9.05.2015, 7:13
Қараулар: 325
73 жылдан соң табылды

73 жылдан соң табылды

SAM_1381


Алдыңғы толқын ағаларымыздың Жеңіске жеткеніне тура бүгін 70 жыл толды. Қазақ арасында екінші дүниежүзілік соғыстың жалынына шарпылмаған әулет кемде-кем шығар. Сондай шаңырақтың бірі менің атам Бердіғалидың отбасы болатын. «Сәтек деген бір балам соғыстан қайтпай, хабарсыз кетті» деп отыратын атам. Пәлен жерде қаза болды, түген жерге жерленді деген нақпа-нақ хабар болмаған соң, әке жүрегі ұлын өлдіге қимай жүреді-ау, шамасы. 1974-75-ші жылдарға дейін еш дерек болмаған соң үмітті үзіп қойғанбыз.


Бір күні Қазталов аудандық ардагерлер кеңесінің басшысы Уәлиолла Әбішев телефон соғып: «Атаңның соғысқа кеткен баласы бар ма еді?» — деп сұрады. Мен бар екенін, аты-жөнін айттым. Олай болса, мен ол кісінің жерленген жерін ғаламтор (интернет) арқылы іздестіріп, тауып отырмын. Волгоград облысы, Клетский ауданы, Распопинская станицасында жерленіпті. Біздің аудан басшылары мамыр мейрамдарының қарсаңында бір топ ардагерлерді туристік сапармен апарып келмекші, сен қалай қарайсың? — деді.

«Балам хабарсыздардың қатарында кетті-ау, өлі-тірісін де біле алмадық» деп қамығып отырған атамның бейнесі көз алдыма елестеп кетті. «Барайын», дедім мен бірден. «Олай болса, тізімге сені де қосамын», деді Уәкең. Осындай делегация Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарынан да барды.

Әкемнің ағасы Сәтек Бердіғалиевтың жатқан жері Волгоград  қаласынан 240 шақырымдай жерде екен. Сондықтан мен делегацияға өз машинаммен еріп шықтым. Волгоград қаласындағы «Қазақстан мұрасы» деп аталатын қайырымдылық қоғамының басшысы Ахметов Айболат атты жігіттің бастауымен ағамыз жерленген ауылға да жеттік. Округ басшыларының қабылдауында болып, біраз мәліметтерге қанықтық. 1942  жылдың 19-23 қарашасы арасында жоғарыдағы аталған станица үшін қиян-кескі шайқас болыпты. Ағамыз сол шайқаста қаза тауып, бауырластар зиратына жерленген.  Аты-жөні жазулы. Сол шайқаста 600-дей қазақ жауынгері қаза болған, бәрінің де есімі мемориалды тақтаға жазылыпты. Сәтек ағамыз жатқан жерге туған жерінің топырағын салып, дұға оқып қайттым. Осы сапарға мүмкіндік жасаған, Қазталов ауданының басшыларына және туысқанымның жатқан жерін тауып берген Уәлиолла Әбішев мырзаға біздің әулеттің алғысы шексіз.

Хатимолла  БЕРДІҒАЛИЕВ,

Қазақстан Републикасының еңбек сіңірген   қайраткері,

Қазталов  ауданының  құрметті  азаматы


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар