11.06.2015, 7:12
Қараулар: 8
Зейнетақы хақында

Зейнетақы хақында

photo_15968


«Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 маусымдағы №105 Заңына сай, жасына байланысты зейнетақы  тағайындау 2001 жылғы 1 шілдеден бастап ерге 63 жасқа, әйелге 58 жасқа толғанда жүргізіледі. Бұл ретте әйелдерге зейнет жасын көтеру осы заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес, кезең-кезеңмен, 2018 жылдан бастап,  10 жыл бойы 6 айдан зейнет жасын көтеру арқылы жүргізіледі.


Бес  және  одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы алуға құқығы бар. Жасына байланысты зейнетақы  төлемін  тағайындау  үшiн  еңбек  өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi кезеңге еңбек кiтапшасымен расталады. Еңбек кiтапшасындағы жазба түзетілген немесе тиiстi мәлiметтер жазылмаған жағдайда еңбек өтілі жұмыс орнынан растайтын құжаттармен расталады не сот шешiмi негiзiнде белгіленеді. Кәсiпкерлiк қызметпен айналысқан азаматтың еңбек өтілі Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн жүргізілген сақтандыру жарналарын төлегенi туралы құжаттармен расталады;

Сонымен қатар еңбек өтіліне:

– Әскери қызмет;

– Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жердегі жоғары оқу орындарында, оның ішінде даярлық курсында, арнаулы орта оқу орындарында, училищелерде, мектептерде және кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және қайта мамандандыру курсында, аспирантурада, докторантурада және клиникалық ординатурада, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарында оқу;

– жұмыс iстемейтiн ананың балаларды бағып-күткен уақыты, бiрақ әр бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегiндегi  уақыт  есепке  алынады.

1998 жылғы 1 қаңтарда қажетті еңбек өтілі болған жағдайда (ер-азаматқа 25 жыл, әйелдерге 20 жыл) зейнетақы төлемдердің толық көлемінде есептеу орташа айлық кірістің 60 пайызы есебінен жүргізіледі. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін қажетті еңбек өтілінен артық жұмыс істеген әр толық жыл үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 пайызға өсіріледі, бірақ ол зейнетақы есептеу үшін ескерілетін табыстың 75 пайызынан аспауға тиіс. Зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеу 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап, жұмыстағы үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл iшiндегi орташа айлық табыс негізге алына отырып, жүзеге асырылады. 1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезең үшін орташа айлық табыстың мөлшерi жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналары жүзеге асырылған табысқа сәйкес белгiленедi. 2015 жылы жасына байланысты тағайындалатын зейнетақы төлемнің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарда қажетті еңбек өтілі болып табысы төмен немесе табыссыз болса, ең төмен 23692 теңге жеткізіліп тағайындалады. Толық емес көлемдегі зейнетақы төлемдері толық зейнетақыдан 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілге үлес ретінде есептеледі. Зейнетақы мөлшерін есептеу үшiн 3 жылдағы жұмыстан түскен табыс қатарынан күнтiзбелiк 36 айдағы жұмыстан түскен табыстың жалпы сомасын 36 айға бөлу арқылы айқындалады.

Зейнетақы мөлшерін есептеуге арналған табыс, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептiк көрсеткiштің 41 еселенген мөлшерімен шектеледі. 2015 жылға айлық есептiк көрсеткiштің мөлшері 1982 теңге х 41 = 81262 теңге. 2015 жылға ең жоғары зейнетақы мөлшері 60947 теңгені құрайды (41 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінің 75 пайызы). 2015 жылғы республикалық бюджетте қарастырылған ең төменгі зейнетақы  мөлшері  23692  теңге.

Мысалдар. 1-жағдай. Ер-азаматтың зейнетақы төлемін тағайындау барысында, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі 29 жыл, орташа айлық табысы 100000 теңге. Зейнетақы мөлшерін есептеуге 81262 теңге табыс алынады, себебі 100000 теңге 41 еселенген айлық есептік көрсеткіштен артық, сондықтан шектеледі (1982 теңге х 41 = 81262). Керекті 25 жыл үшін кірістің 60 пайызы (81262 х 60 : 100) = 48757,20 теңге. Артық 4 жыл үшін (29-25) 4% қосылады (81262 х 4:100) = 3250,48 теңге. Есептелінген зейнетақының мөлшері 48757,20 + 3250,48 = 52008 теңге. Қосымша 11182 теңге мөлшерінде мемлекеттік базалық зейнетақы тағайындалады. Сонда барлығы 63190 теңге (52008 + 11182).

2-жағдай. Ер-азаматтың зейнетақы төлемін тағайындау барысында, орташа айлық табысы 1000000 теңге, еңбек өтілі 18 жыл. Зейнетақы төлемін есептеуге 81262 теңге табыс алынады, себебі 100000 теңге 41 еселенген айлық есептік көрсеткіштен артық, сондықтан шектеледі (1982 теңге х 41 = 81262).  Кірістің  60 пайызы (81262 х 60:100) = 48757,20 теңге. Керекті 25 жыл х 12 ай = 300 ай, еңбек өтілі 18 жыл х 12 ай = 216 ай. Есептелінген зейнетақының мөлшері = 48757,20 теңге х 216 ай : 300 ай = 35106 теңгені құрайды. Сонда барлығы 46288 теңге (35106 + 11182).

3-жағдай. Ер-азаматтың зейнетақы төлемін тағайындау барысында, орташа айлық табысы 60000 теңге, еңбек өтілі 18 жыл. Есептеуге түгел 60000 теңге табыс алынады, себебі 41 еселенген айлық есептік көрсеткіштен төмен. Табыстың 60 пайызы (60000 х 60 : 100) = 36000 теңге. Керекті 25 жыл х 12 ай = 300 ай, ал 18 жыл еңбек өтілі х 12 ай= 216 ай. Есептелінген зейнетақының мөлшері 36000 теңге х 216 ай : 300 ай = 25920 теңге. Сонда барлығы 37102 теңге (25920 + 11182).

4-жағдай. Ер-азаматтың зейнетақы төлемін тағайындау барысында, орташа айлық табысы 35000 теңге, еңбек өтілі 29 жыл.

Керекті 25 жыл үшін кірістің 60% (35000 х 60:100) = 21000 теңге. Артық 4 жыл үшін (29-25) 4% қосылады (35000 х 4 :100) = 1400 теңге. Сонда есептелінген зейнетақыңыздың мөлшері 21000 + 1400 = 22400 теңге. Бұл – 2015 жылғы республикалық бюджетте қарастырылған ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен. Сондықтан зейнетақы ең төменгі 23692 теңге мөлшеріне жеткізіліп тағайындалды. Сонда барлығы 34874 теңге (23692 + 11182).

5-жағдай. Ер-азаматтың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі 29 жыл, табыссыз. Зейнетақы мөлшері 2015 жылға қарастырылған ең төменгі 23692 теңгеге жеткізіліп тағайындалды. Сонда барлығы 34874 теңге (23692 + 11182).

6-жағдай. Ер-азаматтың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі 18 жыл, табыссыз. Керекті 25 жыл х 12 ай= 300 ай, ал 18 жыл еңбек өтілі х 12 ай= 216 ай. Есептелінген зейнетақының мөлшері 23692 теңге х 216 ай : 300 ай = 17059 теңге. Сонда барлығы 28241 теңге (17059 + 11182).

Әйелге де зейнетақының мөлшері осы жолмен есептеледі, тек 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін қажетті 20 жыл. Барлық жағдайларда зейнетақыға 11182 теңге мөлшерінде қосымша мемлекеттік базалық  зейнетақы  тағайындалады.

Жасына байланысты зейнетақы алушы азаматтың мүгедектік тобы болса, «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы  №126 Заңының 12 бап, 5 тармағына сәйкес, зейнетақының мөлшері тиісті санаттары үшін белгіленген мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшерінен кем болса, зейнетақы мөлшері сол санаты үшін белгіленген жәрдемақы мөлшеріне  дейін  жеткізіледі.

Мысалы, бірінші топтағы мүгедектігі  бар  зейнеткер.

2015 жылдың 1 қаңтарынан дейін негізгі зейнетақысының мөлшері – 22000 теңге. Ал 1 топтағы  мүгедектігі бойынша жәрдемақының мөлшері 2015 жылдың 1 қаңтарынан 30337 теңге. Сондықтан 22000 теңге зейнетақы мөлшеріне қосымша 8337 теңге қосылып, 30337 теңгеге дейін жеткізілді. Қосымша 11182 теңге мөлшерінде мемлекеттік базалық зейнетақы тағайындалады.

Мүгедектігі бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2954 теңге құрайды. Барлығы зейнетақы, базалық зейнетақы және арнаулы мемлекеттік жәрдемақы қосындысы 44473 теңгені құрайды (30337 + 11182 + 2954). Егерде негізгі зейнетақысының мөлшері 1 топтағы мүгедектігі бойынша жәрдемақысының мөлшерінен жоғары болса, мысалы, 35000 теңге ол жағдайда тек зейнетақы төленеді. Бір мезгілде екі төлем төленбейді.

Заңының 4-бабына сәйкес, жасына байланысты зейнетақы, базалық зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн арттыру Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен жыл сайын жүргізіледі. Мемлекет басшысының 2013 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан халқына зейнетақы реформасы мәселелері жөніндегі үндеуінде айтылған тапсырмаларын орындау мақсатында 18 маусым 2014 жылғы №841 Жарлығымен Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі Тұжырымдамасы  бекітілген  болатын.

Қазір базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматтар үшін еңбек өтіліне және жалақыға қарамастан біркелкі мөлшерде тағайындалады. Тұжырымдама бойынша 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, базалық зейнетақы азаматтар тек жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын болады. Осылайша:

– азаматтардың жүйеге қатысу өтілі кемінде 10 жыл болған жағдайда, жүйеде оларға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ына тең болатын әлеуметтік зейнетақы берілетін болады, ал – 10 жылдан асқаннан кейiн әр жылға оның мөлшерi 2%-ға ұлғайтылады және қатысу өтiлi 35 жыл және одан көп болса, ол ең төменгi күнкөрiс деңгейiне тең болады.

Жоғарыда көрсетілген өзгерістер үлкен еңбек өтілі бар, бірақ зейнеткерлікке шығар сәтте табысы жоқ немесе ұсынған табысы төмен болғандықтан, ең төмен зейнетақы алатын зейнеткердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Бұл санаттағы зейнеткерлер үшін зейнетақымен қамсыздандырудың ынтымақты, сол сияқты жинақтаушы жүйелеріне қатысу өтілі ескеріле отырып, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап, базалық зейнетақыны біржолғы қайта есептеу жүргізілетін болады. Сонымен қатар алдағы уақытта зейнеткерлік жасқа жететін және ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы жүйелеріне қатысушыларға да әсерін тигізеді. Бұл жағдайда базалық зейнетақы аталған санаттағы адамдар жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік  жасқа  жеткен  кезде,

1) олардың 1998 жылғы 1 қаңтарға жинақтаған еңбек өтіліне;

2) зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 1998 жылдан кейін төлеген кезеңге байланысты тағайындалады. Осыған байланысты жұмыс берушілер жалдамалы қызметкерлер үшін міндетті зейнетақы жарналарын бір-ыңғай зейнетақы қорына ай сайын уақтылы және толық көлемде аударып тұру керек.

Ауылда, әсіресе, көпшілік шаруа қожалықтары міндетті зейнетақы жарналарын бірыңғай зейнетақы қорына өткен жылдың 12 айы үшін бір төлем тапсырмамен аударады. Бұл 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, базалық зейнетақы төлемін есептегенде, мөлшеріне әсерін тигізеді. Себебі төлем тапсырмадағы барлық 12 айдың сомасы бірыңғай зейнетақы қорына 1 айдың сомасы болып есепке алынады. Сондықтан әрбір айдың міндетті зейнетақы жарналарын бөлек төлем тапсырмамен дұрыс мерзімін көрсетіп, бірыңғай зейнетақы қорына аудару қажет.

Қ.  МҰСАҒАЛИЕВ,

Еңбек,  әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті  БҚО бойынша  департаментінің

бөлім  басшысы


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар