21.05.2015, 7:26
Қараулар: 421
Айтулы мерекеге ЕРЕКШЕ СЫЙЛЫҚ

Айтулы мерекеге ЕРЕКШЕ СЫЙЛЫҚ

dms_6697_0


Орал шаһарының Достық даңғылы бойындағы «Юбилейный» аялдамасының маңында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналып, ерекше ескерткіш ашылды.


Қала орталығында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлер ауласындағы қазақ батырының бейнесін әуесқой мүсінші Болатбек Баймағамбетов кесілген ағаш түбірінен ойып жасаған.

— Бала кезімнен қазақтың тарихын, ертегілерін оқып, батырлардың суретін салғанды ұнататынмын. Мүсінші мамандығым болмаса да, соңғы үш-төрт жылда ағаштан шағын мүсіндер жасауды қолға алып келемін. Ертегі кейіпкерлерін, қазақша нышандағы шахмат, түрлі тұлпар мүсіндерін жасағанды ұнатамын. Өткен жылы осы маңда болғанда ағаш кесіндісін көрген едім. Осы түбірден мүсін жасау, соның ішінде осындай қазақ батырын бейнелеу ойы сол кезде келген болатын. Жергілікті әкімшілікке барып, Қазақ хандығының 550 жылдық мерей-тойына арнап осындай мүсін жасамақ ойымды айттым. Олар бірден қолдады. Мүсінді жасап шығуға бір айдай уақыт жұмсадым. Бұл – үлкен көлемдегі жасаған алғашқы туындым. Қасымда Азамат Алагөзов есімді досым көмекші болды. Мүсінді жасау барысында осы аудан тұрғындары мен жасөспірімдерінің қызығушылығы мен қолдауын байқадым. Негізінен бұл өнер көршілес Ресей, Беларусь елдерінде жақсы дамыған. Қаламыздағы кесілген ағаш түптерін қопарып алып тастағанша осындай мүсіндерге айналдырса деп ойлаймын. Қолынан іс келетін ағаш шеберлері де менің ұсынысымды қолдайды деп есептеймін. Бүгінгі қала тұрғындарына сыйға тартқан ескерткішіме жылма-жыл күтім жасауды өз жауапкершілігіме аламын, — деді мүсін авторы Болатбек Баймағамбетов.

Қала тұрғыны Дариға Иманова осындай қажетсіз түбірден керемет мүсін шығарған елжанды жастарға риза екендігін, өскелең ұрпаққа берер тәрбиесі мол осындай игі істер қаламызда көптеп қолға алынса деген ойын айтып, мүсін авторларына жемісті еңбек тіледі.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»