21.05.2015, 7:32
Қараулар: 330
Мақтаулы мектептің АЛҒАШҚЫ ТҮЛЕКТЕРІМІЗ

Мақтаулы мектептің АЛҒАШҚЫ ТҮЛЕКТЕРІМІЗ

20150512_082207


Педагогикалық лицейден біздің түлеп ұшқанымызға биыл 20 жыл толмақ. 1993 жылы  ел тәуелсіздігін алып, тәй басқан қиындау кезеңде сол кездегі А. Пушкин атындағы педагогикалық институттың жанынан «Педагогикалық лицей» ашылған еді.


Балаларының  жоғары деңгейде білім алуына себепші болар деген үмітпен ата-анамыз бізді осы мектепке әкелді. Дәл осындай жоғары оқу орны жанынан ашылған лицейдің институт базасы мен мұғалімдерінен білім алуы, сол кезеңде республика бойынша жоқ жаңалық еді. Лицейге шәкірттер  «Қазақ тілі мен әдебиеті, араб тілі», «Орыс тілі мен әдебиеті», «Ағылшын тілі», «Физика», «Математика»,  «Педагогика және психология», «Бейнелеу өнері», «Дене тәрбиесі» бағдары бойынша қабылданып,  талап өте жоғары болды. Әр бөлімге 60-70 оқушыдан  құжат тапсырып, соның ішінен  50 оқушыға педлицей шәкірті болу бақыты бұйырған еді.

Лицейде сабақ қатаң бірыңғай кәсіби бағдарлы білім  беру бағытында құрылып, оның ұзақтығының өзі 80 минут болды. Сырт қарағанда бітпестей көрінетін ұзын-сонар уақыт ұлағатты  ұстаздарымыздың терең білімі мен талапшылдығының арқасында сынаптай сырғып өтіп жатты. Ол уақытта бізге пединституттың ғалым ұстаздары дәріс берді. Қазақ әдебиетінен марқұм Қалимолла Мырзағалиев ағамыздың асықпай отырып, анықтап, паң қалпымен сабақ түсіндіргені, Ақзия Ниязғалиеваның қазақ тілінен тақылдата талдатуы мен сауаттылыққа үйретуі, Амангелді Ғалымов пен Қарасай Тұрашевтың география сабағы әлем елдеріне саяхат жасағанмен бірдей еді. Бұдан өзге С. Жұмақанов,  Қ. Жұмақметов, А. Жұмашева, Б. Жұмақаева, Б. Шынтемірова, Б. Бірімжаров, Р. Винник, К. Биалиева, А. Ғабдуллина, А. Сейтімов, Қ. Мәдіров сынды ұстаздарымыздың қамқорлығын сезініп, сол адамдар сықылды ізгі қасиеттердің иесі болуға тырыстық.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары  алты айлап жалақы алмайтын қиын кездер еді.  Ата-анамыз жанын шүберекке түйіп, бізді ұрпаққа айтар ақыл-өнегесі бар, лицей деканы Н. Дәулетовтің тәрбиесі мен талабына сеніп тапсырды. Нәсіпқали Дәулетұлы бұл жауапкершілікті бір сәт естен шығарған емес, біз оқыған мектепте тәртіп пен талап басты қағида болды. Оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал етемін деп, үйірмелер жүргізіп, түрлі талантты адамдармен, ғалымдармен кездесулер өткізіп,  ерінбей, талмай жұмыс істейтін деканымыз қай уақытта дем алады деп таңғалатынбыз. Дарынды балаларға арнап мектеп ашып, оның ыстығына күйіп, суығына тоңып, 20 жыл осы мектепті облыс, республика, біраз шетел танитындай деңгейге жеткізген Нәсіпқали Дәулетұлының еңбегі өлшеусіз. Елбасымыз «Бүгін  бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман» деп атап көрсеткендей, лицейде әрқашан сапалы білім беру күн тәртібінен түскен емес. «Кейінгі толқын сендерге қарап өседі» деп Нәсіпқали ағай бізді, яғни алғашқы түлектерді, бір сәт көзден таса еткен жоқ, институт қабырғасында жүргенімізде де бізге қатаң талап қойды. Бүгінде лицейдің алғашқы  түлектері әр мамандық саласында өз ісінің шеберлері атанып, елге абыройлы қызмет атқарып келеді. Оның ең үлкен тобы ғылым  жолына түсіп, ғалым атанған алғашқы шәкірттер Н. Карменов пен  М. Ахметова филология ғылымдарының кандидаттары болса, олардың ізін жалғастырып, бүгінгі таңда еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Т. Қуанғалиева БҚАТУ-дың  оқытуды  бақылау  және жоспарлау басқармасының басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, М. Ермеков философия ғылымдарының докторы болып қатары толығуда.

Педагогикалық лицей алғашқы он жылда облыстағы ауыл балаларын оқытып, озат тәжірибелі педагогтарды дайындауға үлкен үлес қосты. Облыс, республика көлемінде олимпиада, ғылыми жоба жүлдегерлерін дайындап жүрген жоғары білікті ұстаздар қауымы бір төбе. Г. Ажкеева  Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінде, С. Нұрсапина №41 мектеп-лицейінде, Г. Әбілман ОДБАМ мектеп-интернатында, Б. Бисенова Ақжайық ауданы, Краснояр ОЖББ мектебінде, Б. Төлеуова А. Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназияда, Г. Өтешова №30 ОЖББ мектебінде қызмет  атқарып  келеді.

М. Ахметова — Л. Гумилев  атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, А. Шаушенова — С. Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің аға оқытушысы, Б. Шағымгереева — М. Өтемісов атындағы БҚМУ оқытушысы, магистрі. Н. Ешмұханова мен Р. Сұлтанғалиев  Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде сабақ береді.

Н. Карменов – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері, А. Джамалиев – БҚО ІІД «Арлан» арнайы мақсат бөлімінің аға инспектор-жарушы технигі, Ж. Беріков – ҚР Денсаулық сақтау және әлеумет даму министрлігі комитетінің БҚО облысы бойынша департамент басшысының орынбасары, Г. Жароева – БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің тілді дамыту бөлімінің басшысы. Сыныптас құрбы-құрдастарымыздың арасынан Қ. Дәулетова, Н. Удреев, Г. Қалиева, Л. Қазбекова секілді кәсіпкерлер де шықты. Бірқатарымыз бүгіндері педагог ретінде алтын ұямызда еңбек етудеміз.

Мектеп-лицей ұжымының мақтанышы – шәкірттерінің саны бүгінде 1000-ға жетіп, 139-ы «Алтын белгіге» бітіріп, облыс, республика, халықаралық олимпиада жүлдегерлері атанып, біздің алтын ұямыздың даңқын асқақтатты. 100-ге жуығы «Болашақ» бағдарламасымен шет елде оқу мүмкіндігіне ие болды.

Бұрынғы педлицей, қазіргі облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының әр жетістігі – біз үшін ортақ қуаныш. Ұшқан ұямыз келешекте де биіктен көрініп, мәртебелі мектептердің көшбасшысы болып, даңқы асқақтай бергей!

Алғашқы  түлектер  атынан

Гауһар  АЖКЕЕВА,

Гүлжазира  ӘБІЛМАН,

Орал қаласы


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар