2.05.2015, 8:57
Қараулар: 359
Елі сыйлаған ер, іскер басшы болған азамат

Елі сыйлаған ер, іскер басшы болған азамат

Женис 70


Майдан шебінде елі үшін от кешіп, бейбіт өмірде қажырлы еңбектің үлгісін көрсете білген жандардың бірі  кезінде  Қаратөбе совхозының  директоры қызметін атқарып  шаруашылық шаруасын шарықтатқан елге танымал соғыс ардагері  Ғазез Рамазановтың есімі ел жадында.


Ғазез Рамазанов 1924 жылы Орал облысы, Қаратөбе ауданының Соналы ауылында дүниеге келген.  Ғазез аға 8 жасқа толғанда әкесі Рамазанов Шүленов, анасы Хафиза Сарымұхамбетқызы дүниеден озған.  Ата-анасынан ерте айырылған Ғазез аға балалар үйінде тәрбиеленіп, білім алған.

1942 жылдың қаңтарынан тамыз айына дейін Соналы ауылдық кеңесінің хатшысы қызметін атқарып жүргенде өз еркімен майданға сұранып  әскер қатарына алынады.

Атқыштар  бөлімі бригадасы қатарында 1943  жылдың шілдесінде соғысқа аттанады. Соғыс тарихында қалған Курск түбіндегі жойқын ұрысқа қатысады.  Ғазез Рамазанұлы  Харьков қаласын жаудан  азат ету кезінде ауыр жарақат  алып  1944 жылдың 1 қаңтарына дейін Саратов қаласындағы госпитальда емделіп елге оралған. Елге келіп ауылдық кеңес хатшысы, мектепте әскери жетекші қызметтерін атқарады.

Қайсар жауынгер  Ғазез аға 1945 жылы 1 ақпанда қайтадан әскер қатарына алынып  Будапешт, Прага, Брно, Блажко қалаларын азат етуге қатысқан.1945 жылдың 9 мамырына дейін тұтқын қабылдаушы лагерде қызмет етіп, осы жылдың қыркүйек айында Жапон соғысына аттанады. Лейпциг қаласында тағамнан уланып сырқаттанған  майденгер Севастополь қаласындағы әскери емханада  емделіп  қараша айында елге оралады. Ардагер аға Ғазез Рамазанұлы майдандағы ерлік істері үшін «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін»,  «1941-1945жылдары Ұлы Отан соғысы кезіндегі қажырлы еңбегі үшін»,  «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20 жыл», «Тыңайған жерлерді игергені үшін»  медальдарымен марапатталған.

Білікті маман  Ғазез Рамазанұлы 1946 жылы Егіндікөл ауылдық кеңесінің хатшысы, бір жылдан соң Қалдығайты ауылдық кеңесінің төрағасы қызметінде болып,1953 жылдың сәуірінде  Қаратөбе совхозына қызметке келеді. Әуелі ауылшаруашылығы техникумын, орталықтағы басшы кадрларды дайындайтын бір жылдық оқу орнын, кейіннен Алматы ауылшаруашылығы институтын тәмамдаған іскер басшы 1963 жылдың 1 наурызынан 1968 жылдың  16 тамызы аралығында өмірінің соңғы күніне дейін Қаратөбе совхозының директоры қызметін атқарды. 1950 жылдан партия мүшесі. Қазақстан Коммунистік партиясының Қаратөбе аудандық комитетінің мүшесі болды. Аудандық, ауылдық кеңестердің депутаты болып сайланған.Майданда жүректілігімен, әділдігімен қаруластары арасында  сыйлы болған жауынгердің бейбіт өмірдегі қызметтегі іскерлігі мен біліктілігі замандастарының  мәңгі есінде қалған.

«1964 жылдан осы совхозда механик болып жұмыс жасадым. Сол жылдары Ғазез Рамазановтың басшылығымен совхоз аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтың бірі болып тұрды. Ол уақытта совхоздан ешкімнің көшіп жатырғанын көрмейтінбіз, қайта бұл совхозға басқа жақтардан көшіп келіп жататын-ды, кадрларды тәрбиелеп өсіру жөнінде басқа  совхоздарға қарағанда бұл совхоз көш ілгері болды. Бұл күндері осы совхозда тәрбиеленген кадрлар ауданымыздың барлық жерінде, басқа да жақтарда баршылық.Түрліше жағдайларға байланысты кадрлар ауысып жатса, орнына өздерінен кадр табатын. Ал қазір мұндай жағдайлар болса кадрларды  алыстан іздейміз. Марқұм Ғазез ағай шаруашылықты өрге бастыруда  зор еңбек сіңірді. Ол кісінің басшылығы тұсында еңбек тәртібінің қатаң сақталуына ұйымдастырушылық жұмыстарға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға баса назар аударылған-ды . Сол уақыттағы 20-25 жастағы жігіттер жастық жігермен орасан зор жұмыстарды атқарды. Олардың қатарында менің құрдастарым бригадир Орынғали Дүйсенғалиев, механизатор Халел Қажығалиев, аға малшы Кеңес Бақтығалиев  және тағы да  басқалар болған еді»- дейді,  Ғазез Рамазанұлының тәрбиесін көріп өсіп шаруашылықтың белді маманы болған қазірде еңбек ардагері, Қоскөл ауылының тұрғыны, аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі Оразбай Баянов.  Иә, Оразбай аға  сияқты  сол кезде қызмет жасаған жас мамандардың көпшілігі Ғазез ағаның  білікті де іскер басшы болғанын ел арасында  айтып, әңгімелеп жүретін-ді. «Жақсының өзі өлсе де, ісі өлмес» деген нақыл сөз осындай ізгілік  іске бағытталып айтылса керек.

Ғазез аға мен Нәурен апай  отбасында 7 бала тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Болат Ғазезұлы ұзақ жылдардан Ақтай-сай ауылында қызмет етіп келе жатырған елге сыйлы азамат. Ақтай-сай мәдениет үйінің директоры  ұлы Ербол Рамазанов аудандық мәслихаттың депутаты. Халық қалаулысы Е.Ғазезұлы ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, Қаракөл ауылдық округінің өркендеуіне өзіндік еңбек үлесін қосып келеді. Ұлы Ғайса республика аумағына белгілі әнші. Отбасындағы балаларының бәрі бірдей өнерге бір табан жақын жандар.  Барлығы да музыкалық аспаптарда шебер ойнап, ән орындау шеберлігімен көзге түсіп жүр.Ән айту әкеден жалғасын тапқан өнер болса керек. Мұны шаңырақтың үлкен ұлы Болат ағаның  әкесі туралы естелік әңгімесінен аңғардық.

«Әкем Ғазез Рамазанов соғыстан алған ауыр жарақатының зардабынан 1968 жылы 44 жасында қайтыс болды.  Ақтай-сай ауылында ауылдық кеңестің төрағасы, мектеп директоры болып жұмыс жасаған марқұм Байниязов Жарылғаған ағай  1944 жылы 17 жасында бір топ қаратөбелік ағайындармен бірге  мектеп құралдарын алуға Саратов қаласына барады.Кешкісін сол іс-сапарлап барған  маңайда орналасқан  қазақтар жиналатын клубқа барып ағайындармен бірге концерттік бағдарламаны тамашалап отырса, сахнада би биленіп, ән шырқалып жатады, бір кезде қолында домбырасы бар балдақпен бір солдат шығып, әуелі күй тартады, содан кейін екі-үш ән орындайды. Бұл жігіт  қай жақтан деп сұрастырып, Қаратөбенің жігіті дегенді естіген Жарылғаған аға  әкеммен сәлемдесіп,алғаш танысқан екен. Жарылғаған ағаның  көзі тірісінде маған «әкеңмен осылай таныс болдым» дегені бар еді деп еске алады жауынгердің үлкен ұлы Болат аға.

Соғыстағы ерлігі, болмаса елдегі елеулі еңбектерін баяндап  өзін көрсетуді  қош көрмеген елге сыйлы ел ағасының қыруар еңбегі мен соғыстағы ерліктері баяндалған материалдар осы күнге дейін бірді-бір жарық көрмеген.

 Ерболат РАЙСОВ,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі


"ЖЕҢІС ТАРИХЫ" БАЙҚАУЫ

Басқа да мақалалар