13.06.2015, 8:07
Қараулар: 62
Туған жерін түлеткен

Туған жерін түлеткен

45638


Өлшеулі өмірде адалдықтың ақ жолынан таймай, азаматтық пен адамгершіліктің жүгін тең көтеріп, кез келген қиындықты жеңе білген абзал ағаның бірі Мәди Мусиннің де қайтыс болғанына жақында қырық күн болады.


1931 жылы жарық дүниеге көрінген Мәди аға – балалық шағын соғыс шарпыған, ал жалын жастық жылдарын соғыс қиратқан халық шаруашылығын қалпына келтіруге арнаған толқынның өкілі.

Ақын Жарасқан Әбдірашев айтқандай, әке десе – ауылы, ауыл десе – әкесі есіне оралатын перзенттік жүрегі дамылсыз соққан ұрпақтарын да Қарауылтөбе ауылының үлкен-кішісі күтіп алып, көңіл айтып, жұбатты.

Ата-ананың мейірімі мен талапқойғыштығы, еңбеккерлігінің арқасында ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешуді үйрете білген Мәди аға мен ұстаздардың ұстазы Тойғаным апай тәрбиелеген екі ұл, төрт қыз өмірден өз жолдарын тауып, немере-жиендерін өсіріп, отбасы үшін үлкен мәртебе, зор мақтанышқа айналды.

Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, халықтың қамқоршысы, ел ағасы болды.

Мәди аға еңбек жолын қатардағы мал дәрігерінен бастап, “Есенсай”, “Орал” қаракүл совхоздары партия комитетінің хатшысы, бас мал дәрігері, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, “Орал”, КСРО-ның 50 жылдығы атындағы совхоздарының директоры қызметтерін абыроймен атқарып, халық сайлаған депутаты болды. Осы жылдары жаңа бастамалар, игі шаралар жүзеге асты. М. Мусин басқарған жылдары шаруашылық экономикасы өркендеп, тұрғын үй, мәдени-әлеуметтік саланың күрделі құрылыс жұмыстары қанат жайды. Сол еңбегі жоғары бағаланып, Қазан революциясы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медаль, грамоталармен марапатталып, Ақжайық ауданының құрмет-ті азаматы атанды.

Жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жаңа үлгідегі аурухана, балабақша да Мәди аға басқарған кеңшарда бой көтерді.

Ол өзінің ақыл-парасатын ауылдың, ауданның өркениетті жан-жақты дамуына, кемелденуіне жұмсап, ел мүддесі алдындағы парызын абыроймен орындады. Ауылдың халқы қалаға үдере көшкенде де Мәди аға елдің ортасында болды.

Әке – әркімге де асқар тау, ана – өмір сыйлап, нәр берер бұлақ, баласы – жағасындағы балауса құрақ. Балауса құрақтың өсіп қатаюы, шыбықтың шыңдағы шынар болып өсуі, балапаны өз елінің аспанында қалықтар қыранға айналуы – әр әкенің арманы. Мәди аға осы арманға жеткен, елге елеулі, халыққа қалаулы, өнегелі өмір сүрген, ісімен, ұрпағымен із қалдырған абзал азамат.

Мәди ағаның бейнесі халқының, отбасының есінде ұзақ сақталатын болады.

Айболат СЕЙТАҚОВ,

Орал қаласы


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар