13.06.2015, 8:42
Қараулар: 93
Бидай сұрпын жаңарту – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Бидай сұрпын жаңарту – ЗАМАН ТАЛАБЫ

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


Сәрсенбіде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Байер Каз» ЖШС ұйымдастырған семинар-кеңесте аса құрғақшылық жағдайда күздік дақылдарды өсірудің тиімділігін арттыру жолдары қарастырылды.


Зеленов ауданына қарасты Раздольный ауылында өткен бұл жиынға облыстық мемлекеттік орган қызметкерлері, жергілікті шаруа қожалықтарының өкілдері, Алматы және Ақтөбе облыстарындағы шаруашылық басшылары қатысты. Семинардың алғашқы бөлімінде сөйлеген «Достық» шаруа қожалығының басшысы Владимир Шевчук қожалық жұмысы жөнінде баяндаса, «Байер Каз» ЖШС-ның өңірлік өкілі Алдаберген Нұғманов ылғалды үнемдеу және күздік бидай егу кезінде гербицидтерді қолдану тәсілі жөнінде әңгімеледі.

Бұдан соң аталмыш шараға арнайы шақырылған ресейлік ғалымдар сөйлеп, семинар қатысушыларын дәнді дақылдарды өсірудің жаңа технологиясымен таныстырды.  Мысалы, «Бурдыгинское» ЖШС-ның бас директоры Александр Жилников күздік бидайдың биоклиматтық әлеуеті және аса құрғақшылық жағдайда оны жүзеге асыру жолдары жөнінде әңгімелесе, Нижневолжский ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Виктор Буянкин қазақстандық шаруаларға жерді тиімді пайдалану тәсілін ұсынды. Сондай-ақ Ресейдің Оңтүстік-Шығыс ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Рим Сайфуллин Қазақстанның аса құрғақ аумағына дәнді дақылдар ішінде «Белозерная рожь» сұрпының төтеп беретінін айтып,  жиналғандарға оны өсірудің технологиясын түсіндірді.

Осыдан кейін жиынға қатысушылар «Достық» шаруа қожалығының егістігіне барды. 1200 гектар жерге егілген күздік бидай бітік шығыпты.

– Бәрі ойдағыдай болса, биыл да гектарынан 30 центнердей өнім алармыз деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығымен айналысушыларға мемлекет үлкен қолдау көрсетуде. Мысалы, біздің шаруашылық тыңайтқышты 50 пайызға, шетелдік гербицидті 30 пайызға және қазақстандық гербицидті 50 пайызға арзан бағаға сатып алды.

Бұл – біз секілді шаруа қожалықтарына үлкен көмек. Алдағы уақытта алқапта егілетін дәнді дақылдар түрін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бүгін ресейлік әріптестерімізбен жерді күтіп-баптау, егін егу және одан мол өнім алу тәсілдері бойынша тәжірибе алмастық. Алдағы уақытта осы іс-тәжірибелерді өз жұмысымызда пайдаланатын боламыз, – деген қожалық жетекшісі Владимир Шевчук семинар қатысушыларын егіс даласының келесі басына бастап апарды. Оның  сөзінше, егістіктің бұл аумағына биыл «Байер Каз» ЖШС-ның өңірлік өкілі Алдаберген Нұғмановтың ұсы-нысымен күздік бидайдың «Калач», «Кинилская — 4», «Иван» секілді жаңа сұрыптары егіліпті.

– «Байер Каз» ЖШС-ның қызметі еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған. Серіктестік шаруа қожалық-тарына өсімдікті қорғау құралдарын сатумен қатар, егіс алқаптарына дәнді дақылдардың жаңа түрін егіп, оны сынақтан өт-кізумен де айналысады. Мен еліміздің солтүстік облыстарының жері құнарлы, сапалы астықты тек сол жерден ғана алуға болады дегенге өз басым келіспеймін. Батыс өңірінің жері де құнарлы, бұл жерге не ексеңіз де шығады және өнім сапасы да ешкімдікінен кем болмайды. Тек егістікті жақсылап күтіп-баптасаңыз болғаны.

Мен мұны өз тәжірибемнен білемін. Ресейлік әріптестеріміздің Батыс Қазақстан облысындағы бидай сұрыптары көптен жаңартылмаған, бұл жерге дәнді дақылдардың жаңа сұрпын егіп көру керек деуі дұрыс. Біз осы мақсатта биыл ерте көктемде көрші Ресей еліне барып, 15 түрлі дәнді дақылдың әрқайсысынан 500 келіден алып келдік. Оларды осы жерге егіп, жерсіндіру мақсатында «Достық» шаруа қожалығының басшысы Владимир Шевчукпен келісіп, осы қожалықтың егіс алқабына ектік. Қазір көріп тұрсыздар, Ресейден әкелінген жаңа сұрыптар жайқалып өсіп тұр. Егіннің қазіргі шығымына бізге дақылдың 15 түрін тегін берген ресейлік әріптестеріміздің өзі таңғалуда. Осының бәрі жаңа сұрыптарға қорғаныс құралдарын дұрыс пайдаланып, егіндікті жөнімен күтіп-баптаудың нәтижесінде мүмкін болды. Егіс алқабын беріп, бізге жаңа сұрыптарды сынақтан өткізуге мүмкіндік жасаған «Достық» шаруа қожалығы мен дақылдың жаңа түрлерін тегін беріп, біздің елімізге астықтың жаңа сұрыптарын шығаруға ықпал еткен ресейлік әріптестерімізге айтар алғысымыз зор, – деді «Байер Каз» ЖШС-ның өңірлік өкілі Алдаберген Нұғманов егіс басында ағынан жарылып.

Жайқалған егін алқабын көріп риза болған ресейліктер қоштасар сәтте барша қазақ халқына жақсылық тілеп, егемен еліміздің тәуелсідізгі мәңгілік болсын деген әдемі тілек айтты.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»,

Зеленов ауданы