13.06.2015, 8:31
Қараулар: 77
Қарасуға жеткен инновация

Қарасуға жеткен инновация

_MG_0333


Шыңғырлау ауданындағы Жасқайрат Айсиевтің «Ғайни» шаруа қожалығы баламалы қуат (энергия) көзін пайдалануға көшті. Еліміздегі инновациялық экономиканы дамытудың аса маңызды катализаторына айналуы тиіс «жасыл» экономика жобасы бойынша гибридті қондырғы — әзірге өңірдегі қанатқақты жоба.


«Ғайни» шаруашылығына «Basis Group КZ» ЖШС тиімді инновациялық  жел генераторы және 10 күн тақтайшасын орнатты. Компанияның құрылтайшысы, компания басшысы Естай Ибрагимовтың айтуынша, қуат өндіргіш қондырғыларды орнатумен айналысқандарына 4 жылдың жүзі болған. Компания Ақтөбе облысында 50-ге жуық гибридті қондырғы нысанын іске қосқан. «Қондырғының қуаты – 10  киловатт. Ол 5 киловатты күннен, 2 киловатты желден алады, айнымалы токты тұрақты токқа айналдыратын инвертор 10 киловатт етіп өндіріп береді», — деді Естай Ибрагимұлы. Оның айтуынша, Германиядан әкелінген қондырғының әр бөлігінің сертификаттары бар. Қондырғы бір жұмадан кейін арнайы мемлекеттік сараптамадан өткізілмек. Барлық жүйе автоматтандырылған, адам күшінің қажеті жоқ. Жабдықтаушы компания жергілікті бір жасты Ақтөбе қаласында арнайы оқудан өткізуді өз мойнына алып отыр және бір жылдың ішінде кепілдік бойынша үш мәрте келіп, қондырғының қыр-сырына үйретеді. Инновациялық қондырғы дегеніңіз де темірден түйілген, сондықтан сынбай тұрмайды. Сынған жағдайда оны жөндеуді компания мамандары біледі. Жалпы күтіп ұстаса, қондырғының «ғұмыры» 15-20 жылға барады.

Жел генераторы желмен жұмыс істеп, қуат өндірсе, күн тақтайшалары бұлыңғыр күндері де, күн көзі көрінбесе де, қуатты үздіксіз өндіреді. Бірақ қуат шамасы 20 пайызға төмендемек. Солай болғанымен, арнайы орындағы 20 аккумуляторға жинақталған қуат көзі үйді жарықтандыруға, құдықтан су алуға, тұрмыстық техниканың және құс фермасының қажетін өтеуге жеткілікті болмақ. Мамандардың айтуынша, қондырғы 6-7 жылда өзіне жұмсалған қаржыны ақтайды. Одан кейін де шаруа адамы ешбір монополистке қуат үшін ақша төлемейді. Мемлекет тарапынан демеуқаржы (субсидия) бөлінетін болса, небары 3 жылда жоба өзін-өзі ақтамақ. Биыл баламалы қуат көзі жабдығын орнатқандарға субсидия төлеу мәселесі шешілмек. Күн, жел – Жаратқанның  сыйы, төлем сұрамайтын табиғи ресурстар. Оларды пайдаға жарату энергетикалық тәуелсіздікке бастайды әрі қоршаған ортаға келтірер залалы жоқ. Сондықтан да еліміз инновацияларды дамытуға, мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігі және «жасыл» технологияларды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлуде. Алдағы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі де осы мақсатта өткізілмек.

2005 жылы Жасқайрат Айсиев еңбектің торысы, небары 44 жасында дүниеден өткен әкесінің құрметіне «Ғайни» шаруашылығын құрған. Қазір 100 шақты қазақтың ақ бас сиырын өсіруде. Бір мың бас қаз өсіріп көріп, құс ұстаудың тиімділігін бағамдады. Сөйтіп, құс фермасын дуальды оқыту жүйесі шеңберінде Шыңғырлау колледжінің оқушылары көмегімен салып алды. Тауықтан мол жұмыртқа алу үшін электр қуаты қажет. Оған мұндай жобаны аудан әкімі Алдияр Халелов ұсынып, баламалы электр көздері жабдығымен жабдықтаушы компанияны да тауып беріпті. Электр қуатымен қамтитын қондырғының күн тақтайшалары жұмыс істеп, үйжайдың қуат қажеттілігін өтеуде. Әзірге жел генераторы іске қосылмаған, ол құс фермасымен бірге жұмыс істейді.

— Жабдықтарды «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке 13,4 пайызбен 10 жылға алдым. Жақын маңдағы трансформатордан электр желісін тартқым келген, есептесем, 100 миллион теңгеге шығады екен. Мына станса 8 млн. 200 мың теңгеге шықты, соның 20 пайызын өз қалтамнан қостым. Алты айдан кейін несиелік қарыздың пайыздық мөлшерлемесінің 7 пайызын мемлекет, 6 пайызын өзім төлеймін. Құс фермасына Светлана Маутеева басшылық жасайтын «Нұр» шаруа қожалығынан 1,5 мың балапан алуға келістім. Негізі фермам 3 мың бас тауық өсіруге арналған. Тауықты бірте-бірте көбейту, қаз, күркетауық өсіру жоспарымда бар, — деді Жасқайрат Ғайниұлы.

Кеңестік дәуірде аудан орталығынан 25 шақырымдағы Қарасу қыстағы  ақтылы қой өсіріп, 100 бастан 150-ден төл алған Со-циалистік Еңбек Ері Төлеуғали Нұрғалиевтің құтты қонысы болыпты. Соны еске алған Жасқайрат Айсиев осы жердің өзіне тек жақсылық әкелеріне сенімді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»,

Шыңғырлау ауданы