28.11.2020, 10:38
Қараулар: 619
TİK-TOK-ҚА ДА «ТӘК-ТӘК» КЕРЕК

TİK-TOK-ҚА ДА «ТӘК-ТӘК» КЕРЕК

Ұл-қызыңыз Tik-Tоkқа тіркелген бе? Қолдарындағы смартфондарынан не көріп, не үйреніп жүр? Әлеуметтік желілердің қаупі барын ескерген ата-аналар бұл сұрақтарға мүдірместен жауап берері сөзсіз. Ал, күні бойына ересектердің назарынан тыс өз білгенімен жүретін жасөспірімдер тик-токтың құрбанына айналып кетпесе болғаны. Былай қарасақ, Tik-Tоk атауы көңілге күдік ұялатпағанмен оның ішкі контентін бір шолып шықсаңыз жағаңызды ұстарыңыз анық. Тіпті, Tik-Tоk-та  «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ па дерсіз. Бейәдеп сөздермен былғанған бейнекөріністер,   біржыныстылыққа насихаттайтын ашық сюжеттер… фейсбук, инстаграмда мұндай мазмұндағы жазбалар еркін жүктелмейді. Бәйәдеп сөз, анайы көріністер болса, бағдарламаның өзі-аө автоматты түрде бұғатталып қалады.  Ал, тик-токта жүктелетін қандай ма дүниелер сүзгіден өткізілмейді. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан, еріккеннің кері кеткен жазбасы осында. Ал, оны қарап, қызықтап жүрген өзіміздің қарадомалақтарымыз… 

2016 жылы қолданысқа енгізілген Tik-Tоk жер-жаһанды жаулап үлгерді. Қазіргі таңда бұл желінің күнделікті аудиториясы 800 миллионнан асады екен.  Биылдың өзінде  тик-токты 1,5 млрд адам жүктеп алған. Бұл дегеніміз facebook, instagram, youtobe, snapchat секілді қосымшалардан әлдеқайда сұранысқа ие болғанын байқатады. Әсіресе, карантин кезінде Tik-Tоkқа жазылып, видео түсіре бастағандардың саны артыпты. Желідегі белсенділердің дені 16-24 жас аралығындағы жасөспірімдер. Несін жасырайық, Tik-Tоk –  трендтің көкесі бүгінде. Ал, тренд атаулыдан қазіргінің жастары қайтып шет қалсын?!

 

«Мен пайғамбармын» дейді Хан ата

Талдықорғандық Хан Досаевтың есімі үлкен буынға таныс болмауы мүмкін, алайда, жастар жағы оның кім екенін жақсы біледі. Біраз уақыт Tik-Tоk-тың жұлдызына айналған Хан өзін жұртшылыққа пайғамбармын, Құдаймен тілдесетін жалғыз адаммын деп жариялады.

Сыртқы бейнесі де адам сүйсінетіндей емес, жартылай жалаңаш немесе тек ішкиіммен ғана желіге шығады. Tik-Tоk-тағы аудиториясына моральдық-этикалық нормағаға сай емес жыныстық тақырыптағы небір ыңғайсыз әңгімелерді ашық айта береді. Абырой болғанда, күні кеше ұлттың ертеңіне, әсіресе жас буынның келешегіне немқұрайлы қарамайтын азаматтардың үн қатуымен оның парақшасы бұғатталып, әдептіліктен жұрдай бейнекөріністері де қоса өшірілді.

 

«Гадкий утенок»  немесе мұрны жоқ бала

Мұрнының бір бөлігі жоқ екеніне сендіріп, үнемі бетпердемен жауып жүретін жасөспірімнің Tik-Tоk-тағы «өмірін»  700 мыңға жуық адам тамашалайды. Қазақша мен орыс тілінде бірдей сайрайтын бұл баланы жаман деуге қиғың келмейді.

Алайда, парақшасындағы боғауыз сөздерден құлақ тұнады. Ол ол ма, желідегі достары оған түрлі тапсырмалар  беріп, «батыр болсаң орында» деп бұйырады. Сөйткен, тапсырмаларының қандай екенін айтудың өзі ұят. «18+» қатысты әңгімені емін-еркін айтып, тіпті кей жерлерінде іс-әрекетімен көрсетеді. Бәлкім «Гадкий утеноктың» жанкүйерлерінің арасында сіздің де ұл-қызыңыз бар шығар…?

Мені күйеуім тастап кетті немесе қазіргі трендтегі видео

Өкінішке қарай, аталмыш желіде жастардың санасын улайтын бейнежазбалардың қарасы көбейіп келеді. Мысалы, менің жасым 19-да болғанда мені мына жігіт (күйеуінің суретін көрсетеді) еркімнен тыс ұрлап кетті. Кейін менің аяғым ауыр болды дейді жүкті кезіндегі суретін қояды. Одан соң екеуіміз жараспадық, ол мені баламмен тастап кетті дейді. Немесе осы тектес бейнежазбалар ер адамның рөлінде де шығып жүр. Өткенде ғана тағы бір қазақ қызының «күйеуімнің ашынасы бар, мен екеуінің жазысқан хаттарын оқыдым, енді өмір сүргім келмейді» деген мәтіндегі бейнежазбасын көзім шалды. Осы тақырыпта мақала жазуды қолға алғандықтан әлгі қызға арналған пікірлерді оқып шықтым. Сөйтсек, «күйеуімнен көңілім қалды» деп налыған қызымыз ешқандай да тұрмыс құрмаған, әлі университет қабырғасындағы студент екен. Кей достары «есің дұрыс па, сен бойдақсың ғой» десе, туысқандары болуы керек «әкеңнің атын шығарайын деп жүрсің бе, кетір мына бәлеңді, жаман ырым шақырмай» деп жарыса жазыпты. Сол күні кешке таман әдейі тексергенімде видеосын ақыры өшірген екен.

«Атың шықпаса жер өрте» дейді… Есімін әйгілеу үшін қаракөз жастарымыз осындай белден төмен әдістерге жүгінетіндеріне қайтіп ішің күймесін?! Әлеуметтік желі олар үшін әп-сәтте қоғамдағы беделін арттырып, көгілдір экрандардан жарқ-жұрқ көрініп, замандастарынан оза шабатын төте жол секілді. Әлбетте, желідегі «танымалдылығына» сай күректеп ақша тауып, пайдаға кенелетіндер де жоқ емес. Алайда, осыншама жиіркенішті әрі арзан әдістермен атаққа ұмтылудың қажеті қанша?!

Тик-ток деген түкке алғысыз дүние екен деп ойлап қалмаңыз. Негізі бұл о баста игі мақсатты көздеген бағдарлама. Ашылмаған таланттарын, ерекше дарындарын осы тик-ток арқылы жалпақ жұртқа жариялауға болады.  Жасыратыны жоқ, Tik-Tоk арқылы миллиондап табыс табуға мүмкіндік бар. Мәселен, америкалық 19 жасар Белла Порч есімді жасөспірімнің парақшасы сөзімізге дәлел. «M to the B» әнінің ырғағын тап басып  басын былай да былай қозғаған видеосы  бірнеше аптаның ішінде 500 млн қаралым, 27 млн лайк және 90 мың доллардан аса ақша тауып, тик-токтың жұлдызы атанып шыға келді. Қазіргі таңда Белла 43 млн жазылушысы бар ең атақты әрі табысты тиктокерлердің бірі.  Шығармашылық тұрғыдан тик-токты Белладай тиімді пайдаланып, әп-әсем өнерлерімен көпшіліктің көңілінен шығып жүрген қазақстандық желі қолданушылары да жоқ емес. Түрлі фильмдер мен мультфильдердің кейіпкерлерін сомдап, актерлік шеберлігін байқатқан Алинаның (@homm9k),  Айсұлу есімді суретші, дизайнердің (@fance smth)  парақшасы таза шығармашылық алаңы іспеттес. Әлеуметтік желіні сауатты пайдалануды осы қыздардан үйренсе болатындай.

 

Күдікті де күмәнді челлендждер

Tik-Tоk қолданышулары америкалық танымал хит  «You Sure You Wanna Do This, Little Girl?» әніне челлендж жариялады. Ол челлендждің мақсаты бала  кезінен  есейгенге дейінгі бейнесінің қаншалықты өзгергенін көрсету болатын.  Алайда, көптеген жасөспірім бұл челленджге паспорт, жүргізуші куәлігі секілді жеке ақпараттары жазылған құжаттарын қолданыпты. Нәтижесінде алаяқтардың құрбанына айналған жастардың қатары  аз болмады. Сондай-ақ, «tripping jump challenge», яғни «Секір де құла» челленджі де адамның саулығына айтарлықтай әсер еткен болатын. Бұл ойын шарты бойынша үш бала қатар тұрып, бір мезетте орындарынан секіруге келіседі. Алайда, екі жағындағы бала орталарындағы баланың аяғынан шалып, құлатуға алдын ала келісіп алады. Салдарынан челлендж шартынан хабарсыз бала қатты екпінмен жерге құлайды. «Ойыннан от шығады» дегендей, ауыр соққының салдарынан жасөспірімдер мойнын, арқасын ауыртып, түрлі деңгейдегі жарақаттармен ауруханадан бір шыққан оқиғалар жиіледі. Әйгілі Трамп Tik-Tоk-ты мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп мәлімдеген  болатын кезінде. Үндістанның 59 қытайлық қосымшаларды, соның ішінде Tik-Tоk әлеуметтік желісін, UC Browser браузерін және WeChat мессенджеріне тыйым салуына да осы қауіптер негіз болған-ды. Сондықтан, ұл-қызыңызға тәк-тәгін айтып, тик-тогын тексеріп қоюды ұмытпағайсыз!

Арайлым ЕСМАҒҰЛ