27.11.2020, 10:26
Қараулар: 243
ЕЛЕНБЕГЕН ЕРЛІК

ЕЛЕНБЕГЕН ЕРЛІК

Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығында сұрапыл соғыс жылдарынан сақталған  жәдігерлер арасында үш жауынгер түскен сурет бар. Суретте оң қолын тізесіне қойып отырған қою қара шашын артқа қайырған, ақ құба өңді, талдырмаш келген, әскери шені – сержант, кеудесінде «Қызыл Ту», ІІІ дәрежелі «Даңқ» және І дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен «Гвардия» белгісі жарқыраған жас жігіттің бейнесін көргенімде «көкейімде бұл кім?»-деген сұрақ туындады. Суретте Ашығали Дайжанов деген жазудан басқа ешқандай мәлімет болмады.  Ордалық майдангер екеніне дау жоқ болғандықтан өзімше іздене бастадым. «Іздеген жетер мұратқа» демекші, ойға алған ісім оң нәтиже берді. Соғыс және еңбек ардагері Ашығали Дайжановтың ұрпақтарын таптым, бұған себепші болған Ұлы Отан соғысы тақырыбында зерттеп жүрген, өлкетанушы Ахмедияр Батырханов  қол ұшын берді.

Майдангердің қызы Күнсұлу апаймен телефон арқылы сөйлесіп, біраз жайға қанықтым. Күнсұлу апаның айтуы бойынша Ашығали атаны майданда қарулас достары «Сергей» деп атаған екен. Күнсұлу апа әкесінің 1984 жылы 2 наурызда өз қолымен жазып, толтырған  өмірбаянын берген еді. Сол өмірбаяндағы мәтіннен оқып білгенім, Ашығали Дайжанов 1924 жылы            9 мамырда Орда ауданы, Жиекқұм ауылдық кеңесінің Алғабас ауылында дүниеге келген. 1942 жылы 15 қыркүйекте әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1947 жылы 4 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен әскер қатарынан босатылған. 1947 жылы Халық депутаттары Орда аудандық кеңесіне нұсқаушы болып жұмысқа орналасқан. 1948 жылы Орда ауданы, Бөрлі ауылдық кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалған. 1950-1952 жылдары Орда аудандық «Жаңа жол» газетінде әдеби қызметкер болып еселі еңбек еткен. 1952-1965 жылдары Волгоград облысы, Палласовка ауданы, «Водострой» кеңшарында жұмыс жасаған. (1952 жылы Орда ауданынның территориясы полигон аймағына берілуіне байланысты, майдангер жерлесіміз Ресей еліне қоныс аударған болуы керек). Кейін  Ашығали Дайжанов Жәнібекте аудандық ветеринарлық стансасында ветфельдшер, кірпіш зауыты директорының орынбасары, «МСУ-53» мекемесінде кадр бөлімінің бастығы болып абыройлы еңбек еткен. 1978-1984 жылдары Жәнібек және Орда аудандарында металл дайындау бойынша уәкілетті қызметкер болған.

Соғыс және еңбек ардагері Ашығали ата құдай қосқан қосағы Сағида анамыз екеуі Бақыт, Күнсұлу, Бисенғали, Қадырғали, Ұлғаным, Нәзира атты ұл-қыздарын өмірге әкеліп, тәлім-тәрбие беріп жетілдірген.  Ашығали атаның ұрпақтары Ресейдің Волгоград облысының Николаев, Палласовка аудандарында және Орал қаласында тұрса, Сағида әжеміз қазіргі таңда күйеу баласы Темірхан мен қызы Күнсұлу апамыздың қолында Деркөл ауылында  тұрып жатыр.

РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінің электрондық базасынан «Подвиг народа» сайтынан, Ресей архивінен кейіпкеріміз туралы мәлімет іздеп көрдім. Нәтижесінде Орда аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылған Сергей Дайжановтың І дәрежелі «Отан соғысы», Қызыл Ту, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен соғыс жылдары марапатталған құжаттарын таптым.

1945 жылы 12 қаңтар күні 14-гвардиялық дербес мотоциклшілер батальонының командирі, гвардия майоры Плотников пен 9-гвардиялық Қызылтулы Днестров-Рымник механикаландырылған корпустың барлаушы-лар бөлімнің бастығы, гвардия подполконигі Лихачев толтырған құжатқа қолдарын қойып, гвардия сержанты Сергей Виалиевич Дайжановты                        І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаттауға ұсынған. Ұсынбада кейіпкеріміздің 1945 жылдығ 6,7 қаңтарда көрсеткен ерлігі жазылған. Онда жаудың 55 сарбазының көзін жойып, бес бірдей бронетехникасын талқандады деген. ІІ Украин майданы 9-гвардиялық механикаландырылған корпус басшылығының 1945 жылы 25 қаңтардағы  №5/Н бұйрығымен Сергей Дайжанов  І  дәрежелі «Отан соғысы» орденімен  марапатталған.

1945 жылы 21 қаңтар күні 14 гвардиялық дербес мотоциклшілер батальон командирі, гвардия майор Плотников пен 22 қаңтар күні барлаушылар бөлімі бастығы подполковник Лихчев қолдарын қойып, Сергей Дайжановты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған.

1945 жылы 6 ақпан күні 9-гвардиялық Қызылтулы Днестров-Рымник мехкорпустың командирі, танк әскерінің гвардия генерал-лейтенанты Волков  осы құжатқа қолын қойып, жерлесімізді Кеңес Одағының Батыры атағына лайық десе, 1945 жылы 19 ақпанда Армияның әскери кеңесінен 6-гвардиялық Танк армиясының қолбасшысы, Кеңес Одағының Батыры, гвардия генерал-полковнигі Кравченко мен Әскери Кеңестің мүшесі, гвардия генерал-майоры Туманян жау танкілерін шыбын құрлым көрмеген Сергей Дайжановты Қызыл Ту орденіне лайық көріпті. Соңғы екеудің қолы Дайжановтың Кеңес Одағы Батыры атағын алуына кедергі болды.

Ерлігі бағаланбаса да жерлес ағамыз қиян-кескі соғыста ерліктің биік үлгісін көрсетті. Жан аямай соғысты.  Сәуірде тағы да үлкен марапатқа ұсынылды. Нақты айтсақ, 1945 жылы 15 сәуір күні танк экипажының командирі, гвардия сержанты Сергей Биомиевич (құжатта солай) Дайжановты ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне марапатқа ұсынған. Жаудың он бес солдаты мен офицерін өлтіріп, екі автокөлігін, бір бронетехникасын талқандады деп көрсетіпті. Бұл жолы Сергей Дайжанов  ІІІ  дәрежелі «Даңқ» орденімен  марапатталды.

Сұрапыл соғыста жауынан тайсалмаған ордалық оғлан Ашығали Дайжанов 1987 жылы Жәнібек ауданында өмірден өтті. Қан майданда қаһармандық танытып, ел намысын қолдан бермеген есіл ердің Ресей архивінде сақталған құжаттары осылайша сыр шертеді.

                                                                                  Шолпан ҚОЖАНОВА,

облыстық Хан Ордасы

                                      тарихи-мәдени, архитектуралық этнографиялық    

                                                                      музей-қорығының қызметкері