21.05.2015, 7:20
Қараулар: 283
«Ет комбинаты» иесіз қалғандай…

«Ет комбинаты» иесіз қалғандай…

20150411_142958


Соңғы жылдары байырғы шаһар Орал ажарланып, жаңа үйлер, жаңа шағын аудандар бой түзеп, көрер көзге құлпыра түсті. Бірақ қаланың шет аймағы саналатын «Ет комбинаты» ауданы бұрынғы күйінде қалды.


Мұндағы №33 қазақ мектебінің ғимараты әбден ескірген.

– Мектеп ашылғаннан кейін екі мәрте күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. 2000 жылы білім ошағының төбесі күрделі жөндеуден өтті. Ал 2012 жылы  мектептің барлық бөлмелері пластикалық  тереземен жаңартылды. Ендігі жөндеу жұмыстары  қаржының бөлінуіне қарай жүргізілер деп отырмыз, – деді №33 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Ахмади Арғынбаев.

Бұрын мыңдаған адамды жұмыспен қамтыған үлкен ет комбинаты орналасқан бұл аудан бүгінде ешкімге керексіз, мүсәпір күйге түскен. Шағын ауданның көшелерімен көктем, күз айларында жаяу жүру қиынның қиыны. Әсіресе, мектепке қатынайтын балалардың «бауырмал» саз балшықты белшесінен кешіп жүргені… Рас, 2014 жылдың жаз айларында «Ет комбинаты» шағын ауданына №2 аутобустың соңғы  аялдамасына дейінгі күре жол жөнделді. Өкініштісі, жөндеу жұмыстары аялдамадан әрі аса алмай қалды.

– Немерем  №33 мектепте оқиды. Көктемгі, күзгі лайсаңдарда оның мектепке қатынауы қиындайды. Қалада тұрып, ауылдағылардың кебін киеміз. Қысы-жазы екінші аяқ киім және киімі балшық болып қалмас үшін басы артық киімді де тасып жүреміз. Баланың аты бала, балшыққа әдейі түсейін демейді, айнала ми батпақ болса қайтсін, – дейді осы ауданның Чапаев затоны көшесінің  тұрғыны  Сәбила Меңдәлиева апамыз.

Ет комбинаты ауданының тұрғындары көшелердегі қоқыс жәшіктерінен қоқыстың уақтылы жиналмайтынына наразы. Қалада тұрып, далада қалғандай күй кешуде. Әсіресе, үшінші корпус деп аталатын екі қабатты жатақхананың тұрғындары қоқыстың сасық күлімсі иісінен басымыз ауырады деседі.

– Қоқыс төгетін орынды әр сенбілік сайын жинаймыз. Бірақ мұнда тек үшінші  корпустағы тұрғындар ғана емес, осы маңдағы 20 шақты үйдің және жан-жағымыздағы жеке үйлердің  тұрғындары  қоқысын төгеді. Тіпті онда қоқыс салатын  жәшік те атымен жоқ, қоқысты жан-жағын тастармен қоршап қойған орынға төгеміз. Еуроқоқыс жәшіктері бізге жетпей қалған ба деп таңданамыз? Сол қоқысты жылына бір рет келіп жинап алса алғаны, алмаса, иісі мүңкіп жатады. Әсіресе күз, көктем, жаз айларында жағымсыз иісі қатты сезіледі.  Қоқысты жылына 3-4 рет жинап алатын болса, ауданымыз тазарып қалар ма еді, – дейді жасы сексенге таянған Сәбила  Меңдәлиева.

Бұл әңгіме бұрыннан айтылып келеді. Тұрғындардың айтуынша, биылғы қала әкімінің тұрғындармен кездесуінде де көтерілген. Бірақ неге екенін кім білген, аудан тұрғындарының айқайын ешкім естімейді. Кеңес дәуіріндегі кейпінен еш өзгермеген, ауылдан жұмыс іздеп келген тұрғындар қоныстанған шеткі аудан еліміз тәуелсіздік алғалы бергі уақыт ішінде көркейіп дамуы керек еді.  Бірақ Абай атымыз айтқандай, «Баяғы жартас – сол жартас»…

Айкөркем  АСҚАРОВА,

№33 мектептің оқушысы, МТЖО жанындағы

«Жас тілші» үйірмесінің мүшесі


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар