13.06.2015, 8:35
Қараулар: 90
Электромонтерлар «емтихан» тапсырды

Электромонтерлар «емтихан» тапсырды

DSC_0039


Маусымның 8-12-сі аралығында «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ-ның аудандық тораптарындағы электромонтерлердің шеберлік байқауы өтті.


Жылдағы дәстүр бойынша Теректі ауданы аумағындағы «Шалқар» оқу-жаттығу полигонында болған бұл жарысқа Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қаратөбе, Приурал, Тайпақ, Теректі, Чапаев электр тораптарының бригадалары қатысты.

— «Қазақстан – 2050» стратегиясына сәйкес республикамызды бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына кіргізу міндеті қойылып отыр. Соған орай экономиканың барлық саласын дамыту көзделуде. Оның ішінде энергетика саласы да бар. Біздің алдымызға қойылып отырған міндет — тұтынушыларды сапалы өніммен қамтамасыз ету. Ол үшін бізге жаңа технология, кәсіби біліктілігі жоғары мамандар қажет. Байқау барысында мамандарымыздың кәсіби біліктілік деңгейі мен жаңа технологияларды қолдана білуі де сынға түседі. Өткен ғасырдың 70-жылдары басталған осынау байқау жұмыс барысында кездесетін түрлі мәселелерді шешуге, өзара пікір алмасуға өз септігін тигізері сөзсіз, — деді байқаудың ашылу салтанатында сөз алған «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуат Мусин.

Өз кезегінде сөз алған Теректі ауданының әкімі Жеңіс Серікқалиев бұл сайыс, әсіресе, жас мамандар үшін пайдалы екеніне тоқталды. Түрлі жағдай болғанда бірінші кезекте не істеу қажет, қандай шешім қабылдау керектігін олар осындай шаралар кезінде жете үйренеді. «Соңғы кезде өңіріміздегі табиғаттың тосын мінездерінің салдарынан қыс мезгілдерінде төтенше жағдайлар орын алып, кейбір ауыл-аймақтарға электр жарығы берілмей қалатын кездер болады, — деді Жеңіс Серікқалиұлы. — Міне, сондай сәттерде монтерлар күннің суығына, Жаңа жыл секілді мейрамдарға қарамастан, үйінен жырақта жүріп, үзілген электр желілерін қалпына келтіреді. Соның арқасында ауылдардағы үйлерге, әлеуметтік нысандарға жарық беріледі, тұрғындардың көңілі жайланады. Сол үшін сіздерге көпшіліктің атынан өз ризашылығымды білдіремін» — деді ол.

Байқауға қатысушылар жеті түрлі аталым бойынша сынға түсті, яғни біліктілігін дәлелдеді.  Жоғары кернеулі электр қуатынан зардап шеккен жанға көмек көрсетті, трансформатордың кедергісін, күштік трансформаторлардың ішкі ақауларын анықтады. Сондай-ақ майлы ажыратқыш құрылғысында болатын ақауларды жөндеді, тұтынушыларға арналған есептеуіш қондырғыны жалғады, трансформатордағы сақтандырғышты қолдана білетіндерін дәлелдеді.

Нәтижесінде теректіліктер кәсіби шеберліктерінің жоғары екендігін дәлелдеді. Қалған жүлделі орындарды Қаратөбе мен Приурал электр тораптарының бригадалары өзара бөлісті.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Теректі ауданы


Сырым ТӘЖІҒАЛИВ,

Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясының бөлім басшысы, байқау төрешісі:

— Электромонтерлар қыс мезгіліне дейін электр тораптары элементтерін жөндеу жұмыстарын жүргізіп, біліктіліктерін арттырса, қыста өзіміздің оқу комбинатында теориялық білімдерін жетілдіреді. Осы байқауды сол оқу-тәжірибенің қорытындысы, емтихан деп айтуға болады. Мұнда қызметкерлеріміздің білімдері мен біліктіліктері сыналып, бағаланады. Соған сәйкес қызметкерлеріміздің біліктілік куәлігіне электр қуаты көзінде жұмыс істеуге рұқсат беретін белгі соғылады. Байқау барысында теректіліктер тапсырмаларды уақтылы әрі сапалы орындап, жеңімпаз атанды.


Игорь ТЕЛЬНОВ,

Приурал электр торабының монтеры:

— Мен студент болып жүргенде осы компанияда өндірістік тәжірибеден өттім. Дипломымды алған бойда Приурал электр торабына жұмысқа тұрдым. Байқауға алғаш рет қатыстым. Үлкен әсер алдым. Желілерде, трансформаторларда орын алуы мүмкін ақауларды біліп, оларды жоюды үйрендім. Біздерге арнап Шалқар көлінің жағасынан жайлы орын, тамаша асхана жасақтап, кешкі мезгілде спорттық шаралар ұйымдастырғаны үшін компания басшылығына ризашылығымды білдіремін.