14.12.2020, 11:24
Қараулар: 114
ЖОМАРТТЫҚ ТАНЫТТЫ

ЖОМАРТТЫҚ ТАНЫТТЫ

Жазылым науқанының аяқталуына санаулы күндер қалды. Жекелеген азаматтардың жаздырғаны бір бөлек те, ауылдағы ауқатты кәсіпкерлердің демеушілік танытып, ауылдастарын жаздырғаны бір бөлек. Соңғы күндері өз қалталарынан қаражат шығарып, өзгелерге рухани азық болсын деп облыстық, аудандық газеттерге жаздырып беріп жатқан аға-апаларымыздың саны еселенуде. Бұл, әрине, көңілге медеу, жұмысымызға серпін береді.

Аудандағы ісі берекелі, жоспары айқын, іргелі шаруашылықтың бірі де бірегейі саналатын «М.Боранбаев» шаруа қожалығының иесі Мырзабай Боранбаев ағамыз облыстық, аудандық газеттерге қолдау көрсетіп, алты адамды «Орал өңіріне», он ауылдасын «Орда жұлдызы» газетіне жаздырып берді.

Ал бисендік Әспет Ахтарова аудан үнжариясына демеушілік көрсетуді дәстүрге айналдырған кәсіпкер. Әспет апамыз қай істің де басы-қасынан табылатын, айналасына қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып жүретін қайырқом жан. Күні кеше қоныс тойын тойлаған ауылдастарына да жаңа үйінің көрімдігі деп сыйлығын апарып, қуаныштарына ортақтасып жүр.

Ғұлама Ғұмар «Өзіңіз білесіз, адамға пайдалы нәрсе де бар, зарарлы нәрсе де бар, біз көп оқып пайдамыз не, зарарымыз не, біліп жете алмаймыз. …Енді ойлап қарайық, біз қазақ халқы 6 миллион шамалы бір ел екенбіз. Сол 6 миллион елге 6 мың әлгідей басшы табылар ма, 6 мың түгіл 6 жүз, 6 жүз түгіл 60 та  жоқ, бірен-саран болған … басшы адамдар шыға қалса да, ол һәр кімменен бірге жүре алмайды. Енді қалай етпек керек?! …Қайғыны-шаттықты бірге ортақ көрмеген соң бізде ынтымақ жоқ, ынтымақ болмаған соң күш-қуат та жоқ, бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет, со себепті газет – біздің басшымыз, біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз, біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шам шырағымыз. Бізге, қазақ балаларына бұның қадірін біліп, ортамызда жанған бір шамның сөнбеуіне тілекші болу аз, ақшаны аямай жазылып, алып оқу – парыз» деген екен.

Рухани азықты басты орынға қойып, ауданның бүгінгісінің  жылнамашысы, өткенінің жаршысы болған «Орда жұлдызына» қолдау білдірген аға-апаларымызға ризашылығымызды білдіреміз. Табысыңыздың тайқазаны ортаймасын, сәттілік серігіңіз болсын дейміз.