11.06.2015, 8:07
Қараулар: 6
Спорт саласында жетістігіміз КӨҢІЛ ҚУАНТАРЛЫҚ

Спорт саласында жетістігіміз КӨҢІЛ ҚУАНТАРЛЫҚ

DSC_0656


Сейсенбі күні «Қазақстан-Орал» РТРК кешенінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет журналистермен брифинг өткізді.


Шарада дені сау ұрпақ тәрбиелеу, халықтың дене белсенділігін арттыру, дене шынықтыру және спорт құралдары арқылы адамның өмір жасын ұзарту мәселелері сөз болды.

Білікті спортшыларды дайындауда басқарма көптеген  шараларды жүзеге асырып келеді. 2014 жылы 24543 адамның қатысуымен 416 спорттық шара өтсе, 2015 жылдың 5 айында 100 бұқаралық спорттық шара өткізіліп, оған 10394 адам қатысты. 2014 жылғы мәлімет бойынша, спортпен 150287 адам тұрақты шұғылданады, яғни ол жалпы облыс тұрғындарының 23,9%-ын құрап отыр. 2015 жылы облыстағы спорт пен дене шынықтыру салаларын дамытуға бюджеттен 2,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Спорттық шаралардың жүйелі, нәтижелі  өтуіне орай, спортты серік етуге бетбұрыс жасаған жандар қатарының көбейгенін байқауға болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын мерекелеу аясында әр түрлі ұжым қызметкерлерінің қатысуымен шаңғы жарысы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай әйелдер мен ерлер арасында дзюдодан  VI халықаралық турнир, Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» атты ересектер арасында қазақ күресінен облыстық іріктеу турнирі ұйымдастырылды. Облыстағы мамандандырылған спорт мектептерінде,  спорт клубтарында 11184 жеткіншек жаттығуда. Сондай-ақ мектеп оқушыларының футбол, волейбол, баскетбол, шағын футболдан мектеп лигасын өткізу игі дәстүрге айналды.

Биыл мектептерде өткен волейбол лигаларына шамамен 300 оқушы қатысты. Алдағы күз айларына таман мектеп, колледждерде баскетбол, шағын футболдан спорттық жарыстар өткізіп, 1500 оқушы мен студентті қамту жоспарлануда. Өркениетті қоғам құруға бағыт алған мемлекетімізде денсаулық жағдайлары бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп, толыққанды өмір сүруі, спортпен шұғылдануы және денсаулығын шынықтыру үшін жағдайлар жасалып отыр. Жоспарға сай мүмкіндігі шектеулі жандар отырып волейбол ойнаудан, жүзуден жарыстарға тұрақты қатысып, өз үлестерін қосып келеді. Жуырда Зашаған кентіндегі 320 көрермендік дене шынықтыру кешенінің жанынан мүмкіндігі шектеулі жандарға спорт клубы салынбақ. Көп ұзамай бұл кешеннің тұсауын кесетін боламыз.

Сырым ауданының Жымпиты ауылында, Қаратөбе ауданының Қаратөбе ауылында 160 көрермендік орны бар дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынды. Облыстық мәслихаттың шешімімен 4 спорт кешенін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. 2014 жылы облыс орталығындағы теннис кешені, Деркөл кентіндегі дене шынықтыру және сауықтыру кешені іске қосылып, ат спорты балалар-жасөспірімдер спорт мектебі күрделі жөндеуден өтті. Халықтың спортқа сұранысын қанағаттандыру үшін мемлекеттік және мемлекеттік  емес мекемелердің ынтымақтастығы маңызды. Ел игілігіне арналған шараларға жұмыла атсалысқанда ғана еңбегіміз нәтижелі болмақ, – деді басқарма басшысы Азамат Бекет.

Брифингте басқарма басшысы  БАҚ  өкілдерінің қойған  сауалдарына  жауап қайтарды.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар