27.11.2020, 11:00
Қараулар: 133
АТАМ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТІҢ ӨЗІ РУХАНИ АЗЫҚ

АТАМ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТІҢ ӨЗІ РУХАНИ АЗЫҚ

Ұлы жеңіс күні біздің отбасымыз үшін ерекше қастерлі. Осы ұлы Жеңісте біздің атамыздың да үлесі барын мақтаныш етеміз. Менің түп нағашым Қабдел Салықов қанқұйлы Сталинград майданына қатысқан

Атамыз Толыбайда туып, еңбекпен ес жиған адам. Соғысқа аттанғанша жұбайы Жәмеш Жұбанышқызымен шаңырақ көтеріп,бір қыз,бір ұл артында қалған. 1941 жылы Жаңақазан аудан орталығына армияға әскер қатарына шақырылып, сол жақтан Сталинград майданына аттанған. Майданда 257-бөлімшенің саперлік батальонде болған. Осы сұрапыл майданда ауыр жарақат алып,  1944 жылы елге оралады. 1943 жылы Қабдел атам  «Ленинград үшін шайқастағы ерен ерлігі үшін»  медалімен марапатталса, елге оралғаннан кейінде  Ұлы Отан соғысының 30-40 жылдық медальдарымен және «Отечественной войны  ІІ степени» наградалық орденінімен марапатталған. Аудан, облыс әкімдерінің, әскери комиссариаттарынан келген түрлі марапат сандық түбінде сақтаулы жатыр.

– Менің  нағашы атам мінезі қайсар, өжет, бір сөзді. Бір айтқанды тез орындауды талап ететін. Қозғалысы ширақ, тік мінезді. «Нағыз жауынгер деген атқа лайықты адам кім?» десе мен атамды көрсетер едім. Менің нағашы атам осындай жан. Өтірік айтқанды, біреуге жалтақтап сөйлегенді мүлдем ұнатпайды. Мен кішкентай кезімде осы атамның бауырында болдым. Ал, әжем биязы мінезді, жұмсақ болды. Әжем кеңшар төрайымы қызметін атқарса, атам оған көмекшілік қызмет атқарды. Ауылда қандай қызмет болса, атам сол қызметтің басы-қасында жүрді. Кейін шопан болды. Сиыр, қой бақты. Атамның бетінің оң жағы сынған, қабырғасына оқ тиген. Беті ішіне қарай шұңқыр болып кіріп кеткен, бала кезімде атамның бетін сипағанды ұнатушы едім, жақ сүйегі опырылып кеткендіктен жұп-жұмсақ болатын, соны қызықтайтынмын. Осыны қызық көріп, қайта-қайта сипаушы едім.  Атамның тәрбиесін көргендіктен бе, менің кейбір шорт кесетін  мінезімді  менің жақындарым атама ұқсайтынымды айтатын, -дейді Кабдел атаның жиені Ізтілеу аға.

  • Мен әкем соғысқа аттанған кезде бес жасар бүлдіршін болдым. Кішкентай болсам да, сол кездегі сұрапыл соғыс қасіретін түсіндім. Кішкентай кезімнен анама көмектесіп, тыл жұмысына ерте қосылдым. Бала ешқайда кетіп, бір нәрсеге ұрынып қалмасын деп менен кейінгі інім Қисмеденді анам құмға басын шығарып көміп кететін. Ал, мені қасына ертіп, қандай жұмыс болады сол жұмысты жасатты. Мал бақтық, шөп тердік, сақманға шықтық. Суға піскен қара көженің өзі азық болды. Адам жаны қырық шырақты екен. Қара судың өзі ас болды. Еңіреген ана, жоқтаған бала, таяққа сүйенген кәрі-шалдың зарлы дауыстары менің балалық жүрегімде сақталып қалды. «Соғыс» деген сөздің мән-мағынасын жете түсінбесем де, ел басына келген үлкен нәубет екендігін ұғындым. Мен сол кезде ерте есейдім. Өйткені, әкем мені маңдайымнан иіскеп тұрып, «Мен ораламын. Мен жоқта анаңа көмектес, ініңе қамқор бол!» деген сөзі мені еріксіз есейтті. Ауыл ішіндегі қарбалас тірліктен шаршаған анамның жылаған дауысын естіген кезде ішімнен әкемнің тезірек оралуын тілейтін едім. Сол тілегім қабыл болып, әкем елге аман-есен оралды. Шүкір, осы бейбіт күнді көріп, бозторғай жұмыртқалаған заманға жеткеніміз. Осы аталарымыздың арқасы. Айналайындар, бұл ерлікті ешқашан, ешкімде ұмытпауы тиіс,-деді Қабдел атамның 86 жасқа келген үлкен қызы Сұлу әже.

Бүгінде Ресей елінде Мәскеу қаласында тұратын немересі Ақмәнет (ұлы Қисмеденнің қызы) атасы туралы берген мәліметінде:

– Менің атам қырық бір құмалақ ашып, бал ашатын қасиеті болды. Ауыл адамдары бір нәрселері жоғалып, іздеу салған кезде атама бал аштыратын. Жоғалғандарын тауып, ел ризашылығына бөленгенін бала болсақ та көзімізбен көрдік. Әжемнің бал татыған көжесін ішіп, бала кезімізде тек атамның қасында ойнап-күліп жүргенімізге риза болдық. Атам көп сөйлемейтін, тік мінезді адам болғасын ба? Өзінің өмірбаяны туралы көп айтпайтын. Соғыс туралы сұрай қалсақ, «соғыс деген жаман сөзді ауыздарыңа да алушы болмаңдар. Ол біз көрген, сендер көрмейтін зұламат болсын!» деп қайтарып тастайтын. Мүмкін сол үшін де қызығушылық танытпаған шығармыз,-деп  атасын есіне алады.

Нағашы атам Қабдел Салықов   86 жылы жасында өмірден озған екен. Атамның көзін көрмеген шөбере-шөпшек, жиеншарлары үшін майдангер атамыздың мағыналы ғұмыры үлкен өнеге. Атам туралы естеліктер біз үшін рухани азық. Ұрпақтар көшіндегі ешқашан ұмытылмайтын құнды жәдігер десем де болады. Мен атамның майдангер болғанын өз достарыма, жақындарыма мақтанышпен айтып бердім.

Дильяра НОХАТ,

Ш.Ж ексенбаев атындағы

мектептің оқушысы