақ сынды көлемі 1 млн. гектарды құрайтын жайылым иесіз жатыр. Егер соны суландыру қолға алынса, мал үшін жайылым, жемшөп, содан туындайтын сүт мәселесі де шешімін табар еді. Осыған байланысты жоғарыдағы құзырлы орындарға ұсыныс дайындалуда. Егер мәселе шешімін тапса, өңіріміздегі су шаруашылығы мен суландыру жүйелерін «Қазсушар» кәсіпорны теңгеріміне енгізген жөн. Депутаттың бұл  пікірін оның әріптесі, кәсіпкер Қатауолла Ашығалиев те қуаттап сөйледі.

Әрі қарай, сессияда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Бәйменовтің «Батыс Қазақстан  облыстық мәслихатының 2014 жылғы 27 маусымдағы №18-6 «Батыс Қазақстан облысының 2014-2015 жылдарға  энергияны үнемдеудің кешенді жоспарын бекіту туралы» шешімінің орындалуы» және «Батыс Қазақстан облысының 2015-2020 жылдарға арналған энергия үнемдеудің кешенді жоспарын бекіту туралы», «Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің төрағасы Амангелді Нұғмановтың «Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2013 жылғы 2 ақпандағы  №6-2 «Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақылбек Аманғалиевтің «Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалану төлемақысының ставкаларын (түбірімен босатылатын сүрек үшін белгіленетін ставкаларды қоспағанда) бекіту туралы», облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншәлиевтің «Батыс Қазақстан облысында жолаушыларды әлеуметтік мәні бар автомобиль көлігімен тұрақты ауданаралық (облысішілік, қалааралық) тасымалдау тарифі туралы» хабарламалары тыңдалып, бекітілді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Вячеслав Иночкиннің хабарламасы тыңдалып, назарға алынды.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2012 жылғы 20 қаңтардағы №1-3-1 «Облыстық мәслихаттың бюджет және экономика бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы мен мүшелерін сайлау туралы» шешіміне өзгерістер енгізілді.

– Өткен жылдың қорытындысы көңіл қанағаттандырады. Елбасымыздың халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға бағытталған тапсырмалары бойынша қаржыны игеру қарымды болған. Экономикалық-әлеуметтік дамудың барлық көрсеткіші бойынша алға басушылық қуантады. Салық түсімі де өсті. Демек, осы бағытта облыстық қаржы басқармасынан бастап, барлық мемлекеттік құрылымдардың жұмысы жақсы. Осы игі істердің келешекте де жарасымды жалғасын табарына сенемін және ризалығымды білдіремін. Сонымен бірге басқалармен қатар, сіздердің, халық қалаулыларының да үнемі қолдауын күтемін. Бәрімізге ортақ іс қашанда жемісті болсын, – деді өз сөзінде өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы.

Сессияның аяғында облыстық мәслихаттың депутаты Қазыбай Бозымов Алматыдағы Ұлттық инженерлік академияның ректоры Бақытжан Жұмағұловтың тапсыруымен облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа «Қазақстан Республикасының құрметті инженері» төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті. Жауап сөзінде Нұрлан Асқарұлы өзіне көрсетілген зор құрмет үшін Б. Жұмағұлов пен  ғалымдар қауымына алғыс айтты. Ал облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Кенжебай Нығметке көп жылғы қоғамдық жемісті еңбегі үшін алғыс айтып, сый-сияпат  тапсырды.

Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағалығына  депутат Ескендір Елемесов сайланды.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар