11.06.2015, 7:27
Қараулар: 15
Қайыр ҚҰРАҚҰЛАН Ата-бабалардың бізге қалдырған аманаты, мирасы

Қайыр ҚҰРАҚҰЛАН Ата-бабалардың бізге қалдырған аманаты, мирасы

Кайыр Куракулан

Педагогика саласының ардагері, ұзақ жылдар жоғары оқу орындарында математикадан дәріс оқыған ұстаз, бірнеше прозалық жинақтың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бекзат болмысты дегдар азамат Қайыр Құрақұланның (Бектұрғанов) өмірден озғанына да 40 күннің жүзі болып қалыпты. Жер бетіндегі жақсылықты көбейтер көркем мінез, елдің мүддесіне, дін-ділге һәм туған тілге адалдық, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау, Отан-анаға қалтқысыз қызмет етер қайраткер қалыптастыру секілді көкейкесті тақырыптарды  өмір бойы қаузаған қаламгердің соңында кеудесінде шамы бар жанның кәдесіне жарар рухани мұра қалды. Ақ сөйлеп, адалдықтан ауытқымай өмір сүруді ғұмырының басты ұстанымына айналдырған, шығармашылығына асқақ гуманизмді өзек еткен Қайыр ағаның кете-кеткенше қолынан қаламы түскен жоқ. Бүгін назарларыңызға ұсынып отырған үшбу мақала – жазушы Құрақұланның соңғы дүниесі.

Соңғы  кездері денсаулығыңыздың сыр бергенін сезсек те, сіздей жақсы кісі, жайсаң ағаның көз алдымызда әлі біраз жыл жүре тұрғанын қалап едік. Бірақ енді «Жазмышқа не шара, Жаратқанға да жақсы кісі керек көрінеді» деп өзімізді өзіміз жұбатуға мәжбүрміз.

Жатқан жеріңіз жарық болсын, аға…

Сізге деген сарқылмайтын сағынышпен, қаламдас ініңіз Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН


Кейде отырып көңілсіз ойға қаласың. Сол ұзынсонар сарынның бір бекеті – «Қайран ана тіліміздің ертеңі не болар екен?» деген толғаныс. «Аумалы-төкпелі қоғам өміріне, жеке адамдардың кейде оң, кейде теріс іс-әрекетіне, тірлігіне байланысты тіліміздің ұрынуы мүмкін  талайы мен тағдыры нешік?.. Ақырында ол не күйге түсіп, қай қиырдан барып шығар екен?!» деген ой иірімдері. Бұл жерде мәселе осы жолдар авторының тілге, көркем сөзге қатысы, таласы барлығында емес. Меніңше, қасиетті ана тіліміздің тағдыры, бүгіні мен ертеңі, ер болсын, әйел болсын, саналы, бұл күнде біршама білімді адамды – ұлтымыздың өкілін – бейжай қалдырмауға тиіс. Себебі тіліміздің бүгінгі жай-күйі, биік талап тұрғысынан, жалпы алғанда мәз емес. Алдымен, алдыңғы (бізден де бұрынғы) буындардың, солардың ішінде білім деңгейі әлі де мәз еместерінің тарапынан кеткен қателіктер бар (мысалы, бүгінгі таңда тіліміздің «дарылдап» тұрғаны – зат есімге көптік жалғаулардың шамадан тыс жиі, оңды-солды телінуі – солардан қалған «мұра»). Содан соң тілге бүгінгілер де кейде өте салғырт, жауапсыз қарайды:  түйткілді нәрсені әуелі байыбына бара зерттеп, жүйелеп алмай, асығыс жасалған шикі тұжырымды тезірек өткізгісі, айналымға шығарғысы келіп тықпалайды; қалай-солай жаңа сөз жасайды; тілдің сан ғасыр бойы қалыптасқан нормаларын бұзуға тырысады т.т. Қала берді, қазақ тілінің қолданыстағы емлесі де оңып тұрған жоқ. Дұрысы – емле, оның тиянақталған ережелері бар (оларды ішінара қайта қарап, толықтыру, жетілдіру керек делініп жатса – бұл тіпті басқа бағыттағы әңгіме), ал біз күнделікті тәжірибемізде сол ережелерді сақтамаймыз, дұрыс пайдаланбаймыз. Басқа тыныс белгілерін былай қойғанда, тіпті өте жиі пайдаланылатын, сондықтан қалам ұстаған ағайынның барлығына да қыр-сыры әлдеқашаннан қанық, етене болуға тиіс үтірдің өзін кейде кез келген ретсіз жерге ұра саламыз. Ақын-жазушыларымыздың өзі сөйтеді, қалғандарға не жорық! Әсіресе, ақындар, көбінесе,  шумақты (куплетті) нүктемен тұйықтайды да, қалған жолдардың барлығына, сол мақсатта, бір-бір нүктеден үлестіреді. Ал шындығында, өлең мен қара сөз емлеге қатысты бірдей заңдылықтармен жазылуға тиіс емес пе? Енді қос нүкте, үтірлі нүкте, тире, тырнақша сияқты тыныс белгілерін сауатты делініп жүрген қазақтың жазуынан да кездестіріп жарымайсың.

Ал орыс тілінде сауатты жазылған сөйлемдердегі әр тыныс белгісі өзінің сол жерде не үшін тұрғанын «біледі» және қажет болса, егжей-тегжей «түсіндіріп бере» алады. А. Чехов есімді бейнетқор, емле қателерін қоса есептеп: «Әр бетінде екі қате кеткен кітап – нашар кітап», — деген екен. Осылай болғанда, бізде қалай екен сауаттылығымызды бұлайша биік талап тұрғысынан бағалау жағы?

Бұл әттеген-айдың, қамсыздығымыздың екінші жағы бар.

Қазірдің өзінде Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің ішінде қазақша үйренуге,  біздің ана тілімізде оқып-жазуға тырысып жүргендердің саны көбейіп келеді; бұл үрдіс біртіндеп қашық шетелдерге де таралуы тиіс. Сонда олар: «Ойбай, мына біз тілін үйренеміз деп жүрген қазақтарың, басқасын былай қойғанда, тілінің грамматикасы мен емлесі қалыптасып, орнығып, етене болып үлгермеген шала сауатты халық екен ғой!» — деп жүрсе, не бетімізді айтамыз? Осы жағын мүлде естен шығарып, әдетімізше бұған да қолды бір сілтесек, біз жалпы келешегі айқын ұлтпыз ба?!

Алайда… жазудағы сауаттылық қанша маңызды болғанымен, оған қатысты мазасыз ойымызды осымен тежей тұрып, ауызша тілге оралайық. Себебі мына  оқып отырған мақаланың негізгі мақсаты да сол күнделікті ауызекі тіліміздегі кейбір өзгерістер, осы жолдардың авторын өте мазалап жүрген көрнеу сәтсіз бағыттар. Әсіресе, жаңа сөз жасау бағытында пайда болып, белең алып бара жатқан үш-төрт үрдіс. Автор соларды жүйелеп, өз пікірін білдірмек.

Соңғы кезде «Өмір-өзен» деп жиі айтылып жүр. Бұл дұрыс теңеу, және ол «өзен» тынымсыз ағып жатыр, оның тірлігіндегі құбылыстар күн өткен сайын өзгеруде және қарқын алуда. Онымен бірге тіл де дамиды, қорға жаңа сөздер көптеп қосылады, тың тіркестер пайда болады, кейбір көнергендері түрленеді не өшеді. Тілдің түрленуі мен дамуына байланысты әр түрлі көзқарастар тоқайласады, олар бірімен бірі күреседі. Нәтижесінде бірі озып, екіншісі кейін қалып жатады. Бұл енді біршама қиын, күрделі құбылыс болса керек. Бұл саладағы жетістігімізді бізден ешкім тартып алмайды. Әсіресе, сәтті жаңа сөз жасаудағы қаламгерлердің, оның ішінде ең алдымен «жарғақ құлағы жастыққа тимейтін» журналист ағайынның еңбегі өте үлкен. Қазір әлгі сөздерді түгендеп шыға алмайсың, және ол іс шағын мақала көтеретін жүк те емес. Гәп басқада. Гәп жаңа сөз жасау жолында кетіп жатқан кемшіліктерде. Солардың кейбірін тез қатерге алып, қам жасамасақ, кейін олардың зардабы, тілге тигізер зияны ауыр болуы мүмкін. Мен енді солардың менмұндалап тұрғандарының екі-үшеуіне жүйелі түрде тоқталмақпын.

Бірінші қатер – қазаққа етенелігі, туыстығы жоқ шет жұрттың әлдебір сөзін (кейде өз сөзімізді де) алып, оны өз мағынасынан мүлде айырып, басқа мағына беріп, осы жолмен «жаңа» сөз жасап, сосын оны жалаулатып насихаттау тенденциясы. Бұл орайда мен «толағай» сөзін алар едім. Әуелі, бұл сөз өзі қазаққа қайдан, қалай келді?

Оны қазақ топырағында алғаш пайдаланған адам – ұлы ақын Махамбет. Ол моңғолдың әбден қуарған бас сүйекті білдіретін «толгай» сөзін алып, оны жаңғыртып, қазақша дыбыстап, «…Қу толағай бастанбай / Ерлердің ісі бітер ме!» деп жырлады. Содан соң бұл сөз жүз отыз – жүз қырық жылдай еш пайдаланылмастан «бұғып жатып», өткен жиырмасыншы ғасырдың сол жетпісінші-сексенінші жылдарынан бастап па екен, «өте үлкен», «зор», «заңғар» мағынасында жаппай қолданыла бастады. Қаламгерлерімізді, мүмкін, сөздегі ылғи ашық дауысты дыбыстар еліктірді ме, әлде қазақтың «телегей» сөзіне ұқсастығы (іргедегі түрікмен ағайында теңіздің тентек мінезін бейнелейтін «түлегей» сөзі де бар) адастырды ма, әйтеуір бір түрткінің болғаны анық. Енді бұл сөз бұл күндері, бәлкім, басжібін үзіп, («шылбырын» деуді мағынасы ауысқан соң тіпті бұралқы болып кеткен өгей сөзге қимай отырмын), өз қорасына, табынына қайтарудан мүлде кеткен де шығар; өкінішті, әрине. Бұл жерде кейбір ағайынның: «Е, мейлі жүре берсін қазақтың мыңдаған сөзінің арасында. Бұл сөзде не тұр?» — деуі мүмкін. Алайда бұлай деу де, олай ойлау да мүлде дұрыс емес. Себебі бұндай келеңсіз құбылыс, қайталап айтсақ, өзінің қалыпты үрдіс, тенденцияға айналып кету мүмкіндігімен қауіпті. Егер біз кез келген қазақ тілімен арналаспайтын өгей тілден сөз барымталап, оған өзімізше жаңа мағына теліп, сосын оны оңды-солды пайдалана берсек, түптердің түбінде өз тіліміздің, қайран ана тілінің, тазалығынан, еректігінен не жұқына қалады?! Сондықтан бұл тәсіл бізді ұшпаққа шығармайды. Ал бірақ бізбен түбі бір түрік тектес халықтардың жөні бөлек, әрине. Олардан тек қана сөз базыналаумен шектелмей, сол тілдердің өздерін тереңірек біле түскен дұрыс. Болған бір жағдай: жақында теледидардан берілген бір хабарда «Азаматты ұшаққа дейін бес-алты жігіт, өзінің өңкей жора-жолдастары, шығарып салды» делініп қалды да, мен елең еттім. Себебі тағы да сол түрікмен ағайындарда «жора» сөзі дербес мағынаға ие: азамат пен азамат біріне-бірі «жолдас», ал ер адаммен сыйлас және онымен тұрғылас әйел адам оның «жорасы» ғана бола алады. Осы деректі күні бұрын білсе, жоғарыдағы хабардың авторы біз көрсеткен сөйлемін, мүмкін, басқаша құрар ма еді, қайтер еді?

Түрік тектес ірі ұлттардан басқа, Алтайда, Кавказда шағын халықтар, ағайындар бар. Адам саны аз демесеңіз, олардың тарихы да (демек, тілдері де) дәл қазақтікіндей терең. Сондықтан олар да еленбей қалмауы керек.

Иә, сонымен әлгі діттеген сөзіңіз түріктерден де, араб пен парсыдан да (бұл тілдер де бізге шет емес; қасиетті дініміз арқылы бұл тілдерден бізге енген сөздер қазірдің өзінде өте көп) табылмаса, тек сол жағдайда ғана табиғаты бөлек тілдерден іздеңіз. Жалғыз-ақ бұл жағдайда тапқан сөзіңізді, алдымен, Махаң сияқты, қазақ тілінің тезіне салып дыбыстаңыз және ең негізгісі – бұрынғы, яғни төл мағынасынан ажыратпаңыз. Менің өгей тіл деп отырғаным –  жоғарыда аталғандардан басқа тілдер; олардан қайыр шамалы. «Түрікмен-орыс сөздігінен» көп кейін, тағы да үлкен михнатпен, көлемі бұл жолы шағындау «Қалмақ – орыс сөздігін» қолға түсірдім. Бірақ бұдан енді мардымды ештеңе таппадым. Ішінара ортақ сөздер бар, алайда олардың екі тілдегі мағыналары екі бөлек (мысалы, «шовун» — «құс», «салхын» — «жел», «күн» — «кісі», «кір күн» — «бала» т.с.с). Сонда да, еңбегіме аздаған олжасыз да болмадым. Мысалы, қалмақта «Нарын» сөзі «күнгей (шуақты) жер», ал «Бұлан»- «тымық су» дегенді білдіреді екен.

Ең сорақысы сол – бізде, айдың-күннің аманында, өз тіліміздегі сөздердің мағынасын шатастыру кездеседі. Бұл тіпті өкінішті жәйт, әрине және мұны кер жалқаулық пен тағы да ана тілі-мізге жанашымастықпен ғана түсіндіруге болады. Мысалы, Сусамыр – жер атауы, Талас Алатауының шығысын алып жатқан біршама биік таулы алқап. Қайырмасы «Сусамыр – елдің жайлауы, Сөзің-нің бар ма байлауы?» деп келетін ән де белгілі. Ал енді біраз қаламгер ағайын осы «Сусамыр» сөзін «сахарный диабет» дертінің қазақша атауы етіп, «сусақ» сөзінің орнына пайдаланып жүр. Бұны қалай ақтауға болады?!

Мен жоғарыда түркілерді, парсы, араб тілдерін сөз еткенімде, жастардың кейбіреуін сол жолда, мүмкін, түртініп ізденуге ынталандырармын деп ойлап едім. Ал мына соңғы мысалдағыдай енжарлық ол үміттен мүлде түңілдіріп жіберетіндей ме, қалай өзі?

Екінші қатер – әркімнің белгілі ереже, тәсілдерге бағынбай, өз білгенінше құрап жаңа сөз жасауы. Бұл орайда мен ең алдымен «телевизия» сөзін алар едім. Бұл неғылған сөз өзі?! Не жартылай орысша «телевидениеге» келмейді, не ағылшынның сол мағынадағы «телевижніне» ұқсамайды. Екеуінің ұқсас бөлігін алып, арғы жағын «мәрзиялатып», «балзиялатып» жіберген (?!) Бұл шіркіннің өзінен бұрын пайда болған әжептәуір сәтті сөз «теледидардан» несі артық? Тағы да «телевизор» сөзі бар ғой десеңіз, оған басқа балама іздеңіз (ал маған салсаңыз, «теледидар» солардың екеуі үшін де жүре алады, яғни екі мағыналы сөз болар еді). Әйтпесе… жаңа сөз түзудегі дәл біз сөз етіп отырғанымыздай, ауа жайылу тағы да сол тенденцияға, қауіпті жаппай үрдіске айналып кетуі мүмкін.

Үшінші қатер… Бұл енді өте зардапты да салмақты, еш бітімгершілікке баруға болмайтын кесел. Кейбіреулердің бүкіл болмыс-бітіміміздің інжу-маржаны, барымыз да, нарымыз да – қасиетті ана тілімізге ревизия жасауға тырысуы (тырысуы да емес, тілдің мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан нормаларын шетінен қайта қарап, сол ревизияны іс жүзінде жасай бастағаны).

Бұл құбылыстың бүгінгі таңдағы ең елеулі көрінісі – «туылған» сөзінің тілімізге өпірем зорлықпен тықпалануы. Сонда бұл сөз өзі қалай, қашан шықты?

Ақиқатына жүгінсек, менің бұл сөзді бұрын да – көне жырлардың бірінен (бұл енді оны редакциялаған бергі адамның «еңбегі» де болуы мүмкін), сосын Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларының бірінен бе екен – кездестіргенім бар. Алайда ол кезде, ұлы тұлғалар Ахмет пен Әлиханның, беріректе Мұхтар мен Ғабиттің заманында, ондай өзегі шикі дызетпе «жаңалықтардың» бағы жанбауымен, сол бірер көрінулерімен қалса керек.

Мәселе өзі не нәрсеге тіреледі? Мәселе, ең алдымен, пендешілікке, әркімнің де жаны жаңалыққа құмартып тұратынына тіреледі. Ал сол тапқан бір түйір өзгешелеу нәрсесін білімге, білген үстіне тағы да біле түсуге құштар, парасатты адам әрмен қарай зерттеп, зерделей, тиянақтай түсуге тырысады да, ал білім-білігі тайыз, парасаты тапшы, оның үстіне даңғой, атаққұмарлау адам әлгіні күлдібалам, шикі күйінде желпілдетіп, жалаулатып, тезірек жария етуге, сөйтіп өзі жайлы «па, шіркін!» деген сөзді естуді армандап, тырысып тұрады. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында тілімізді «дарылдатып» жібергендер де осындай «дүмшелер». Ахаң (Байтұрсынов) сияқты тұлғалар дәл сол жылдары басымен қайғы болып жүріп, тілге түгел ие, қамқор бола алмай қалса керек; соны пайдаланып әлгілер білгенін істеген. Олар орыстың, мысалы, «две коровы» деп жазатынын көре салып, көккөз көршінің бұл жерде көпшенің емес, жекешенің ілік жалғауын пайдаланып «сиырдың екеуі» деп тұрғанын түсінбей, «Ойбай, көрдіңіз бе, орыс көкем «екі сиырлар» деп тұр ғой!» деп, қазақтың тіліне көптік жалғауларды селдете енгізушілер, міне, осындайлар. Ал енді осы соңғы жолы не болды дейсіз ғой? Соңғы жолы да, меніңше, зардапты микроб сияқты ешқашан біржола жойылмайтын, өмір сүре беретін, сол бұрынғыша ана тілінің кәусарына қанбаған, басқа тілдерден де шала-пұла ғана хабары бар баяғы әсіре жаңашылдардың «ұрпағы» орыстың қайтарымды етістік (возвратная форма глагола: «родился», «родилась») дегеніне кезігеді де: «Ойбай, біздің надан ата-бабаларымыз процестің жүретін бағытын шатастырыпты! Бұлай болмайды, бұл қатені тез түзету керек!» деп, тағы да алашапқын әрекетке көшеді. Сөйтіп, баяғы сұмырай сөз «туылған», енді бұл сапарында көп тойтарыс көрмей (әйтпесе, кейбірі тіпті академик, қарағайдай тілші-ғалымдарымыздың бұл келеңсіздікке әлі күнге дейін араласпай, үнсіз жатқанын қалай түсінуге болады?!), тілді ала тайдай бүлдіре бастайды. Ал шындығында, қателесуші ата-бабалар емес, әлгі желбуаздардың өзі. Олардың бұл жолғы тұжырымы – нақұрыстық; тек қана ойсыздық емес, оясыздық. Себебі жеке адам, қаншалықты данышпан бола берсін, кей кезде аяғын шалыс басуы мүмкін. Ал халық (миллиондар!) өз мирасында ешқашан қателеспейді! Себебі ата-бабалардың бізге қалдырған аманаты, мирасы – мыңдаған жылдарға жалғасқан синтездің жемісі, ең соңғы сығындысы.


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар