21.05.2015, 7:16
Қараулар: 388
Назира ХИБАШЕВА: «Сочи маған қатты ұнады»

Назира ХИБАШЕВА: «Сочи маған қатты ұнады»

DSC_9157


Жастар мәдениет үйінің әуенді аспаптар ансамблінің әншісі, 2014 жылғы «Челны собирают друзей» халықаралық фестиваль-конкурсының бас жүлдегері Назира Хибашеваның жуырда Сочи қаласында өткен «За веру! За отчизну! За любовь!» атты ән бәйгесіне барып қайтқанынан әлеуметтік желілер арқылы хабардар болғанбыз. Назирамен аталмыш конкурс жайында сұхбаттасқан едік.


— Назира, өткен сәуір айында Сочи қаласында өткен «За веру! За отчизну! За любовь!» конкурсына қатысып, үздіктер қатарынан табылдың. Жалпы осы конкурс туралы толығырақ оқырмандарға айтып берсең.

— Иә, аталмыш конкурс 8-12 сәуір аралығында Сочида өткен болатын. Он сегізінші рет өткізілген бұл ән бәйгесі Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналды. Мен «Кәсіби авторлардың әндерін орындаушы» («Исполнители песен профессиональных авторов») аталымы бойынша бақ сынадым. Бұл аталымға Ресей, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Армения секілді біраз елден 37 өнерпаз қатысты.

Осы өнер жәрмеңкесінде мен Наталья Устюжанинанің сөзі мен әніне жазылған «Помни» әнін және Айгүл Әдіханованың өлеңі мен әніне жазылған «Астана» әнін орындадым.

Бұл сапардан алған әсерім өте керемет. Сочи қаласы өзінің әдемілігімен, тазалығымен маған қатты ұнады. Ұйымдастырушылар өте ықыласты қабылдады.

Конкурсқа қатысушылар өте талантты өнерпаздар екенін, үлкен дайындықпен келгендерін көріп, басында, әрине, қобалжыдым. Үздік бестікке іліккеніме өте қуаныштымын. Осынау өнер додасының гала-концертінде лауреат атанып, естелік сыйлықтармен марапатталдым.

— Назира, репертуарыңда қанша ән бар, қандай ақын-сазгерлермен жұмыс жасайсың?

— Репертуарымда 50-ден аса ән бар. Мен көбіне өзімнің ағам Ғұбайдолла Хибашев пен Алматы қаласында тұратын әнші-композитор құрбым Айгүл Әдіхановамен шығармашылық байланыстамын.

— Ендігі кезекте өскен ортаң туралы айтып берсең, әншілік өнер кімнен дарыды?

— Ата-анамыздың 9 перзенті бар. Мен кенжесімін. Жанұямда өнер жолын таңдаған мен ғана. Ал әншілік анамнан дарыған болса керек. Анам жас кезінде өнерпаздар ауыл-ауылды аралап концерт қойғанда, ән айтып, өз өнерін көрсетіп, халықтың сүйіспен-шілігіне бөленген екен. Өнерге келуімнің тағы бір себебі, маған өнерде бағыт-бағдар берген әкемнің туған інісі Ғұбайдолла ағамның айтулы әсері болды.

— Назира, әншіліктен өзге тағы қандай өнерлерің бар, қандай аспаптарда ойнай аласың?

— Әншіліктен басқа балдырғандарды ән шырқауға баулимын, ән үйірмесінің жетекшісімін. Кішкентай кезімнен домбыра аспабында ойнаймын.

— Әншінің басты байлығы – даусы екендігі мәлім. Өзің дауысыңды қалай күтесің, арнайы диета ұстап, косметологтың көмегіне жүгінесің бе?

— Тамағымды әрқашанда жылы ұстап, көбіне шәлімен орап жүремін. Салқын сусын ішпеуге және балмұздақ жемеуге тырысамын. Диета ұстап тұрамын. Негізінен үйден күтінемін, бірақ анда-санда косметологтың көмегіне де жүгінемін.

— Ғаламторға үйірсің бе, қандай әлеуметтік желілерге кіресің?

— Ғаламтормен доспын, көбіне фейсбукта отырамын, ал инстаграмнан тек сән үлгілерін қараймын.

— Назира, таяу күндердегі жоспарларың қандай?

— Бұйырса, осы айда шәкірттерімді Татарстанда өтетін, былтыр өзім бас жүлде алып келген «Челны собирают друзей» атты жас орындаушылардың халықаралық фестиваліне апарамын. Сонымен қатар өзім былтырғы жеңімпаз ретінде қонақ болып, ән айтамын. Әрі конкурсқа қазылық ететін ресейлік ақын, әнші-композитор Симон Осиашвилимен дуэт құрып ән шырқаймын.

Сұхбаттасқан

Динара ИҒАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар