5.05.2015, 7:51
Қараулар: 342
Ердің аты өшпейді

Ердің аты өшпейді

Женис 70

Әкем Қабылқай Дүйсенов «Біз Ұзынкөлдің оңтүстік шығысында Қосай көлін мекендедік. Інім Ажыхан екеумізде екі тай болды, соларды үйретіп, үлкендерге көрсетпей, далада жарысатынбыз. Әжем мен шешеме тері илеуге көмектесіп, ат құралдарын да жасайтынбыз. Жылқыға үйір екенімізді ел біледі, содан болар, алғаш колхоз құрылған жылдары колхоз жылқысын бағу маған тапсырылды. Жылқыны өте жақсы көремін, міндетімді ойдағыдай атқарғандықтан, коммунистік партия қатарына алындым. 1941 жылы көктемде аупарткомға шақырып, «Ленин» орденіне ұсынылдың» деп құжат толтыртты», — деп отыратын.

Әкемнің «Ажыхан 1937 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, сол жақтан Финляндиямен соғысқа қатысып, елге келгесін колхозда әскери жетекші болып жүрді. Соғыс басталып, қарбалас күн туды. Ауылдың ер-азаматтары біртіндеп соғысқа алынды. Алғашқылардың бірі болып соғысқа аттандым. Ажыхан пойыз жүріп кеткенше ақыл-кеңесін айтумен жүрді» дегені есімде.

Көп кешікпей Ажыхан ағам да соғысқа алыныпты. Әкем екеуі хат алысып тұрған. Ағасына Сталиннің кейбір бұйрықтарын қазақ тіліне аударып жазып, «Біз кешікпей жеңеміз» деп, ылғи қуаттандырады екен. 1943 жылғы жазған бір хатында елде демалыста болып келгенін жазыпты, елдегілер де Ажыханның қыркүйек айында елге келіп кеткенін, наградалары, атаулы тапаншасы болғанын, оны кетерінде ауылда қалған үлкен ағасына беріп кеткенін айтыпты. 1944 жылы жазда жазған хатында «Екеуміз бір-бірімізге жақын жерде жүрміз, жақында саған барып қайтамын» депті. Бұл оның соңғы хаты екен. Күзде Польшаның шекарасынан өте бергенде әкем ауыр жарақат алып, алты айдай госпитальда емделіп шыққасын «Алғы шепте соғысқа жарамсыз» деп танылып, 112-саперлар құрамына жолданады да, Беларуссия жерін минадан тазалауға қатысады. Содан 1945 жылғы қыркүйекте жоғары көрсеткіштері үшін қысқа мерзімді демалыс беріліп, елге келгенде інісінің қаза тапқанын естиді. Алайда 60-жылдардың аяғына дейін әкем «Ажыхан бір құпия жағдайда жүрген шығар, хабар болар, не бір күні келіп тұрар» деп армандап, іштей күтумен жүрді. «Ең болмаса, аты шықпады-ау» деп қиналатын, естеліктерін айтып, інісін аузынан тастамайтын. Соғыс аяқталғасын Ажыханның марапаттары, басқа да келген жеке заттары жесірінің үйінде өртеніп кеткен. Бізде оның әскери шені, марапаттары жөнінде ешбір дерек болмады. 1970 жылы әкем аудандық әскери комиссариатқа барып, «Інім Ажыхан Дүйсенов үлкен командир болған» деп бар естіп-білгендерін айтып, «Неге аты шықпайды? Ең болмаса, жерленген жерін тауып беріңдер» десе, сол арада «Ажыхан Дүйсенов 1944 жылы 10 тамызда қаза тапқан, жерленген жері – Батыс Украина Сокольск ауданы Франскева Буда деревнясы» деп тілдей қағаз жазып беріпті. Мен 1971 жылы Алматыдан жоғарғы оқу орнын бітіріп келгесін әкемнен сол қағазды көріп, Украинаның әскери, басқа да бөлімдеріне сұраныс жолдадым. Алайда нақты деректер болмады. Әкем «Мені қойшы, бейбіт өмір, балаларымның өсіп-жетілгенін көрдім. Ажыханды айтсаңшы, қыршынынан кетті, қай жерде қалғаны да белгісіз, еңбегі де елеусіз, өзі соғысқа кеткеннен кейін дүниеге келген қызын да көрген жоқ», — деп жүрді.

Сөйтіп, ақпараттық технология қарыштаған заманда мен де осы ойдан қайтпай, ағамды іздеумен болдым. Аудандық әскери комиссариатқа сұраныс түсірдім. Алайда «Ажыхан Дүйсенов жөнінде мәлімет табылмады» деген жауап алдым.

Үнемі Ұлы Отан соғысына байланысты ауданға, жеке тұлғаларға қатысты материалдар іздестіріп, тапқан мәліметтерін аудандық, облыстық газетте жариялап жүретін әріптес інім Ахмедияр Батырхановқа әкем мен ағам жөнінде айтып жүретінмін, сол кезде ол аудандық әскери комиссариатта жұмыс істеп жүрді. Бірде Ахмедияр «Капитан Дюсенов Ажикан проявив геройство и мужество, был убит 10 августа 1944 г. Похоронен Зап окраина дер. Франскева Буда Сок р-на Гродненск. обл.- /текст мәтіні сақталды/» деген «қара қағаз» көшірмесін әкелді. Бұрын бізге окраина деген сөзді Украина деп, облысын көрсетпей, шала-шарпы жазып бере салған ғой. Ағамнан қалған жалғыз қызы Клара Ажыханова екеуміз Ахмедиярға алғыс айтып, жерленген жері табылды, енді барып қайтамыз деп жоспарлап қойдық. Ахмедияр іздестіре келе, ағамның батальон командирі қызметінде жүріп қаза тапқанын анықтады. Ол аудан, деревня қазір жоқ болып шықты. Мен облыстық қорғаныс департаментіне келіп, Беларуссияның Гродно облыстық әскери комиссариатының мекенжайын, телефонын алып хабарласып, сұраныс бердік. Ол жөнінде маған біздің облыстық қорғаныс департаменті қызметкері Серкебай Рамазановтың көп көмегі тиді.

Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі әскери-медициналық музейінен алынған және Гродно облыстық әскери комис-сариатының іздестіру жұмыстары, табылған құжаттар бойынша, Ажыхан Дүйсенов 1939 жылы Қызыл Армияның қатарында Беларуссияның батыс облыстарын азат етуге қатысады. 1940 жылы Финляндиямен соғыста болған. 1941 жылдың 3 қыркүйегінде 99-ат-қыштар дивизиясының 1-атқыштар полкінің бөлімше командирі қызметіне тағайындалған. Житомир облысы Коростен қаласы түбіндегі ұрыста 1941 жылғы 12 қыркүйекте сол аяғынан екі рет жарақат алған. Госпитальда емделіп шыққаннан кейін 290-атқыштар дивизиясының 885-атқыштар полкі барлаушылар взводына командир қызметіне жолданған, арғы бетке төрт қайтара барлауға барыпты. 1941 жылдың желтоқсанынан 1942 жылдың қаңтары аралығында Калуга түбіндегі ұрыста қаза тапқан командирдің орнына ротаны бас-қарған. Юхнов қаласы үшін ұрыста ротасы ерекше көзге түсіп, Лобаново селосын азат ету барысында жеке өзі үш немісті қолға түсірген. Фомино-1 селосы үшін болған ұрыста қаза тапқан батальон командирін ауыстырған. 1942 жылы 8 сәуірде ауыр жарақат алып, госпитальда емделіп шыққаннан кейін 1942 жылғы тамыз айында 878-полктің 4-мергендер ротасына командир етіп жіберілген. Оның ротасының жауынгерлері аз уақыттың ішінде 473 немістің көзін жойған. Өзі 1942 жылдың ішінде төрт рет, оның екеуінде ауыр жарақат алған. Осы ротаны 1943 жылдың тамызына дейін ойдағыдай басқарған. Батальон командирінің орынбасары қызметінде жүріп, 1943 жылы 13 қазанда Ленино деген жердегі қиян-кескі ұрыста Ажыхан батальон командирін ауыстырып, өзі жағынан аз шығынмен немістердің мықты жасағының шебін бұзып, оларды шегінуге мәжбүр еткен. Сондай-ақ Беларуссияның Гродно, Могилев қалаларын азат ету, Днепрден өту ұрыстарында, «Багратион» операциясы барысында, Проня өзенінен өтуде А. Дүйсеновтің батальоны ерекше көзге түседі.

Осы жылдардағы ерекше батырлығы, төзімділігі мен әскери шеберлігі үшін Ажыхан Дүйсенов 1942 жылы «Ерлігі үшін» медалімен, 1943 жылы Қызыл Ту орденімен, 1944 жыл ішінде І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен наградталған. Сондай-ақ оның ержүрек, батыл, ақылды, мінезі орнықты, өте қарапайым болғаны, сол қасиеттерімен өте беделді және сыйлы болғаны баса айтылады.

Тағдырға не шара, Ажыханның бірге туған аға-апалары, жұбайы Сәбиля көп деректерді, оның аты өшпегенін білмей кетті. «Ештен кеш жақсы» дегендей, 70 жылдан кейін нақты деректерге біздің қолымыз жетті. Ендігі тілегіміз – жерленген жері табылса, өзі сол үшін жанын берген елінің, кіші Отаны – Ұзынкөлдің бір уыс топырағын апарып салсақ  дейміз.

Зульфара ҚАБЫЛҚАЙҚЫЗЫ,

Орал қаласы


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар