11.06.2015, 7:04
Қараулар: 452
Өркен жайған «Каризма»

Өркен жайған «Каризма»


Іскерлікті сауда-саттықтан бастаған «Каризма» компаниясы бүгінде өнімдерімен еліміздің батыс өңіріне танымал. Мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған көмегі арқасында жиһаз, профиль және тауарлық бетон өндірісін жолға қойды. Тұрғын үй құрылысын жүргізуде тәжірибе жинақтады. Серіктестіктің өсіп-өркендеу жолымен облыс әкімдігі ұйымдастырған пресс-тур барысында таныстық.


2004 жылы шаңырақ көтерген «Каризма» ЖШС Түркиядан профильді есік-терезе жабдықтарын әкеп сатумен айналысты.  Одан кейінгі жылдары да сол бауырлас елден үйге арналған дайын жиһаз тасыды. Екі жыл бұрын «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы пайызы төмен несие алып, алған несиелерінің пайыздық мөлшерлемелерін мемлекет тарапынан субсидиялауға қол жеткізген компанияның жолы болды. Кәсіпкер, түрік жігіті Өзгүр Демирал екінші деңгейдегі банктерден  жиһаз өндірісіне 130 млн. теңгедей, профиль өндірісіне 250 млн. теңге, бетон өндірісіне 75 млн. теңге несие алды. Бірінші несиесінің несие пайызының 7%-ын  мемлекет өтесе, одан қалған 4%-ын өзі, ал екінші алған несиесінің 7%-ын мемлекет, қалған 1%-ын кәсіпкер, үшінші несиенің пайыздық мөлшерлемесінің  7%-ын  мемлекет, 5%-ын өзі өтеуде.

– Несие алып компания «қанатын» жайды. Несие алғанға дейін «Каризма» компаниясында 80 адам жұмыс істесе, жаңа өндіріс орындары ашылып, іргеміз кеңейген соң, Оралдағы компаниядағы жұмысшылар саны 180 адамға жетті. Осының барлығы мемлекеттік көмек-қолдаудың нәтижесінде мүмкін болды, – дейді аталмыш компаниялар тобының құрылтайшысы, «Каризма» компаниясының бас директоры Өзгүр Демирал. Оның айтуынша, дәл бүгінгі күні әлемдік экономикалық дағдарыстың «салқыны» аздап сезілгенімен, бір-екі айдан кейін өндіріс үрдісі ырғақты жұмыс қалпына түспек. Өйткені жаз айларында жиһаз өткізу қиындайды. Ал күзде, қыс айларында жұмсақ жиһаздың өтімділігі артады. «Жоспарымыз – өндірілетін өнімдерімізді жақсылап шығару. Алдағы жылы тек Қазақстан нарығын ғана емес, өзге елдерді де өнімдерімізбен қамтуды жоспарлап отырмыз», – деді Ө. Демирал.

Жиһаз өндірісі цехында үй жиһазының (жұмсақ және корпустық) барлық түрі дерлік шығарылады. Фурнитура Түркиядан әкелінеді, бір цехта жиһаз жиналып, келесі цехта боялады. Одан әрі тігіншілердің қолынан өтеді. Цехтағы жиһаз құрастырушыларды әңгімеге тарттық. Ақболат Мағданов Қазталов ауданының тумасы болып шықты. Мұнда жұмысқа кіргеніне бір жыл болыпты. Бұрын  №4 кәсіптік лицейде оқыған. Жиһаз құрастырушы мамандығының қыр-сырына цехтағы тәжірибелі мамандар үйретіпті. Оның айтуынша, жұмыс жасауға жағдай жасалған, бастысы, жалақы уақтылы беріледі. Ол қасындағы серігі Дархан Құрманов екеуі шағын диван құрастыруда. «Кейде осындай жиһазды құрастыруға бір күн кетеді. Ішін паралонмен, сыртын терімен, қаптаймыз. Қаптау жұмыстарына көп уақыт жұмсаймыз», –  деді Ақболат.

– Тәулігіне 15-20 жұмсақ жиһаз, көлеміне қарай 50 корпустық жиһаз құрастырылады. Компания жиһазды Оралдағы өз сауда орындары арқылы өткізеді. Атырау, Ақтөбе, Астана, Павлодар қалаларында оралдық жиһазды көтерме бағамен сатып алып, тұтынушыларға ұсынатын компа-ниялар да бар, – деді компанияның  менеджері  Антон  Дудич.

Келесі профиль өндірісі цехында болғанымызда, кәсіпкер мұнда қазақстандық өнім – профиль өндірілетінін мақтанышпен айтты. Өнім өндірісіне қажетті шикізат Ресейден, Кореядан, Қытайдан, Германиядан, Түркиядан тасымалданады. Пластикалық есік, терезе жасалады. Өнімдер алюминийден де дайындалады. Профильді өзге өндірісшілер сатып алып, есік-терезе жасап өткізеді. Өнімдерге сұраныс жоғары, батыс өңірдегі нарықтың 90 пайызы осы каризмалықтарға тиесілі. Профиль өндірісінен күллі еліміз бойынша үшінші орында. 13 қаладағы компанияның 13 филиалы арқылы бүкіл Қазақстан оралдық профильді пайдаға  жаратады.

«Халыққа айтатыным, өзге жерден тасығанша, жергілікті өнімді алған дұрыс. Өйткені сапасы жақсы әрі арзанға түседі. Жергілікті ауа райына қолайлы. Әр станоктағы оператор өнімнің қоспасының толық болуын қадағалайды. Күніне 40 дана қорапшадан шығарамыз. Бір қорапшаның өзінде 36 метрден профиль болады», – деді өндіріс шебері Бауыржан Жұмағұлов.

2005 жылдан бері «Каризма» компаниясы коммерциялық үй салумен де айналысады. Алғашында серіктестік «Уральскводстроймен» бірге Зашаған кентінде 60 пәтерлік тұрғын үйді салып, пайдалануға берген. Одан кейін Оралдағы Садовая көшесінде бір үйдің құрылысын жүргізді. Қазір 43 (Орда көшесінде) және 24 пәтерлік (Гвардейский көшесінде) екі монолиттік тұрғын үй салынуда. Алдағы айда бұл үйлер саттыққа шығарылмақ.

Компания тауарлық бетон өндірісін ашқан. Өнімді өздері де, өзге де компаниялар құрылыс жұмыстарына  пайдаланады. Өндірістік бөлімнің басшысы Ұшқын Қапезовтың айтуынша, мұндағы цехта 15 адам жұмыс істейді және жылына 10 мың дана керамзиттік және құмды кірпіш, 50 мың текше метр тауарлық бетон шығарылады. Одан басқа жиектас, бардюра шығарылады. «Кірпіштеріміз өтімді, жекелер және Атырау қаласындағы компаниялар жақсы алуда. Мұндай кірпіш жылуды жақсы сақтайды», – деді Ұ. Қапезов.

Бүгінде шағын цехтан өсіп-өркендеп, үлкен компаниялар тобына айналған, Оралдың өзінде үш өндіріс орнын ашқан «Каризма» компаниясының алдағы жоба-жоспары көп. Қазірдің өзінде  компания Оралдың өзінде 180 адамды, басқа 13 қаладағы филиалдардағы жұмысшыларды қосқанда барлығы 250 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар