13.06.2015, 8:11
Қараулар: 29
Ол осындай еді

Ол осындай еді

арон тулакбаев-с


Әкеміз Арон Тулақбаев 1926 жылы Жаңақала ауданында өмірге келіпті. 1944 жылы әскер қатарына шақырылған. Майданда қатардағы сарбаздан бөлімше сардарына дейін өсіп, аға сержант шенінде соғысты аяқтады. Одан соң Берлин қаласының әскери комендатурасында қызмет етті.


Жалпы, Ұлы Отан соғысы – сол кезде өмір сүрген адамдардың бойындағы елдіктің, ерліктің, барлық адами қасиеттердің жарқын үлгісін көрсеткен кезең іспеттес. Соғысқа қатысқан әр майдангердің болмысынан табылатын осы ерекшеліктерді әкеміздің өнегесінен өмір бойы сезінетінбіз.

Жауынгерлік ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендері және толып жатқан өңірге тағар белгілермен марапатталды. Елге оралғасын, абзал әке бел шешпестен, бейбіт еңбекке кірісіп кетті. Үйленіп, жеке отау тікті. Жұбайы Күләй Хамзақызы екеуі өмірге 6 ұл, 4 қыз әкеліп, ішінде өзім де бармын, бәрімізге тамаша тәрбие мен білім берді. Әкеміз бізге әрдайым: «Елге, қоғамға адал қызмет етіңдер. Пайда ойлама, арды ойла. Ешкімге қиянат жасамаңдар» деуден жалықпайтын. Өзі соғыстан бөлек, бейбіт өмірдің де ащы-тұщысын көп көрді. Бірақ ешқашан мойыған емес. Абзал жанның мына сөздері мәңгілік есімде қалыпты: «Біз соғыста өмір мен өлімнің арпалысын көрдік. Бейбіт тіршілікті армандадық. Өмірдің мәні мен құндылығы байлықта (пәтер, көлік, ақша т.б.) емес, адалдықта, ұрпақта, тату-тәтті  сыйластықта».

Балаларына да талапшыл еді. Әлі есімде, кіші інім Қиыр Шығыста азаматтық борышын өтеп жатқан. Бірде хатында әскери бөлімшесінде азын-аулақ кикілжің болып, арты төбелеске ұласып, сол үшін әбігерге түсіп жатқанын жазды. Алдындағы төрт ағасы әскери парызын ың-шыңсыз атқарып келді. Біз үшін мына жәйт тосын болып, уайымдағанымыз рас. Сонда әкеміз: «Егер кінәлі болса, өзі жауабын берсін!» деген-ді. Көп ұзамай жеделхат келіп, істің әскери трибуналға баруы мүмкіндігі де айтылды. Әкеміз амалсыздан  ұшақпен Қиыр Шығысқа шұғыл ұшты. Барған соң, бөлімше сардары баласына жолықтырды. Алайда әкеміз баласын ақтамай, оған ұрсып, жәбір көрген өзбек баласынан кешірім сұратты. Әрі халықтар достығын бағалау қажеттігін есіне салды. Кешегі екінші дүниежүзілік қырғында Кеңес елінің Жеңісі сан  ұлт  өкілінің  бірлігі, бір-біріне деген алқаусыз  сенімі  мен  сыйластығы  арқасында  келгенін шегелеп  айтты. Сондықтан оған сардарлар ерекше риза болып,  Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде әскери борышын атқарып жатқан сарбаздармен кездесу ұйымдастырып, оны құрметпен елге шығарып салған.

Әке ретінде бәрімізді аялап сүйсе де, ешкімді шектен тыс шолжаңдатып көрген емес. Сондықтан бойымыздағы барлық жақсы қасиеттер үшін біз бірінші кезекте әкемізге, содан соң анамызға қарыздармыз. Сол қасиеттердің бірі болса да, бірегейі – Отанға шексіз сүйіспеншілік. Демек, бүгінгі жастар да сол майдангер аталары сияқты туған жерін, елін сүйе білсе,  қандай  жақсы!

Зылиха  АРОНҚЫЗЫ,

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі,

ардагер-ұстаз,

Орал  қаласы


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар