27.11.2020, 11:18
Қараулар: 448
БҰҚАРА МЕН БАСПАСӨЗ ЖЕТІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕГІ КЕЗДЕСУГЕ ТАҚЫРЫП БОЛДЫ

БҰҚАРА МЕН БАСПАСӨЗ ЖЕТІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕГІ КЕЗДЕСУГЕ ТАҚЫРЫП БОЛДЫ

 

«Жайық Пресс» медиахолдингі басшысының орынбасары, айтулы ақын Ғайсағали Сейтақтың бастауымен ауылдық округтерді аралап, ауылдағы  оқырман қауыммен кездесіп қайтты. Сапарымыз Ұялыдан басталып, Мұратсайда тәмамдалды.

ҰЯЛЫЛЫҚ ҰСТАЗДАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ­ ҮЛГІ БОЛСА ИГІ

Ұялы ауылындағы мәдениет үйінде өткен кездесуге ұстаздар қауымы, ауылдық округ әкімдігі, балабақша мен медициналық пункт қызметкерлері қатысты. Мәдениет үйінің басшысы Сайлаубек Мұқтаров ауыл жұртшылығы атынан «қош келдіңіз!» айтып, сөз кезегін қонақтарға ұсынды.

Ауылдағы ағайынмен амандасып, кездесуге келгендері үшін ризашылығын білдірген  Ғайсағали Сейтақ келген мақсатын айтып, негізгі тақырыпқа көшті.

  • Жалпы жұртшылықтың баспасөзге жазылу белсенділігі жыл өткен сайын өткір мәселеге айналып келеді. Бұл тек біздің облыс, не ауданға қатысты ахуал емес. Еліміздегі, жалпы әлемдегі ахуал осы. Әлеуметтік желінің қарқын алып, үлкен басымдыққа ие болғаны рас. Дегенмен газет-журнал өз құндылығын жоғалтпайды. Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың жылдық екенін уақыттың өзі мойындап, тарих дәлелдеп отыр. Облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттері де, аудандық «Орда жұлдызы» да тек ақпарат жаршысы боп қана қоймай, келелі мәселелер, түйткілді тақырыптарды тереңінен қаузап, азаматтық позициясын да атқарып келеді. Осы сапарымызда тек жазылымға ғана шақырып қоймай, белсенді автор болуға шақырамыз,-дей келіп, жазылым бойынша жеңілдіктер турасында хабарлама жасады.

Аудан апталығының басшысы да өз кезегінде сөз алып, ұжымның түгелдей жазылымын ұйымдастырып отырған мектеп басшысы Мәншүк Мұхамжароваға, өзі ғана жазылып қоймай, демеуші ұстаздарды ұйымдастырғаны үшін  орынбасары Шынар Сабироваға алғысын білдірді.

  • ­Мектеп оқушыларымен де шығармашылық байланысымыз бір жолға қойылды. Оқушыларыңыз жолдаған, ұстаздарыңыз жазған ақпарат, мақалаларға газетімізден орын беріп отырамыз. Осы байланысымыз алдағы уақытта да нығая берсең. Осы әрекеттеріңіз арқылы сіздер жас ұрпақты газет оқуға тәрбиелеп отырсыздар, — деді газет редакторы.

Жарыссөзде сөз алған мектеп басшысы Мәншүк Мұхамжарова:

  • Қазіргі кезде педагогтар басылымға жазылуға міндетті емес, мәжбүрлеуге болмайды деп жатады. Тіпті мұндай фактілер орын алса, хабарласыңыз деп байланыс телефондарын да көрсетіп қойған. Дегенмен, педагог ауылдағы бірден бір зиялы тұлға. Тұлға дегеннің өзі көп мән береді. Мектептегі тірлігімізбен оқшауланып, қоғамнан бейхабар қала алмаймыз. Қоғамдағы бар мәселе бізге де жат емес. Газет көтерген мәселе, насихаттаған тарих бәрі де бізге тікелей қатысты. Оқып қана қоймай, ой қосуымыз керек. Ұжымдағы 86 адамның 80%-дайы облыстық, аудандық басылымдарға жазылып үлгерді. «Орда жұлдызы» өз газетіміз. Балаларымыздың тырнақалды туындылары шығып, мектептегі игі істер үздіксіз жарияланып тұрады. Бұл балаларымыз үшін үлкен ынталандыру болса, ата-аналарымыз үшін, ұстаздары үшін мәртебе. Осы жас тілшілер арасынан күні ертең айтулы тілші, теледидардан аузына дүйім елді қаратқан тележурналист шығуы әбден мүмкін. Біз мұндай байланыстың нығайғанына қуанып, одан әрі жетілдіре түсуге ынталымыз,-деді.

Ал Сайлаубек Мұқтаров «басылым халық пен билік арасындағы алтын көпір болуы керек. Халықты толғандырған мәселе, ойландырған сауалға жауап орын алатын газеттің оқырманы да көп болары сөзсіз. Осы үдеден шыға береңіз»  деген тілегін білдірсе, ауыл азаматы Дамир Бегишанов «аудандық басылымда Бөкей мен Жәңгір хан заманы, Ұлы Отан соғысы тақырыбы кеңінен көрініс тауып жүр.   Құптарлық іс. Дегенмен Кеңес заманы да тасада қалмаса екен. Бұл кезең біздің дәуреніміз, біздің тарихымыз ғой. Осыны да ескерсеңіз» деген ойын ортаға салды.

САРАЛЖЫНДЫҚ СЕРГЕК ОҚЫРМАН

Ұялылық ұстаздардың ойын саралжындық ұстаз Төлеген Сметов те қолдады.

  • ­Қазіргі таңда әлеуметтік желі де көп, ақпар да көп. Әлжелідегі ақпараттың адамды адастырарын екінің бірі біле бермейді. Ватсаптан да, фейсбуктен де түрлі ақпар келіп жатады. Оны ұсынатын жауапкершілігі бар, қызметі сараптамалық ақпарат ұсынатын журналист емес, қарапайым адамдар. Телефонның тетігін, жазба қалдырудың ретін білетін екінің бірі ойына келген ақпарын тарата алады. Бүгін кеште жалған ақпарат қалдырып, ертеңгі күні ойдан құрастырғанын айтып, кешірім сұрап жатады. Ал біз сол жалған ақпарды оқимыз, кешірім сұрағанын көрмей, оқып үлгермей қаламыз. Өйткені әлеуметтік желідегі ақпарат тез ауысып, жоғалып кетіп жатады. Сол жалған ақпаратпен миымыз уланып, сол өтірікті айналамызбен бөлісіп жатамыз. Ал газетте олай емес. Бір ақпараттың артында тұтас редакция еңбегі бар. Жауапкершілік бар. Сүзгіден өткізіп, ақиқатын анықтап береді. Газет сонысымен құнды,-дей келіп, — ұстаздар қауымы кез келген науқанда локомотив боп, топ бастауы керек. Осы жазалым науқанында да,- деп әріптестеріне үн тастады.

Соңғы екі-үш жылдық жазылым сараптамасына көз жүгіртсек, саралжындықтардың баспасөзге жазылуы енжарлық танытып жүргені анық байқалады. Дегенмен, Мерхат Бадиров сияқты санасы сергек оқырманды көріп, көңіліміз бірленді.

  • ­Қазіргі жастар фейсбук, инстаграмнан-ақ жер-жаһанның барлық ақпаратын оқып отырғанын айтып, ақша шығындап, газетке жазылуды ыңғай көрмей жатады. Бірақ газетті парақтап оқығанның өз ләззаты бар екенін айтқым келеді. Әкемізден көрген өнегемізбен облыстық, аудандық басылымдарды жаздырып аламын. Сауат ашып, әріп тануымның өзі осы екі газеттің атын әріптеп оқудан басталған. «Орал өңірі» дегенде де, «Орда жұлдызы» дегенде де «О»-дан басталады деп, буындап оқып, қара танығанмын. Мен үшін әлі күнге дейін осы екі басылым егіздің сыңарындай. Төлеген ағамыз газет ақпаратты сауатты, сараптама жасап, ұсынады деп дұрыс айтты. Мысалы, «Орда жұлдызы» бір ғана тротуар мәселесін бірнеше рет көтеріп, тереңінен қазып, талдап көрсетті. Соңғысында тротуар сапасына көңіл толмайды, талапқа сайлығы қадағаланып отыр ма деп сауал тастап жазып еді. Нәтижесі де көп ұзатпай, белгілі болды. Ақырында жұмыс тоқтатылды. Біткеннен кейін тротуар салынды деп хабарламай, аудандағы журналисттер жұмыстың жүргізілуін, сапасын бақылап, қоғамдық, азаматтық ұстанымдарын танытты. Жасөспірімдер мен балаларды газет оқуға ынталандыру үшін түрлі байқау, викториналар ұйымдастырылса, ұтымды болар еді. «Көк аспан — қара жер» деген республикалық дайджест-басылымның соңғы бетінде осы викториналар керемет берілетін еді. Жазылым мәселесіне келсек, поштаға барып, кезек күтіп, ешкімнің жүргісі келмейді. Газеттің де жазылым процесін заманауи тұрғыдан ойластыратын кез келді. Мобильді қосымшасы шықса, я болмаса жазылу ақысын қолымыздағы телефон арқылы аудара салатындай қылса, жақсы болар еді,-деп сөз алған Мерхаттың сауатты, санасы сергек оқырман екені сөз саптауынан-ақ аңғарылып тұр.

Мерхаттай оқырманымыздың сөзіне көңіліміз тойып, мектеп басшысы Зинаида Сұлтаниярова бастап, Төлеген ағамызға қостап, жазылымға жан бітіреміз деген сөзіне үмітіміз үкілеп, Бөрлінің бағытқа алдық.

«ЖАЗЫЛЫМ НАУҚАНЫНДА ПОШТА ҚЫЗМЕТІ ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛСА…»

Дәл осындай ұсыныс ұстаздар ұжымынан айтылды.

  • ­Апталық поштаны ақтару аудандық газетті оқудан басталады. Өз газетіміз ғой. Үш ай, алты ай деп бөліп-жармай, бір жылға бірден жазыламыз, -деп сөз алған бөрлілік ұстаз Света Базарбаева осы ұсынысты әкімдік қаперіне берді.
  • Мектеп мұғалімдері күн ұзаққа жұмыстамыз. Сабақтан сәл босасақ, үйге асығамыз. Ал пошта қызметкері жарты күн жұмыс жасайды. Зейнетақы беріліп, алды клиенттен босамай жатады. Күтіп тұруға уақыт жоқ. Жазылым науқаны қарқынды болсын десек, осы жайтты бірыңғайлы қылсақ, — деді.

Бөрлі ауылдық клубының басшысы Айнұр Әбдірешева «Орда жұлдызы» газетінің тілшілері Раушан Бақытова мен Арайлым Есмағұлованың жұмысына ризашылығын білдірді.

  • Редакция қызметкерлері кез келген жаңалыққа сергек қарайды. Үнемі хабарласып, ауылдың жағдайын сұрап, жақсы жаңалығын жариялап, біз жіберген титтей дүниенің «қасы-қабағын түзеп» жайнатып береді. Тек аудандық басылымға ғана беріп қоймай, облыстық газеттерге беріп, әлеуметтік желілерге жүктеп отырады. Жаңалықты оқыған алыс-жақындағы ағайын, көзтаныстар қуанышымызбен бөлісіп, арқа-жарқа боп жатамыз. Осылай жақсылығымызды асырып, мерейімізді арттырып отырғаны үшін редакция ұжымына ризашылығымызды білдіреміз,-деді өз сөзінде Айнұр замандасымыз.

Аудандық үнжария басшысы өткен оқу жылында жас тілші, биылғы мектеп түлегі  Дана Атыраудың ерекше белсенді боп, ауыл тынысынан, мектеп өмірінен хабарлама жасап тұрғанын айтып, тіл мамандарынан осы жолдың жалғасты болуына жұмыстануларын сұрады.

  • Журналист болуға ниетті Дана Атырау сияқты оқушылардың тырнақалды туындыларын жариялап, талаптарын ұштағаныңыз үшін мектеп мұғалімдері атынан ризашылығымызды білдіреміз. Нартай Аралбай сынды танымал журналисттер шыққан алтын ұядан Нартайдай, еңбекқор Данадай оқушылар шығары анық. Бұл тұрғыда жұмыстанатын боламыз. Ұжым алдағы уақытта жүз пайыз жазылады деп сендіремін,-деді мектеп басшысы Тимур Қабдығалиев.
  • Елдегі індетті жағдайға, жол жағдайына қарамастан осы жазылым мәселесі үшін Ғайсағали Сейтақ бастап, Ұлпан қарындасымыз, Еркебұлан ініміз қостап, ауылымызға келіп, өздеріңізбен кездесіп, оқырман ретінде талап-тілектеріңізді біліп, алдағы жоспарларымен бөлісіп жатыр. БАҚ қоғам мен биліктің арасындағы көпір, бүгінгі мен ертеңгінің жылнамасы. Ертеңгі ұрпақ біздің бүгінгі тірлігімізді осы басылымдардан біледі. Ертеңгі тарихымыз осы басылым беттерінен жасақталып жатыр. Сондықтан баспасөзге жазылу да елдікті танытатын іс. Осы орайда ауылдастарымды облыстық, аудандық газеттерге жазылып, бірі кісідей қолдайық деймін. Келген қонақтарға  арық айтып, семіз шығуға тырысамыз, кездескенде «қолдаймыз, жазыламыз» деп айтып, шығарып салмай,  жазыламыз деп сендіремін,- деді ауыл әкімі Меңдібай Қитанов.

«МҰҒАЛІМ ЖАЗЫЛЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ОҚУШЫЛАРДЫ ГАЗЕТ ОҚУҒА ҮЙРЕТУГЕ МҮДДЕЛІ БОЛУЫ КЕРЕК»

Аудандағы іргелі ауылдың бірі Бисендегі оқырманмен кездесу де мектепте өтті. Б.Жәнекешев атындағы мектептің директоры Айгүл Шамшиденова:

  • Педагогтарды басылымға жазылуға мәжбүрлеуге болмайды. Бірақ бұл мұғалім басылымды мүлдем алдырмаса да болады деген сөз емес. Ағартушылық қызметте жүргендіктен мұғалім тек білім берумен шектелмей, қоғамның, елдіктің, идеологияның да мәселелеріне бейжай қарамауы керек. Азаматтық ұстанымын білдіріп, игі істің басы-қасында жүруі керек. Мұғалім өмір бойы оқитын, білімін жетілдіретін мамандық. Сонда ғана ол нағыз ұстаз бола алады. Зиялы қауым өкілі ретінде отандық БАҚ-тың белсенді оқырманы, авторы болуы керек, -деп сөз бастады.

Мектептің білікті ұстазы, майталман маман Гүлнар Шамшиденова:

-Мен облыстық та, аудандық та газетке алдыңғылардың бірі боп жазылдым деп марқайып отыр едім. Аудандық газет редакторының жас тілшілер жетістігі туралы, бисендік шәкірттердің белсенділігі  бәсең дегенін естіп, «ұтылып жүрген жеріміз осы екен-ау. Мұны да бір қолға алу керек екен» деп ойлап отырмын. Өз тәжірибем бойынша айтсам, мен өз оқушыларыма газет бойынша тапсырмалар берем, белгілі бір мақала шыққанын айтып, «сол мақаланы іздеп, келесі сабаққа мынадай сұрақтар бойынша дайындалып келіңдер» деп тапсырма беремін. Оқушылар ел кезіп жүріп, газетті іздеп тауып, дайындалып келеді. Мұғалім газетке жазылып, тираж санын көбейтіп қана қоймай, жас ұрпақты газет оқуға үйретуге мүдделі болуымыз керек,-деді.

ХАНОРДАЛЫҚТАР ҚАРҚЫН АЛДЫ

 

  • Біздің ауылдық округ өткен апталардағы жазылым нәтижесі бойынша мардымсыз болды. Бұл жылдағы ахуал. Жазылу қыркүйектің соңы онкүндігінен басталғанымен соңғы айға тақап әкеп жазыламыз. Ұжым боп жазылып, тіпті ұжымдағы адам санынан асырып жазылып жатқандар бар. Мысалы, музей-қорығының ұжымы жүз пайыз жазылады. Бұдан бөлек шаруа қожалықтарымыз да өз қарамағындағы қызметкерлерді, ауылдағы әлжуаз топ мүшелеріне газеттерге жазыдырып беріп отыр,-деді ауыл әкімі Медет Сисенов.

Ауыл азаматы Жанболат Оңаев жол құрылысы, ауылдағы интернеттің қолжетімділігі туралы әңгіме айтылуы керек десе, музей-қорық директоры Ғайса Махимов ұжымдағы 65 адамның 63-і аудандық басылымға жазылып, тұрақты оқырмандар көшін бастап отырғанын айтты. Ғайсекең жазылымды жүз пайыз орындап отырғанын ғана тілге тиек етпей, аудандық газеттің соңғы санына да қатысты өз ойын айтты.

Туған  ауылы, оқыған мектебіне келген ақын Ғайса ағамыз ерекше шабыттанып, сөзін  «Жәңгір мектебіне» деп аталатын жыр шумағымен түйіндеді.

«ГАЗЕТТІҢ ӨМІРШЕҢДІГІ ­– ОҚЫРМАННЫҢ КӨПТІГІНДЕ»

Кездесу аудан орталығындағы М-С.Бабажанов атындағы мектепте жалғасын тапты. Қос мектеп, аудандық аурухана мен түрлі мекеме өкілдері бас қосқан жиын тізгінін  ауылдық округ әкімі Нұргүл Омарова ұстады.

М-С.Бабажанов атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Фархат Мұхатов жас та болса, көшелі сөз айтты.

  • Кез келген газеттің өміршеңдігі оқырманның көптігімен өлшенеді. Технология дамып, тарату ісі қолға алынбай тұрып, елдікті ойлаған ұлтжанды ағаларымыз Бөкей жерінде қазақтың тұңғыш басылымын шығарып, іргесі мығым, дамыған ел болу үшін маңызды мәселелерді талқылап, қалың қазақтың назарына ұсынды. Бүгінгі облыстық газет те, аудандық газетте тамырын тереңнен тартқан, сол тұңғыш басылымдардың жұрнағы. Қазіргідей заманда бізден керегі газетке жазылып, тиражын көбейтіп, ой қосып, үн қатып, белсенділік танытуымыз. Әріптестерімді осы игі іске шақырамын,-деді Фархат ініміз.

Аға буын атынан сөз алған Сәрсембай Қуаншалиев қазіргі буынның өлке тарихы тұрмақ түгілі, Отан тарихын білмейтініне қынжылысын білдірді.

  • Атырауда оқыдым. Сол кезде кейбір ақсақалдарымыз дәріс оқымай, өзімізге өлке тарихын айтқызып қоятын. Топта Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған қырық рулы ел едік. «Үш жүз алпыс екі әулие-әмбиенің мекені болған Маңғыстау» деп сөз бастаған ақтаулық группаластарымызды «Орда, Бөкей елінен келген группаластарың тұрғанда тарихи мекен деп сөз бастағандарың не тәйірі?» деп тыйып тастайтын. Осының өзі-ақ біздің елдің тарихының қаншалықты қалың екенін көрсетіп тұр. Жас ұрпақ түгілі аға буынның өзі Бөкей елінің тарихын жақсы білмейді. Газет боп, ұстаздар боп, осы кемшілікті жоюға жұмыстануымыз керек. Сосын газетке шыққан жариялымды оқып қана қоймай, кері байланыс жасап, үн қосып отыруымыз керек. Газеттің қорын толықтырып, жүгін бөлісетін сауатты оқырман екенін ұмытпайық,-деді Сәрсембай Қуанышалиев.

 

МӘНІ БӨЛЕК КЕЗДЕСУ

Мұратсайды бағытқа алған біздің көшті ауылдық округтің су жаңа әкімі Мейрамбек Ғилманов ауыл сыртынан қозы көш жерден күтіп алды. Мұнда да оқырманмен кездесу мектепте өтті. Ауыл ақсақалы Каспи  Жахатов сөз алып, аудандық газетті тоқсан жылдық мерейтойымен құттықтап, жаңаша серпін алған үнжарияның осы жолдан таймауынан тілектестігін білдірді.

Мұратсайлықтар екі қоянды бір оқпен атып, шара мазмұнын байытып-ақ жіберді. Шарада жазылым мәселесі ғана айтылып қойған жоқ. Мектеп директоры Асылбек Нұралиев ақын Ғайсағали Сейтақ шығармаларындағы туған өлке тарихы тақырыбында таңдау курсы жүргізілетін айтып, Гүлім Қосай мен Аида Иматова ақын жырларын оқып берсе, Ерназар Амангелдіұлы Бәйтерек ауданынан бейнесәлем жолдады.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Еркебұлан РАХМЕТОЛЛА