5.05.2015, 10:28
Қараулар: 360
Бір үйден бес жігіт аттаныпты…

Бір үйден бес жігіт аттаныпты…

Женис 70


Ұлы Отан соғысы жылдарында Жаңақала ауданының Новая Казанка (Жаңақазан ) ауылындағы Жұма Омаровтың шаңырағынан бес  бірдей ер жігіт майданға аттанады. Отағасымен бірге бес баланы жетілдірген Маржан Омарова апай алдында  асқар таудай болған ардақты ағалары туралы жиі естелік жазған.


Үйдің үлкені – Тоқсан Жумин 1930 жылдардың басында Ташкенттегі Ленин атындағы Орта Азия университетінің экономика факультетін бітірген. Өзі сұранып, ұшқыштар даярлайтын училищеге түсіп, қару-жарақ зауытынан бір-ақ шыққан. Содан соң әскери штабта қызмет еткен. Ұлы Отан соғысына қатысып, майданнан майор шенінде оралған ол Жамбыл облысы бойынша бақылау-тергеу басқармасының бас бақылаушы-ревизоры болып қызмет істеп, зейнеткерлікке шықты.

— Ихсан ағам да соғысқа қатысып, үш рет жараланыпты. Жауынгерлік медальдары бар. Соғыстан кейін Жамбыл облысының әскери комиссариатының бөлімшелерінде  қызмет етті. Мырзаш ағам  оқыған, мұғалім болып еңбек еткен. Ұлы Отан соғысында Сталинград майданында взвод басқарған. Аға лейтенант шенінде жүріп, ол да соғыста хабар-ошарсыз кетті. Сұлтан Жумин ағам 1942 жылы әскер қатарына алынып, Украин майданына түсті.   1944 жылы бір қолы  жарамсыз болып елге оралды. Бейбіт еңбекке араласты. Әр түрлі партиялық қызметтерде абыройлы  еңбек  етті. Мейірхан ағам  көп жыл бойы ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп, «ҚР құрметті мұғалімі» атанды. Марқұм Ханым  апам  көп жыл бойы Жаңақала аудандық ішкі істер бөлімі, архив бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасады. Әкем Жұма  балаларын жастайынан еңбекке баулып, оқытты. Новая Казанка ауылындағы С. Киров атындағы орта мектепте оқыған ағаларым шетінен сабаққа алғыр болды. Әсіресе, Хасан ағам бәрінен бөлек еді. Өзін өнер жолына  арнаған ағамның тағдыры аянышты болды, — деп жазады Маржан апай өз естеліктерінде.

«Буынсыз адам» атанған кім?

Соғыстан бұрынғы жылдары қазақтан шыққан қара бала өнерімен барша жұртты таңғалдырды. Өз ортасында «буынсыз адам» атанып, көрген жанды таңдай қақтырды.  Бұл Маржан апа өз естеліктерінде әңгімелеген ерекше тағдыр иесі  Хасан Жумин еді. Кішкентайынан өнерге құштар Хасанды отбасының ең үлкені  Тоқсан Алматыға алып кетіп, №12 қазақ орта мектебіне оқуға береді. Сол кездері циркке барған бала Хасан Татьяна деген жас қыздың акробатикалық өнеріне қатты қызығады. Сөйтіп, жаз айларында жұмыс істейтін циркке қатысып, өнерін шыңдап жүреді.  Хасанның  цирк өнеріне деген қызығушылығын ең алдымен достары, ұстаздары байқап қалады. Алматы қаласындағы №12 орта мектептің 7-сыныбын бітірген  Хасан Жуминді республика атынан Мәскеудегі хореографиялық училищеге аттандырады. 1936-39  жылдары ол Мәскеудегі  аталмыш оқу орнында білім алады. Мәскеу кіші академиялық театры әртістерімен ең үлкен қалаларды аралап, өнер көрсеткен Хасанды сол кездегі мамандар «буынсыз адам» деп атаған екен. Ол оқып  жүрген жылдары туған жері – Жаңақазанға келіп, бірнеше рет концерт қойып, ауылдастарына  керемет көңіл күй сыйлайды. Оқу бітіріп келгесін Алматыдағы Абай атындағы опера-балет театрына балетмейстер болып қызметке орналасады. Бала кезден өнерге деген құштарлық жетелеген кейіпкеріміз еңбек жолын жаңа бастаған сәтте әскери борышын өтеуге алынып, енді елге қайтамын деп жүргенінде соғыс басталып кетеді. Содан Саратов қаласындағы танкистерді  даярлайтын училищеге оқуға түскен ол 1941 жылы соғыстың алғы шебінде Қызыл Тулы Кутузов орденді 170-інші Кировоград танк бригадасында, кейін 3-Украин майданы құрамында шайқасады. Ол кісінің соғыста көрсеткен ерлігі туралы әдемі естеліктер өте көп.  170-танк бригадасының командирі Николай Чунихин өз естеліктерінде Хасан Жумин туралы былай деп жазады: «Хасан Жуминді мен қиын учаскелерге жұмсайтын едім. Себебі батылдығымен қатар ол өте тапқыр еді. Атақты Курск иініндегі ұрыстар кезінде Кривой Рог қаласына бірінші болып кіру оның батальонына жүктелді.  Қалаға өзі бастап кірді. Шеткі үйден дұшпанның  зеңбірегі танкіге қарсы оқ жаудырып, біздің екі танкімізді қиратты. Ол бір бүйірде тұр еді, екінші жағынан да оқ қарша борауда. Әйтсе де, Хасан біресе олай, біресе былай ойқастатып, жаудың ең мықты атыс ұясын құртты. Сөйткенше болмай, өзінің де танкісіне снаряд тиіп, жалынға оралды. Жанып жатқан танк ішінен ол екі жолдасын сүйреп алып шықты. Өзінің беті-қолы күйді. Сол үшін екінші рет І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Жазылып шығып,  қайтадан майданға аттанды».

«Казахстанская правда» газетінде оның әріптесі, запастағы офицер Б. Жуков біздің кейіпкеріміз туралы былай толғанады: «Дунайдың сағасы – Осинтяжа өзенінің арғы бетіне өте алмай, кептеліп қалдық. Жау оқты жаңбырша жаудырды. Бір танкіміз істен  шықты. Хасан өз батальонын бастап келді. Беті қабыршақтанып қатып жатқан өзенге шешінбестен қойып кетіп, бір-екі рет сүзіп шықты. Ақыры су ішінен жүзіп өтер тайыз жерді тауып, қолын көтерді. Біз де суға қойып кеттік. Артқа бұрылудың пайдасы шамалы еді. Ең бастысы, дұшпанға ес жидырмастан соққы бердік». КСРО Қорғаныс министрлігінің архивінде: «Хасан Жумин басқарған танк батальоны 1944 жылы желтоқсанның 22-сі мен 28-і аралығында жаудың  13 танкісін,  18 орудиясын, алты бронетранспортерін,  25 аутомашинасын, 400-ден аса солдаты мен офицерін құртты» деп жазылған материалдар бар. Өкінішке орай, біздің кейіпкеріміздің 1943  жылдың қазан айынан бергі әскери жолы әлі белгісіз. Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясында Г. Васильев былай деп жазады: «Ұлы Отан соғысы жылдары танк батальонының командирі, капитан Хасан Жумин майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін төрт мәрте І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды».

Жақында Жәнібек аудандық газетінің редакторы Ахмедияр Батырхановтың көмегімен біздің басты кейіпкеріміз Хасан Жуминнің 1944 жылы 20 желтоқсанда опат болғанын, оның  денесі бұрынғы Югославия мемлекетінің Суботица селосындағы орталық зираттың батыс шетінде жерленгендігі туралы мәлімет алдық. Өкініштісі, ағаларының өрлігі мен ерлігі туралы кейінгі ұрпақ білсе екен деп шырылдап жүрген  Маржан апай Хасан ағасының қай жерде жерленгенін біле алмаған күйі өмірден озды.

Ол кісі әрі өнерлі, әрі батыр Хасан Жуминнің атында туған ауылы мен қаласында бір көше болса, оның есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында шаралар ұйымдастырылса деп бұл дүниеден өткенге дейін армандап кетті.

Дайындаған  Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

Хасан Жумин туралы деректер Маржан Омарованың естелік жазбаларынан алынды


"ЖЕҢІС ТАРИХЫ" БАЙҚАУЫ

Басқа да мақалалар