11.06.2015, 7:24
Қараулар: 22
Рамазан – КЕШІРІМ МЕН МЕЙІРІМ АЙЫ

Рамазан – КЕШІРІМ МЕН МЕЙІРІМ АЙЫ

IMG_6664


Кеше «Нұр Отан» партиясы ғимаратының  мәжіліс залында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов, облыстың бас имамы Руслан Сұлтанов БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз мәслихатының алдында ҚМДБ бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының Рамазан айы алдындағы халықты бірлікке, мейірімділікке шақырған үндеуі оқылды.  Қасиетті Құранда: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын» («Бақара» сүресі, 185-аят)  делінген.


Өз кезегімен сөз алған Сансызбай Шоқанов Рамазан айының қадір-қасиетіне тоқталып, ұлық айдың ерекшеліктерін атап өтті. «Рамазан айы – тақуалық айы. Бес парыздың бірі – оразаны денсаулық болса ұстаған жөн. Таңсәріден күн батқанға дейін ораза ұстаған жанның періштелік қасиеті арта түседі. Ораза ұстап, қасиетті айдың қадірін сезінсе, жігіттеріміз жігерлі, қыздарымыз сабырлы, еліміз төзімді бола түсер еді. Осындай игі істерге имамдар өзіміз бастап өнеге көрсетуіміз керек», — деді  Сансызбай Құрбанұлы.

Сондай-ақ рамазан айында мұсылмандар тек ауыз бекітіп, Тарауих намазы, Құранды хатым ету және басқалай  құлшылықтарды күшейтіп қана қоймай, адамзат баласын азғындықтан сақтап қалған қасиетті Құран түскен қасиетті айға деген ерекше құрмет ретінде  айналадағы мұқтаж жандарға қарайласып, араздасқан жақындарыңмен татуласып, туыс-бауырмен қарым-қатынасыңды нығайта түсудің де игі іс саналатыны туралы айтылды.

Облыстың бас имамы Руслан Сұлтанов биыл пітір садақа мөлшері еліміз бойынша  200 теңге болып белгіленгендігін жұртшылық назарына ұсынды. Сонымен қатар ораза ұстауға ниеті болғанмен, денсаулығы жарамайтын жандар фидия бере алады. Фидия дегеніміз – таңертең және кешке, яғни күніне екі мезгіл бір міскінді тойдырып тамақтандыру немесе соған жететіндей мөлшерде қаржы беру. Рамазан айы биыл 18 маусымда басталып, 29 күнге созылады.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар