11.06.2015, 7:08
Қараулар: 30
Қамыстыкөлге ғашық шаруа

Қамыстыкөлге ғашық шаруа

IMG_6215 (2)


«Орал өңірі» газетінің 2013 жылғы 14 мамырындағы санында әріптесім Гүлфия Көшбаеваның «Ен даланы ат тұяғының дүбіріне толтырсам» деген мақаласы жарияланған еді. Екі жыл өткеннен кейін осы мақаланың кейіпкері, «Екпін» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Нұғмановтың жасап жатқан шаруасының жайымен танысудың сәті түсті. Бостандық ауылдық округінің әкімі Манарбек Сүндетовпен Қамыстыкөлге барып қайтқан болатынбыз.


Қыстаққа жақындаған кезде көлігіміздің терезесінен табиғаттың адам еңбегімен біте қайнасқан керемет суреті көрініс берді. Айналасын сор қоршаған Қамыстыкөлді жағалай орналасқан шағын қыстақтың бейнесі көзімізге оттай басылды. Мұрныңды жасыл кілемге бөленген даланың хош иісі қытықтап, табиғат-ана құшағына алғандай сезінесің…

– Нұрлан тек ен даланы малға толтырып жатқан жоқ. Туған жердің табиғатын да перзенттік борышпен күтіп, аялауда, – деді округ әкімі.

Көл жағасына тал еккен. Бүгінде ол мәуелі бәйтерекке айналған. Көлдегі құстардың ешкімнен сескенбейтінін  де  байқадық.

Бұл Нұрланның біреулер сияқты жануарға мылтық кезенбейтінін көрсетеді.

Нұрландай табиғатты аялайтын азаматтар көп болса, Сарыөзеннің сар даласы ғажайып өлкеге айналар еді-ау… Мәшинемізді ат қораға  қарай  бұрдық.

Мақала жарияланғаннан бері екі жылдың ішінде Нұрлан айтқан уәдесіне тұрған екен. Өзі де жылқы малына деген қызығушылық танытып, арнайы сатып алған жүйріктерін баптап жүр. Қазіргі күнде бәйгеге қосып жүрген Жалғыз оқ, Алапаш аудандағы дүбірлі жарыстарда жүлделі орындардан көрінуде. Кешегі 9 мамыр мерекесінде Жалғыз оқ екінші орынды иеленді. Нұрланның қасиетті жануарды қадірлейтіні соншалық, оның ат қорасының өзі мұражай сияқты. Ат әбзелдерінен бастап,  төбеге ілінген ат мүсіндері  көздің  жауын  алады.

Осы бәйге аттарымен қатар жас шабандоздарды да  баулып  жүр.

Шабандоз жасөспірімдер Әділбек пен Бақдәулет бәйге аттарының құлағында ойнайды. Олар да Нұрлан ағасындай жылқы десе ішкен астарын жерге қояды екен.

Нұрлан Нұғмановты әңгімеге тарттық.

– Мен бала кезімнен төрт түлік малға жақын өстім. Соның ішінде жылқы малына деген қызығушылығым артып, өз алдыма мал шаруашылығымен айналысуыма себеп болды. Қазіргі уақытта 120 бастай ірі қара, малды асылдандыру бағытында 4 ақбас бұқа, 350-дей қой (300 саулықтан 280 тарта қозы алып), 120 бастай жылқым бар. Осыдан екі жыл бұрын «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында үкіметтен 3 миллион несие қаржы алдым. Сондай-ақ лизинг арқылы 1 трактор алсам, өз қаражатыма да жеңіл көлік сатып алуға қол жеткіздім. Үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Бүгінгі таңда еңбек еткен адамға өз жағдайын жасауға болады, – дейді Нұрлан.

Жастай еңбекке араласқан Нұрлан мен Салтанат қай жағынан алса да, өзіндей замандастарына үлгі боларлықтай. Қай шаруасына да үңіле қарасаң, маңдай тердің жатқанын байқаймыз.

Біз еңбегінің арқасында шаруасының өрге домалап бара жатқанын көріп, сүйсіндік. Нұрландай еңбекқор азаматқа риза болып, еңбегіне табыстар тілеп, қоштастық.

Қайрат ЖАҚЫП,

Қазталов ауданы