11.06.2015, 7:52
Қараулар: 24
Отандық дәрі-дәрмекке ҚЫРЫН ҚАРАМАЙЫҚ

Отандық дәрі-дәрмекке ҚЫРЫН ҚАРАМАЙЫҚ

2013-811


Қазір медицинаның қарыштап дамуы бұдан бұрынғы жылдармен салыстырғанда аса қарқынды. Мәселен, бұрын жүрек-қан тамыры, өкпе және басқа дерттер  емге көнбейтін не ұзақ емделуді қажет ететін. Бүгінде дәрігер адам ағзасындағы қан тамырына дейін  алмастыратын дәрежеге жетті. Алайда соған қарамастан медициналық қызмет пен дәрі-дәрмекті бақылау да назардан тыс қалмауы тиіс. Өйткені адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі қашанда күн тәртібінен түспейді.


Сондықтан осы мәселеге орай, облыстық медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің директоры Жанболат Иманғалиевке жолыққанды жөн көрдік. Кездесудің алғашқы тақырыбы – облыстағы дәріханалар мен ауруханалардағы дәрі-дәрмектің сапасы, оны қолдану жәйі. Жанболат Ғайнешұлының сөзінен ұққанымыз — қазір Жайық өңірінде 420 дәріхана бар. Соның 210-ы Орал қаласында. Дәріханалардың басым көпшілігі жеке меншіктің егесінде. Елбасымыз Н. Назарбаевтың жеке меншік нысандарын тексеруге шектеу қоюына байланысты дәріханалар жоспарлы түрде тексеруге жатпайды. Тек халық тарапынан арыз-шағым түскенде болмаса. Әзірге дәрінің сапасына немесе одан адамдардың улануы және басқа да қатерлі жағдаят хақында тіркелген арыз-шағым болған емес.

Рас, аталмыш департамент қызметкерлері ауруханалар ішінде орналасқан дәріханаларды ұдайы тексеруге құқылы. Сондай тексерудің барысында пайдалану мерзімі өтіп кеткен немесе рұқсаты (лицензия) жоқ дәрі-дәрмектің сатылғандығы не сақталғандығы анықталған. Аталмыш жағдаяттарға байланысты талай ескерту жасалды және айыппұл салынды.

Бақылаушы құзырлы орын басшысының айтуынша, дәріханадағы дәрі-дәрмек және өзге де тауарлар Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіркелімінде болуы міндетті. Әрі әр дәрі-дәрмектің екі тілде (қазақ, орыс) жазылған мазмұндамасы (аннотация) да болуы қажет. Сапа сертификаты өз алдына. Алайда осы талаптар үнемі сақтала бермейді. Кейбір дәріханаларда көршілес Ресейден әкелінген тіркелімде жоқ, мазмұндамасы болмайтын және басқа да талапқа сай келмейтін дәрі-дәрмек сату тыйылмай келеді. Әрине, анықталған жағдайда оларға да қарсы шаралар қолданылып жүр. Өкініштісі сол, оған қарамастан, жоғарыда көрсетілген келеңсіз жағдаят әлі де орын алуда. — Әсіресе, кодейнқұрамды дәрі тек қатаң түрде рецептімен берілуі керек. Өйткені оған есірткіқұмарлар айрықша үйір. Себебі кодейнқұрамды заттар есірткіні қолдан жасауға қажет екен. Ал соны кейбір дәріхана қызметкерлері біле тұра, жасырын сатып жібереді. Мұның өзі біздің құқық қорғау қызметкерлерімен бірге жүйелі жүргізетін «Антидопинг» үдерімінде анықталуда. Ондай жағдайда дәріханаларға айыппұл салынады, кейде ісі сотқа жолданады, — дейді Жанболат Ғайнешұлы.

Шетелдік және отандық дәрі-дәрмектің арақатынасы қандай?

— Бізде жылдар бойы шетелдік өнімнің отандық тап сондай мақсатта қолданылатын дәрі-дәрмектен «артықшылығы» қақында көзқарас қалыптасқан. Мүлдем қате түсінік. Басқаны қайдам, әйтеуір, дәрі-дәрмекке келсек, отандық өнімнің сапасы шетелдікпен бірдей, кейде одан да артық. Ең бастысы — бағасы арзан. Неге? Қазір еліміздің Алматы, Қарағанды, Павлодар, Шымкент қалаларындағы дәрі-дәрмек цехтары, біріншіден, тек шетелдік, заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған, сондықтан өнім сапасының халықаралық стандартқа сәйкес шығарылуы қатаң бақылауда. Демек, өнім өздеріне балама кез келген шетелдік дәрі-дәрмекпен емін-еркін бәсекелесе алады. Ал сол цехтарда антибиотик, жақпадан (мазь) бастап, ине мен дәкеге дейін өндіріледі. Рас, әзірге олар Отанымыздағы дәрі-дәрмек нарығын елу пайыз қамтамасыз ете қоймаған да шығар. Егер арада жылдар өтіп, аталмыш цехтар біртіндеп зауытқа айналғасын, Елбасымыз Н. Назарбаевтың бір тапсырмасының орындаларына сенеміз. Білетінім, отандық өнімді біздің ауруханалар ықыласпен сатып алып жатыр. Күні бүгінге дейін сапасына байланысты шағым түспеген. Әзірге дәрі-дәрмек нарығындағы ахуал осындай, — дейді Ж. Иманғалиев. Сондай-ақ өңіріміздегі «Талап» АҚ-ға қарасты және өзге де жеке меншік дәріханалардың сапалы жұмысын атап көрсеткен орынды.

Бас бақылаушының пайымдауынша, «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ескерген дұрыс». Әр адам денсаулығына қатаң жауапкершілікпен қараса, дәрі-дәрмектің де, емделудің де қажеті болмас еді. Соның ішінде сусақ, гипертония және басқа дерттердің алдын алуға болады немесе науқастанғанның өзінде күтініп, зиянды әдеттерден аулақ жүріп, сақтанған адам денсаулығын да, өмірін де қорғай алады. Енді мемлекет тарапынан берілетін тегін дәрі-дәрмек жайына келсек, бұл іс қалыпты. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің сонау жылдары беркіткен, соны алуға құқылы жандардың тізімі, дәрі-дәрмектің мөлшері, көлемі, мерзімі анықталған. Тізім жыл сайын жаңартылып отырылады. Тегін дәрілер сусақ, демікпе, жүрек-қан тамыры және басқа дерттерге байланысты ұсынылады. Тағы бір айтарымыз, онда белгілі бір науқасқа тегін берілетін дәрінің түріне дейін анық көрсетіледі. Оның ішіне екпе де, сұйық та, түйір де дәрілер енгізіліпті.

Дәрігерлік қызметті бақылау хақында. Жасыратыны жоқ, оған қатысты арыз-шағым бар. Былтыр осы мекемеге түскен барлық шағымның 11 пайызы негізді болып шықты. Жартысы ішінара негізді болған. Қалғаны еш негізсіз болғанның өзінде, әлі де адамдарға медициналық қызмет көрсетуде олқылық бар. Көбіне пациенттер дәрігердің дөрекілігіне, көрсетілген қызметтің сапасының төмендігіне наразы. Шағым ересекке де, балаға да қатысты айтылып және жазылып жатады. Сөз жоқ, шағым мезгілінде қаралып, тиісті шара алынуда. Ал оны қалай азайтуға не жоюға болады?

— Міне, осы мақсатта барлық медициналық мекемелер, соның ішінде ауруханаларда ішкі аудит немесе пациентті қолдау қызметі ашылуда. Олар сол мекемеден тыс арнаулы мамандармен қамтылған.Мақсат – медициналық қызметтің сапасын арттыру, негізді және негізсіз арыз-шағымның алдын алу және басқасы. Осы қызметтің келешегінен белгілі бір нәтиже күтіп отырған жайымыз бар, — дейді Жанболат Ғайнешұлы.

Енді көрсеткішті сөйлетсек, жылдың өткен үш айында жалпы 54 тексеріс жүргізілсе, соның 52-сі жоспар бойынша. Сол үш айда 31 жүгіну болған. — Кейбір күрделі жағдайда, әсіресе, дәрігерлік қызметті тексеруге жасалған сараптаманы тәуелсіз сарапшы екшейді. Сол үшін Отанымыздың бас қаласы Астанадағы тәуелсіз медициналық сарапшылар бірлестігіне жүгінеміз. Осы мақсатқа ойналған тендер бойынша біресе Алматы, біресе Астана қаласынан мамандар шақыртылып жатады. Әзірге олардың тұжырымдамасына ешқандай қарсылық болған жоқ, — деді сөз соңында Ж. Иманғалиев.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

“Орал өңірі”


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар