14.05.2015, 7:31
Қараулар: 359
«… рухың тұрар жаңғырып!»

«… рухың тұрар жаңғырып!»

IMG_1089


Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық округінің Шабдаржап ауылында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай соғысқа қатысқан жерлестер мен майданнан оралмаған боздақтарға арналған ескерткіш тақта салтанатпен ашылды. Бұл шараға аудан әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.


Ескерткіш тұғырдың ортасында мәрмәрға қашап жазылған «Елмен бірге мәңгілік,  рухың тұрар жаңғырып!» деген сөз, оның астында 6 тақтаға осы ауылдан сұрапыл соғысқа аттанған 65 азаматтың есімі жазылған.

Аудан басшысы Жеңіс күні қарсаңында осындай игілікті іс атқарғаны үшін ел азаматтарына алғыс айтты, бұл майдангерлерге құрмет, ұрпаққа мирас  болар рухани дүниелердің айнасы екендігіне тоқталды. Н. Төреғалиев пен ауылдық округ әкімі Б. Қыдырғожин ескерткіштің орнауына тікелей атсалысқан ауыл азаматтарына алғысхат пен естелік сыйлықтар табыстады.

Майдангер Айтжан Жұбановтың қызы Светлана Жұбанова, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының орынбасары Қадырбек Бегманов, майдангер Баянғали Мұқановтың қызы Рысты Мұқанова т.б. осы құрметті орынның ашылуына бастамашы болған мектеп директоры Бекзат Ығылманқызына, қаржылай көмек көрсеткен шаруа қожалықтарына, кәсіпкерлерге, майдангер ұрпақтарына және осы құрылысты жүргізген мектеп кіші қызметкерлеріне зор ризашылықтарын білдірді.

Салтанатта әскерге шақырылатын жас азаматтарға тіркеу куәлігі берілді. Сондай-ақ «Жас қыран», «Жас ұлан» ұйымының мүшелеріне қабылдау өтті.

Бір кезде Харькин мектебінің алғашқы меңгерушісі болған майдангер Нұғман Досқалиевтің немересі Надежда Досқалиева, майдангерлер Георгий Бакиров, Кузьма Башеньятов, Николай Егоровтың да ұрпақтары осы ұлағатты шарада болды.

Майдангерлер рухына бағышталып ас берілді.

 Тілес  ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық  ауданы