9.05.2015, 7:43
Қараулар: 349
Жазушы Зейнеп АХМЕТОВА: «Кешірім сұрау тек ұлы адамдардың ғана қолынан келеді»

Жазушы Зейнеп АХМЕТОВА: «Кешірім сұрау тек ұлы адамдардың ғана қолынан келеді»

IMG_9647


– Зейнеп апай, халқымыздың даңқты перзенті, сіздің қайын атаңыз Бауыржан Момышұлы туралы «Ноқтаға басы сыймаған» қойылымының премьерасын тамашаладыңыз. Қандай әсер алдыңыз? Бауыржан атаның рөлін жаныңызға жақын қабылдай алдыңыз ба?


– Ата туралы кез келген қойылым немесе киноны көру қиын.  Өйткені ол кісінің әр қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы, дауыс ырғағы, тамақ ішкеніне дейін көз алдымда тұр. Сондықтан ата туралы кино мен қойылымдарды «Келін емес, көрермен болып көр.  Атаға бәрібір ешкім ұқсамайды, атадай бола алмайды» деп өзімді өзім қинаймын. Қойылымды көрермен ретінде айтсам, әлі де жонып, жөндейтін жерлері бар. Ал жалпы қойылым маған ұнады. Өйткені бұл қойылымның мақсаты – атаның атын жаңғырту. Ең  керегі  –  осы.

– Сіз өзіңіздің «Шуақты күндер» атты кітабыңызда «Тұла бойы қайшылықтарға толы адамның маңдайлы келіні болдым» деп жазасыз. Ол кісінің мінезі ауыр, күрделі тұлға болғандығынан хабардармыз. Ұмытылмайтын бір-екі оқиғаны айтып берсеңіз?

– Кез келген қыз бала түбі келін болатынын білді. Мен де білдім.  Бірақ бірден «арыстанның апанына» түсіп кетемін деп ойлаған жоқпын. Көпшілігі Момышұлының келінінің өмірі керемет деп ойлайды. Олай емес. Талай қиындықты басымнан өткіздім. Бірінші келген күннен-ақ қателік жіберіп, атаның айқайын естіген адаммын. Біз қолына көшіп келдік. Ол кезде 25 жаста едім. Қызметтен шығып, «Қызмет қайда қашар дейсің,  атаны күтуім керек» деп шештім. Біз келгенде ата «Сендер орналаса беріңдер» деп өзі санаторийге кетіп қалды. Үйдің іші бос. Ақтап-сөктеп, тазалап қойдым.  Бірақ атаның кабинетіне кіріп көрмеппін. Кіргенде байқағаным – мен ойлағандай керемет кабинет емес. Тағы бір таңғалғаным, еденнен төбеге дейін бір кереге түгел кітап екен. Қуысқа таман атаның төсегі қойылыпты.

Ортада тұрған үлкен үстелдің үсті қобырап жатыр.  Пысықтығым ұстап, жым-жылас қылып жинап тастадым. Үстелдің үстіне жазу машинкасы мен ақ қағазды ғана қалдырдым. Бірнеше күннен соң есіктің қоңырауы шырылдады. Тез барып аштым. Ата: «Қоныстарың құтты болсын!» деп кіріп келді. Мен асүйге жүгірдім. Бір кезде  атаның тау қопарардай күркіреген дауысы шықты. Шошып кетіп, жүгіріп барсам, ата кабинеттің ортасында тұр. «Кім мынаны жинаған? Кітаптарды сапта тұрған сарбаздай қақшитып қойған?»  деп айқайлап  ұрысты. «Мен жөндеп едім…» деп бірдеңе айтқан болдым. «Жөндегенің құрысын, кет, көрінбе көзіме!» деп айқайлады. Алапат айқайдан кейін аяғым да алға жүрмей, ілбіп басып, асүйге келдім. Ағыл-тегіл болып келіп қалған көз жасымды іркіп, ерінімді қатты тістеп алып, ваннаға барып, суды барына ашып қойып жыладым. Әбден ішім босағасын есікті жайлап ашсам, баласы екеуі жайбарақат әңгіме  соғып отыр. Мені байқап, ата: «Бері келгін» деді. Ақырындап жанына барып, төмен қарап тұрып кешірім сұрап: «Енді қағаздарыңызға тиіспеймін» дедім. «Әй, балам, мой беспорядок, это есть лучший порядок» деді ол. Түк түсінген жоқпын. Кейін білдім. Сырт көзге қобырап шашылып жатқандай көрінгенімен, ол кісінің өзінің әдеті екен ғой. Содан соң «Жылағың келгенде, суды сарылдатпай-ақ жылай бер» деді. Ең алғашқы  күнім  осылай  басталды.

Кейде үйге келген біреулердің кінәсінен ұрыс естіп,  зәрем ұшып жүретін.  Атамен тұрған алғашқы жылдың алғашқы айларында үйге сіріңкедей  қатқан қара жігіт келді. Өзі шіреніп тұр. Арық адамның шіренгені қызық көрінеді екен. «Менің шешем Құли, мен жиенмін» дегесін ата: «Кірсін» деді.  Мен асүйге барып, шай қойып жатыр едім. Бір кезде айқай естілді. «Не болып қалды?» деп жүгірдім. Әлгінде шіреніп тұрған байғұс атаның бөлмесінен  қарғып шық-ты, көзі алақандай болып кеткен.

Осындай  оқиғаларды қазір  күліп еске алғаныммен, дәл сол сәтте маған қиын болды. Үндемей құтыламын. Атаның керемет қасиеті – өзінікі дұрыс болмаса, артық кетіп жатса,  өзі менен  кешірім сұрайтын. Қателігі үшін келінінен кешірім сұрау кез келген  қайын атаның қолынан келмейді. Бұл да тектілік!

Ол кісінің әрбір  қимыл-қозғалысына, нені жақсы көріп, нені жек көретініне өзімше зерттеу жүргіздім. Солардың бәрін ұмытып қалмайын деп жазамын.  Асүйдегі үстелдің суырмасында қалың бес дәптерім бар. Бесеуінің де сырты май-май болды. Ата үстелді тарс еткізіп ұрып, «Көзіме тура қара!» дейтін. Ол кісінің көзіне тура қарау мүмкін емес.  Ол жанып тұрған өрт. Содан жайлап, иығынан асып қараған боласың. Атаның бұл әдісін кейін түсіндім. Ол кісі мынау қызылды-жасылды, әділетінен әділетсіздігі басым дүниеде жақсының да, жаманның да аяғының астында жататын төсеніштей болмасын, өзін-өзі, айналасын, бала-шағасын тым болмаса сөзбен қорғай алатындай болсын, ешкімге  жағымпазданбасын деп мені әбден  пісіріп, қайраған екен.

Менің өкінішім өте көп. Өте әсершіл, үгілме жүрек адаммын. Лезде көңілім көтеріліп, лезде быт-шытым шығады. Әсершілдігімнің кесірінен атадан көп нәрсені кезінде сұрай алмадым. Атадан үйренгенім, білгенімнің өзі екі кітапқа азық болды.

– Ата кейде қатты ашуланғанда сізді «Турчанка» деп атайды екен…

– Атаның «Турчанка» дейтіні – менің  шешем қазақ, әкем  түрік. Ертеде келіп, қазаққа сіңіп кеткен. Ата мені жақсы көрген, көңілі толған кезде «Балашка» деп еркелететін. Ол кез өте сирек. «Балам» десе, ол да керемет, бірқалыпты отырғаны, «Зейнеп» десе, жыны ұстай бастағаны, «Турчанка» десе, қаһарына мінді деген сөз. Менде басқа ешқандай атақ жоқ.  Менің «Атаның келіні», «Қазақтың келіні» деген үлкен атағым бар.  Маған  сол  да  жетеді.

– Зейнеп апа, біз сізді тек атаның келіні ғана емес, салт-дәстүріміздің жанашыры, ұлттық құндылықтарымызды насихаттаушы этнограф ретінде де жақсы білеміз. Осы орайда салт-дәстүріміздің бүгінгі насихатталу деңгейі қаншалықты екеніне  тоқталып  өтсеңіз?

– Қазір байқайтыным, 25-ке дейінгі жастар ұлттық салт-дәстүрді білуге құлшынып тұр. Алайда теледидарда ұлттық дәстүрге негізделген бағдарламалар жоқтың қасы. Өңкей шулаған шоуларда әншілер ит болып, мысық болып елді күлдіруге тырысады. Әншінің мінген көлігі мен қырық туфлиін, ұйықтайтын бөлмесін  бір сағат сөз қылатын бағдарламалар көбейіп барады. Өткенде бір ақын «Мынау үш жыл бұрынғы қазым» деп мақтанып көрсетіп жатыр. Менің сондайда оған «Біреулер қуырып жеуге макарон таппай отыр. Сен неменеге олардың жүйкесіне тиесің? Өзіңнің аузыңнан ақ май аққанына  мақтанып отырмысың? Намыс қайда? Ұят қайда?» деп айтқым келеді. Намыс құрыған жерде ұлт та құри-ды. Шымкент жақта баланы 20 күнде қырқынан шығаратын болыпты. «Бұларың не?» десе, «Күн мен түнді қосып санаймыз» дейді. «Олай болса, күн мен түнді қосып санап, келіншектеріңді төрт жарым айда тудырып алыңдар» деп айтып кеттім. Қырық күн деген қайдан шыққан?

Қырық күн – халқымыздың  ғасырлар бойғы өмір тәжірибесінен келе жатқан нәрсе. Тіпті Дүниежүзінің денсаулық сақтау ұйымы 42 күнді жас босанған әйел үшін қатерлі  күн санайды. Неге?

Өйткені қырық күнге дейін бала әлі жердің баласы емес.

Байқап қарасаңыздар, қырқынан шықпаған баланың көзі тұманданып тұрады. Ал қырқынан шыққан соң  көзі жылтырап, жарыққа қарай бастайды. Қырық күнге дейін баланың еті мен сүйегі бірікпейді. Жаңа туған баланы ұстап көрсеңіз, сүйегі бөлек, еті бөлек жатады.  Алғаш босанған әйелді де енесі 40 күн күтеді. Ұрпағын ойлаған ене анасының дені сау болса, баланың да денсаулығы жақсы болатынын біледі. Сондықтан бала босанып, қалжыраған әйелге күш жинасын деп, қалжасын жегізіп, жас ананың қалпына  келуіне  көмектескен.

Қайтыс болған адамның қырқын неге береді? Өйткені еті мен сүйегі ажырайды. Жетісін, қырқын, жылын беру тек түркі халықтарында бар. Сол сияқты тұсаукесерді алсақ, қалтылдап жүрген кемпірлер тұсау кесіп жатады. Тәй басқан сәбидің тұсауын  кемпір  түгілі, жүрісі сылбыр адамға да  кескізбеген. Ер баланың тұсауын қолынан іс келетін, күш-қайраты бар ер адам, қыз баланың тұсауын қол-аяғы балғадай, істеген ісін тындырып жүретін келіншек кескен. Тұрмысқа шықпаған, үйленбеген жігітке қазақ тұсау кестірмеген. Өйткені олардың жолы ашылмаған деп есептеген. Сосын қазір ала жіпті алып, кісінің ала жібін аттамасын деп кесіп жатады. Бұл да дұрыс емес. Баланың тұсауын ұрлық жасамасын деп кеспейді ғой. Ақ пен қара жіпті айқастырып, кеседі. Ақ пен қара, күн мен түн, жақсылық пен жамандық бәрі екеу. Тек Құдай ғана жалғыз. Ала жіп дегеніміз тіршіліктің символы, өмірдегі болып жатқан жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, күн мен түн секілді ұғымдарды білдіреді. Сондықтан бабаларымыз жақсылықтар болғанда, асып-тасып кетпесін, қиындықтар болғанда, басылып қалмасын деп сәбидің тұсауын өткір пышақпен кесіп жіберген.

– Қазіргі тойлардағы белең алған дарақылық, Еуропадан келген  келеңсіз көріністерге көңіліңіз толмайтынын ашық айтып жүрсіз? Осы туралы тарқатып айтып берсеңіз?

– Қызды шығарып салар кезде қазір әкесімен қоштасады дейді. Жар-жар айта ма, сыңсу айта  ма деп тұрсам, қыз әкесімен  вальс билейді екен. Қай қазақ қызын билеп шығарып салып еді?  Қайдан шыққан өнер? Бұрынғы кезде қыз тұрмысқа шығарда қызыл көйлегін шешіп, сіңлісіне қалдырған. Ал құрбыларына үкісін таратып берген.  Олар әкенің үйіндегі, оң жақтағы бақытты сәттерімен, қыз дәурен шағымен қимай қоштасқан. Ал қазір қыздар күйеуге шыққанына қуанып кететін секілді. Аздап болса да мұңаймай ма? Сосын торт кескізіп, ата-енеге асатып, жегізетін бір пәле бар. Тойдың қақ ортасында шам өшеді. Тойдың ортасында шамды өшіру ырымға жаман. Қазақ  «Шырағың сөнбесін!» деген ғой. Қыруар ақшаға сатып алынған сол торт үстелдің үстінде былжырап, босқа қалады.  Осы қайдан шыққан дүние? Одан да аталар мен әжелер отырған жерге келін шай құйса жараспай ма? Бұрын келіншайда әжелер сақинасын кесеге салып, «Көсегең көгерсін, біз сияқты ақ самайлы бол, мынаны итаяғыңа сал» деп береді. Ол – «Тұңғыш  балаңды қырқынан шығарғанда күміс сақинаны суға сал»  деген тілек. Қазіргі асабалардың ісі де  қанбазар, бизнес. Келіннің әр сәлемі сатулы.  «Аздау салсаң, мынау сараңдау болып кетті» деп өлеңге де қосып жатады. Ал келін күйеуінен жасы кіші адамға сәлем салмайды. Әр ырым, әр салт әр ұлттың өзіне ғана жұғысты. Өйткені ол ғасырлар бойы қайталанып келіп, үлкен энергетикалық күшке айналып кеткен.

– Зейнеп апай, Жайық бойынан қандай әсер алып аттанып  барасыз?

– Қазақ айтады ғой, «Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар» деп. Үйінің қасынан қырық қадам аттап шыға алмай отырған адамдар қаншама. Оған қарағанда, атаның биік рухы, қасиетті аруағының арқасында Жайық өңіріне табаным тиді. Атаны жақсы көрген халықтың шарапатының ұшқындары маған да жетіп жатыр. Айналып келгенде мені халықтың өзі тәрбиеледі. Атаның атына көлеңке түсірмесем екен, алты Алаштың ардақтысы болған, ұлтының ар-намысын ту еткен адамға лайықты келін болсам  екен деп тырыстым. Әлі сол тырысып келе жатырмын. Арысы атадан, берісі Бәкеңнен қалған ұрпақтарыма да атаға сай болуды насихаттап келемін. Мені «Атаның келіні» деп аялап, құрмет көрсеткен Ақ Жайық  жұртына  ризамын.

Сұхбаттасқан

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар