21.05.2015, 7:13
Қараулар: 331
Болашақ әскери музыкант

Болашақ әскери музыкант

12


Биылғы жылы айтулы мерекелерге орай ұйымдастырылған түрлі мәдени шараларда ән айтып жүрген жеті жасар бүлдіршін Нұралы Өтеғалиев көрерменді баурап алды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, жас әншіні оқырмандарға таныстыруды жөн көрдік.


Нұралы төрт жасынан ән айта бастапты. Өнер бүлдіршінге аталарынан  дарыса керек. Себебі өз атасы да, нағашы жұрты да өнерден құралақан емес екен. Алғашында балабақшада өткен түрлі мерекелік шараларда өнер көрсетіп, кейін үлкен сахналарға шыға бастаған. Өткен жылы ұйымдастырылған «Ұстаздарға арналады әнім» балалар ән байқауының қалалық және облыстық кезеңінің жеңімпазы атанған. Бұған қоса ол былтыр Мәскеу қаласында өткен «Сол ұлы жылдарға тағзым» атты ха-лықаралық интернет-байқауға қатысып, бірінші дәрежелі дипломант атанды. Жақында Астана қаласында өткен «Көктем әуені» атты халықаралық фестивальда жүлделі екінші орынды иемденіп келді. Жас талант иесін өнер жолында биік белестерге жетелеп жүрген нағашы әжесі Гүлшат Жандәулетова екен.

— Нұралы кішкентайынан ән айтуға бейім. Осы жиенімнің бойындағы өнерді дамытуға әке-шешесі, ата-әжелері болып барымызша атсалысудамыз. Бүгінде Нұралы Зашаған кентіндегі №20 мектепте бірінші сыныпта оқиды. Қолымыз қалт еткенде, сол кенттегі мектептен тыс жұмыс орталығында Гончарова Светлана апайынан ән өнерінен дәріс аламыз. Сонымен қатар №20 мектептің музыка пәнінің мұғалімі Рая Алмағанбетова, филармония әншісі Ақмарал Ахметова, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың оқытушысы Думан Байтілеуов сынды аға-апаларынан да өнердің қыр-сырын үйренуде. Нұралы әрбір ұйымдастырылған байқауда жүлделі орын иемденуге талпынады. Соңғы кезде 4 жасар қарындасы Замирамен де сахнаға шығып жүр. «Әже, сіз менің продюсерімсіз ғой» дейді Нұралы. Осы баламыз болашақта өнер жолында өз орнын тауып жатса, біз үшін одан асқан бақыт жоқ, — дейді Гүлшат әжесі.

Нұралының ата-анасы Арыстан мен Мария әскери қызметте. Жас бүлдіршіннің де арманы болашақта әскери музыкант болып, оркестрге жетекшілік ету екен. Олай болса, жастайынан өнерді жанына серік етіп, көрермен көзайымына айналған Нұралының талабына нұр жаусын деп тілейік.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар