11.06.2015, 7:56
Қараулар: 7
«ҚР Ұлттық Банкі» РММ Батыс Қазақстан филиалының директоры Ғалия САТЫБАЛДИНА: «Сақтандыру компанияларын ТАҢДАУ ҚҰҚЫ ТҰТЫНУШЫНЫҢ ЕРКІНДЕ»

«ҚР Ұлттық Банкі» РММ Батыс Қазақстан филиалының директоры Ғалия САТЫБАЛДИНА: «Сақтандыру компанияларын ТАҢДАУ ҚҰҚЫ ТҰТЫНУШЫНЫҢ ЕРКІНДЕ»

getImage галия сатыбалдина


Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру еліміздің азаматтары мен сақтандыру компаниялары арасында кең таралғаны мәлім. Бүгінде елімізде сақтандыру нарығында бірқалыпты өсу қарқыны байқалады. Міндетті автосақтандыру, сақтандыру төлемдері және азаматтық құқықтық жауапкершілігін (АҚЖ) сақтандыруға қатысты өзге де сұрақтарға «ҚР Ұлттық Банкі» РММ Батыс Қазақстан филиалының директоры Ғалия Сатыбалдина төмендегідей әңгімеледі.


— Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру (МАҚЖ) бойынша негізгі аспектілер «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заңында көрсетілген. Заңға сәйкес көлік құралының иесі МАҚЖ шарты болмаған күнде өзінің көлік құралын жүргізе алмайды.

Көлiк құралдарын пайдалану нәтижесiнде өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне зиян келтiрiлген үшiншi тұлғалардың мүліктік мүдделерiн қорғауды сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етіледі. Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың басты мақсаты да осы болып табылады.

– Сонда заң бойынша барлық көлік құралдары міндетті сақтандырылуы керек қой?

– Мүлікті сақтандыру мен МАҚЖ сақтандырудың әр түрлі екенін  атап өткен жөн. Сақтандырудың берілген түрінің нысаны болып жоғары қауіп көзі ретінде көлік құралын пайдалану нәтижесінде еліміздің азаматтық заңнамасымен бекітілген міндетімен үшінші тұлғаларға келтірілген залалды өтеумен байланысты сақтандырылған тұлғаның мүліктік қызығушылығы  болып  табылады.

Заңның 5-бабына сәйкес жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлiмшелерiнде тiркелген (мемлекеттiк тiркеуге жататын) жеңiл, жүк автомобильдері, автобустар, шағын автобустар және олар-дың негiзiнде жасалған көлiк құралдары, мотокөлiк пен олардың тiркемелерi (жартылай тiркемелерi), сондай-ақ трамвайлар мен троллейбустар; еліміздің аумағына уақытша енген (әкелiнген) көлiк құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі міндетті сақтандырылуға жатады. Сондай-ақ жасаушы ұйымдардан, жөндеу және сауда ұйымдарынан, кедендік бақылау құрылымдарынан тіркеу орнына өз бетінше жүргізіліп әкелінетін, сондай-ақ жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлімшесі көлік иесінің тұрғылықты жерінің өзгеруіне немесе меншік құқығының өзгеруіне байланысты тіркеуден шығарған көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі міндетті сақтандырылуға жатады.

– Мысалға, азаматтың бірнеше көлік құралы бар делік, сонда иегер әр көлік құралы үшін жауапкершілікті сақтандыруы тиіс пе?

– Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын жасасу тәртібі жоғарыда аталған заңда қарас-тырылған. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттары стандартты және кешенді болып бөлінеді. Стандартты шарт бойынша бiр немесе бiрнеше көлiк иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершілiгi сақтандырылуы мүмкiн. Стандартты шарт сақтандырушының сақтанушыға (сақтандырылушыға) пайдаланылатын көлiк құралының әр бiрлiгiне жеке сақтандыру полисiн беру жолымен жасалады. Сақтандыру полисiнде сақтанушы (сақтандырылушы, сақтандыры-лушылар) және пайдаланылатын көлiк құралы туралы мәлiметтер болуға тиiс.

Кешендi шарт бойынша екi және одан да көп көлiк құралы бiрлiгiнiң иесi болып табылатын жеке тұлғаның азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi сақтандырылады. Кешендi шарт сақтандырушының сақтанушыға (сақтандырылушыға) пайдаланылатын барлық көлiк құралдарына сақтандыру полисiн беру жолымен жасалады.

– Ғалия Камшатқызы, кейде несие рәсімдеген кезде, банк менеджерлері автокөлік құралдарын олармен үлестес сақтандыру ұйымдарында сақтандыруды ұсынып жатады. Осындай жағдайда  не  істеу  қажет?

– Еліміздің «Банктер және банктік қызметтер туралы» заңына енгізілген өзгертулерге сәйкес, банктерге тұтынушыға өздерімен еншілес компаниялардың қызметін мәжбүрлеп ұсынуға тыйым салынған. Аталмыш заңда көрсетілгендей, сақтандыру компанияларын таңдау және бас тарту құқы тұтынушының еркінде.

Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру шарты мiндеттi сақтандырудың осы түрi (сыныбы) бойынша қызметтi жүзеге асыру құқығына арналған лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалуға тиiс.

– Сақтандыру жағдайы орын алған кезде, қандай шаралар қолдану қажет?

– Мұндай жағдайда жәбірленушіге төлем осы оқиға сақтандыру жағдайы болып табылатын болса төленеді, яғни алдымен сақтандыру компаниясына уақтылы жазбаша хабарлау керек. «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заңның 25-бабына сәйкес тиісті құжаттарды ұсынып, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органға жол-көлік апаты жөнінде уақытында хабарлау қажет.

– Сақтандыру компаниясымен келісе алмаған жағдайда бақылаушы функциялары шеңберінде ҚР Ұлттық Банктің филиалына хабарласуға бола ма?

– Әрине, талас тудыратын сауалдар туындаған жағдайда, қаржылық қызметтерді тұтынушы ҚР Ұлттық Банктің филиалына жолығуға құқылы. Филиалда қаржы ұйымдарын бақылау және қаржы қызметтерін тұтынушылар құқықтарын қорғау бөлімі жұмыс істеуде. Оның негізгі мақсаттарының бірі – қаржы қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау. Сондай-ақ «ҚР Ұлттық Банкі» РММ Батыс Қазақстан филиалында қоғамдық қабылдау жұмысы ұйымдастырылды. Қоғамдық қабылдаудың жұмыс кестесі дүйсенбіден бастап жұмаға дейін таңертеңгі сағат 10.00-ден кешкі сағат 17.00-ге  дейін. «ҚР Ұлттық Банкі» РММ-ның Батыс Қазақстан филиалы Орал қаласы, Досмұхамедов көшесі 16/1, мекенжайы бойынша орналасқан және телефоны:  50-44-38, электрондық поштасы: ura_80@nationalbank.kz.

– Ғалия Камшатқызы, заңнамада сақтандыру омбудсманы қарастырылған, ол қандай қызмет атқарады?

– Заңға сәйкес көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарттарынан туындайтын өзара қарым-қатынастарды реттеудi жүзеге асыратын, өз қызметiнде тәуелсiз жеке тұлға сақтандыру омбудсманы болып табылады.

Сақтандыру омбудсманының сақтанушы (пайда алушы) мен сақтандырушы арасындағы өзара қарым-қатынастар туралы шешiмi сақтанушы (пайда алушы) сақтандыру омбудсманының шешiмiн қабылдаған жағдайда сақтандырушы үшiн мiндеттi болады. Сақтанушы (пайда алушы) сақтандыру омбудсманының шешiмiмен келiспеген жағдайда, заңнамаға сәйкес өз құқығын қорғау үшiн сотқа жүгiнуге құқылы. Бұл ретте сақтанушы (пайда алушы) үшiн сақтандыру омбудсманының шешiмiн орындау мiндеттi болып табылмайды. Сақтандыру омбудсманының қызметi туралы ақпаратты ҚР Ұлттық Банктің сайтынан табуға болады.

Сұхбаттасқан

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар