27.11.2020, 10:31
Қараулар: 93
ЖӘНІБЕКОВКЕ КӨШЕ БЕРСЕК АРТЫҚ БОЛМАС ЕДІ

ЖӘНІБЕКОВКЕ КӨШЕ БЕРСЕК АРТЫҚ БОЛМАС ЕДІ

Шәуілдірден шыққан Өзбекәлі Жәнібеков  күллі қазақтың руханиятына қызмет еткен айтулы тұлғаға айналды. Қызмет жолын мұғалімдіктен бастаған ол ата мұрамыздың, ұлттық құндылығымыздың шырақшысы болды. Лауазымы жоғарылап, Қазақстан комсомолының І хатшысы болған кезінде Шымкентте Ғани Мұратбаевқа ескерткіш орнатуға мұрындық болды.  Нақ осы Өзағаңның бастамасымен құрылған «Гүлдер» ансамблі студенттердің бүкілдүниежүзілік ІХ фестивальге қатысып, топ жарды. Жас биші Гүлжан Талпақованың, жас сазгер Шәмші Қалдыаяқовтың танылуына  да Өзбекәлі ағамыз қолдау көрсеткен екен. Ө.Жәнібеков тек мәдениетке қолдау көрсетіп қана қойған жоқ, Торғай облысына І хатшы болған кезінде облыс дәнді дақыл егуден миллионер облыс аталып, автомобиль жолдары салынып, жоғары оқу орындары ашылды. Ұлттық құндылықты тірілткен мұражай да ашылды. Облыс басшылығына Ленин орденін тапсыруға келген ел басшысы Д.Қонаев арнайы келген сапарында осы мұражайда болып, Өзбекәлінің іскерлігіне риза болған екен. Кейін Өзбекәлінің қызметі өрлеп, мәдениет министрлігінен бір шықты. Қазақстандағы археологиялық тарихи ескерткіштер қоры жасақталып, ата мұраға жақсылап көңіл бөліне бастады. Арыстан баб, Яссауи сәулет ғимараттары, Есім хан, Тәуекел, Абылай хандар, Қаз дауысты Қазыбек, Қанжығалы Бөгенбай мен Шақшақ Жәнібек жерленген Әзірет Сұлтан пантеоны  қалпына келтірілді, Жамбыл музей кешенінің құрылысы қолға алынды. 1989 жылы алғаш рет Наурыз мейрамы республика көлемінде кеңінен тойланды.

Ұлт руханиятының шырақшысы болған Өзбекәлі Жәнібековтің арқасында қазақ этнографиясы, ұлтттық қолөнер мен ән өнері, ұлт мәдениетімен қайта табысқандай болдық десек, артық айтқандық емес. Өзбекәлі ағамыздың  біздің аудан тарихына да тікелей қатысы бар.  Ол құрған «Арқас» қорының ұйытқы болуымен аудан аумағындағы тарихи, мәдени ескерткіштер қалпына келтірілді. Ө.Жәнібеков көршілес Жәнібек ауданынан депутат боп сайланған кезде электр жарығының жеткіліксіздігі, ауыз судың тапшылығы, жолдың нашарлығы, шалғай аудан тұрғындарының өмір сапасының төмендігі мәселелерін көтерді. Нәтижесінде Орда-Жәнібек-Сайқын су құбыры тартылып, үш ауданды облыс орталығымен байланыстыратын автомобиль жолдарының құрылысы басталды. Тұрғын үй, мектеп, клуб, монша, әлеуметтік, мәдени нысандар құрылысы қарқын алды.

Сол жылдары автомобиль жолдары министрі Л.Гончаров Жаңақала ауданынан депутат боп сайланып, Қараөзен, Сарыөзен үстінен автокөлік өтетін көпір салдырғаны үшін аудан жұртшылығы ризашылығын білдіріп, көше атын берген еді.

Өзбекәлі Жәнібековке аудан ахуал жақсартуға көрсеткен қолдауы үшін, жалпы ұлт алдындағы тағылымды еңбегі үшін ауданнан да бір көше атын берсек,  артық болмас еді-ау.

 Есенболат ШАПЕНОВ,

штаттан тыс тілші,

Бөрлі ауылы