9.06.2015, 7:46
Қараулар: 383
Қоршаған ортаны қорғау күніне арналды

Қоршаған ортаны қорғау күніне арналды

парк-1


Өткен аптаның соңында облыс орталығындағы қалалық мәдениет және демалыс саябағында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған шаралар қорытындысы – жасыл  митинг және мерекелік концерт өтті.


Облыстық деңгейдегі экология департаменті мен экологиялық-биологиялық орталығы бірлесе ұйымдастырған шарада су қорғау аймағын тазалау экологиялық акциясы, спорттық шаралар, «Жасыл» экономика – Қазақстан болашағы» дөңгелек үстелі, облыс мектептері арасындағы «Гүлдер әлемі» фестивалі қорытындыланып, қатысушыларға грамота, алғысхаттар мен сыйлықтар табыс етілді.

— Қоршаған ортаны қорғау күні экологиялық мәселелерге назар аударуға шақырады. Өндірістік индустрияны, өзге де адам өміріне қажетті үрдістерді дамытудың әсерінен табиғатқа айтарлықтай зиян келіп жататыны ешкімге де жасырын емес. Осы атаулы күнге орай дүние жүзінің барлық елдерінде табиғатты қорғауға шақыратын түрлі шаралар ұйымдастырылады. Әр адамның қоршаған ортаны аялауға деген ықыласын ояту – бүгінгі мерекенің басты мақсаты, — деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжанов құттықтау сөзінде.

Мерекелік шараға жиылған жұртшылық «Гүлдер әлемі» фестиваліне даярланған флористикалық дефиле киімдер үлгісін, еркін стильде жасалған гүлдер композицияларын және сурет көрмесін тамашалады.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар