14.05.2015, 7:17
Қараулар: 293
Украиналықтар ТАТУЛЫҒЫМЫЗҒА СҮЙСІНДІ

Украиналықтар ТАТУЛЫҒЫМЫЗҒА СҮЙСІНДІ

DSCN2108


Жәнібек ауылының байырғы тұрғыны Николай Горбачевтің  үйіне барғанымызда, сыртқы есіктен жап-жас қазақ қызы қарсы алды. Ибалылық көрсетіп, бізді үйге бастады. Ортаңғы бөлмеде үй иелері шай ішіп отыр. Қонақжайлық  танытып, үстел басына шақырды. Ерлі-зайыпты Николай мен Ольга екеуімен жайғаса отырып әңгімелестік.


Отағасы Жәнібектен 35 шақырым қашықтықтағы Ресей селосы Кайсацкінің тумасы болып шықты. 1961 жылы Жәнібекке қоныс аударыпты. Бүгінде бұл дүниеде жоқ әкесі  Григорий Горбачев Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ұзақ жылдар аудан орталығындағы автобазада автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істеді. Николайдың осыдан бірер жыл бұрын дүние салған анасы Валентина әжейді бұрыннан білуші едік. Ол саналы ғұмырының басым көпшілігін аудандық тұрмыстық қамту комбинатында бухгалтер болып өткізді. Аракідік көшеден көріп қалғанда, шынайы көңілімен бар ниетін салып  амандасушы  еді  марқұм.

Жәнібекке көшіп келгенде Николай алты жастағы бала екен. Киров көшесіндегі (қазір  Ш. Мәжитов атында) өзі құралпы қазақ балаларымен құлын-тайдай тебісіп ойнап өсіп, аудан орталығындағы №1 орта мектептің табалдырығын бірге аттады. Аталған мектепті 1972 жылы ойдағыдай аяқтап, Астрахан қаласындағы байланыс техникумына түсті. Техникумды тәмамдағаннан кейін ауылға келіп, алғашында поштада телефоншы, содан кейін телестансада электрмеханик болып қызмет істеп, тұрғындарды теледидар жөндеу жұмыстарымен қамтыды. Соңғы үш жыл Жалпақталда мамандығы бойынша жұмыс істеп, қазір Жәнібектегі тұрғындардың үйлеріне «Отау TV» қондырғысын орнатып берумен  шұғылданады.

– Жақында 60 жасқа толдым, – дейді Николай, – Мерейтойымды үйімде өткіздім. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазталовтан, Жалпақталдан өзіммен бірге істеген басшыларым, қызметтестерім келді. Қуанышыма ортақтасып, алыстан ат сабылтып келген оларға алғыстан басқа айтарым жоқ.

Үй иесінің отызға келіп қалған ұлы Дмитрий әке жолын қуған. Электрик. Орал қаласындағы колледжді 2003 жылы бітірді. Қазір ол да әкесімен бірге тұрғындардың мекенжайына «Отау ТV» қондырғысын орнатуда. Үй иесімен сөйлесіп отырғанда бөлмедегі сықасқан ойыншықтарының арасында отырған  кішкентай бөбек біздің жанымызға жылжып келіп, қолындағы қолтырауынын ұсынды. Осы сәтте әңгімеге үй иесінің жұбайы Ольга араласты. Әңгіменің майын тамыза айтатын Ольга бірден шешіле сөйлеп кетті. Сәби олардың немересі екен. Дмитрий 2012 жылы үй-ленген. Ольга мана бізді тыста ибалылық танытып қарсы алған қазақ қызын келінім деп таныстырды. Аты Айсұлу. Ольганың айтуынша, келінінің түп-төркіні Күйгенкөл ауылдық округіндегі Өнеге елді мекенінен. Немерелері Артем бұрнағы жылы дүниеге келіпті. Біз барған күні бір жас төрт айға толып, үй иелері немересінің қылығын қызықтап,  мәре-сәре болып жатқан жайы бар. «Келініміз әдепті де инабатты, ұлымызға осындай жанды тап келтіргеніне қуанып отырамыз.  Ата-әжесінің қолында өскенін сыпайы, ізетті мінезінен аңғаруға болады», – дейді ол.

Ольганың өзі де осыдан 53 жыл бұрын Жәнібек ауылында дүниеге келді. Николай екеуінің үйленіп, үй болғанына биыл табаны күректей 35 жыл толады. Оның аудан орталығындағы телеорталықта кезекші болып істегеніне де биыл сонша жыл толып отыр. Олардың отау құрғанына бір жыл болған соң, тұңғышы Галина дүние есігін ашыпты.  Жоғары оқу орнын бітірген ол  бүгінде Ресейдің Волгоград облысына қарасты Волжск қаласында сауда саласында қызмет істейді. Сауда саласында жұмыс істеп жүрсе де, әкесінің электриктік қабілеті оған да  жұғысты  болыпты.

Горбачевтар  Жәнібектегі тату-тәтті отбасылардың санатында. Қазақтың салт-дәстүрін қадір тұтады. Халқымыздың көрісу айт, Наурыз мейрамдарына белсене атсалысады. Еліміздегі халықтар достығының бекемдігін, соның арқасында ешқандай дау-дамай болмай, сан ұлт өкілдерінің ынтымағы жарасып тірлік қылып жатқандарына шүкіршілік етеді.

– Өзімнің түп-тамырым Жәнібектен таралады. Біздер тұрып жатқан осы көшенің тең жартысына жуығы менің туысқандарым болды. Уақыт, шіркін, ешкімді де аямайды ғой. Жылдар өте келе олардың қатары өте сиреп қалды. Өткен жылы Украинадағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Луганск қаласында тұратын апам Люба күйеуімен бірге жазда Жәнібекке келіп, біздің үйде екі-үш ай тұрды. Қызы да олармен бірге шыққан екен, шетелдік төлқұжаты болмай, Волгоградта қалыпты. Үшеуі де Украинадағы жағдай аздап оңалып, келісім орныққан соң елдеріне кетті. Тіл-көз тимесін дейік, олар Қазақстандағы халықтар арасындағы татулық пен тыныштықтың жарқын лебі ескен самалға қатты қызығып, разы болды. Жәнібекте бізді ұлты, діні мен діліне бөліп, ешкім ренжітпейді. Қазақ пен орыс халықтарының  мейрамдарын бес саусағымыздай жақсы білеміз. Ежелден қазақтармен қоңсы қонып, аяқ-табағымыз араласып жатқандықтан шығар, күн сайын ет жемесек, бірдеме жетіспей тұрғандай болады. Қора-қопсымызда жыл сайын кемінде 20 қой қыстатылып шығады, – дейді Ольга бізбен  әңгімесінде.

Николай мен Ольга қазіргі өмірлеріне бек разы. Өздерінің тамыр жайып, ұрпақтарын өрбіткен Жәнібек ауылының жыл сайын жақсарып, жаңарып келе жатқа-нын көріп, көңілдері бірленеді. Олармен болған әңгімеміз белгілі бір межеге жеткенде шаңырақтың отағасы алдағы жылы аудан тұрғындарының сандық теледидарды тамашалауға қолы жететінін қуана жеткізді. Жәнібек, Жақсыбай, Талов, Тау ауылдары мен Өнеге елді мекенінде сандық теледидар қондырғысының құжаттары жасалып қойылған.

– Негізінде сандық теледидар аудан аумағына биыл келуі тиіс еді. Дағдарысқа байланысты аздап кешігіп жатыр, – дейді ол. Сөз соңында ерлі-зайыптылар ауданымыздың одан әрі құлпырып, жайнай түсуіне шын жүректен тілектестіктерін білдіріп, ата-қоныстары – Жәнібектен артық  еш жер жоқ екендігін, одан басқа жерге қозғалу ойларына мүлдем келмегенін айтып, бізбен қоштасты.

Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар