19.11.2020, 18:10
Қараулар: 263
БӨКЕЙЛІКТЕР АҚЫНЫН АРДАҚТАДЫ

БӨКЕЙЛІКТЕР АҚЫНЫН АРДАҚТАДЫ

Өткен аптада қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, ақын, аудармашы, құм Нарынның төл перзенті Қайрат Жұмағалиевтің ескерткіш-бюсті  ашылды. Бұл салтанатты шараға ақынның  қызы Бекзат Байбурина, жиені Дияр Байбурин, қарындастары Мәнсия Хайрушева мен Толғанай Еслямғалиевалар да Орал қаласынан арнайы келіп, ақын рухына тағзым етті.

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған жыр шайыры  Жиекқұм ауылдық кеңесінің, Бесқұдық деген жерінде дүние есігін ашты. Капустин Яр сынақ полигоны ашылған тұста тағдырдың айдауымен Оңтүстік Қазақстанға көшіріліп, сол жақта мектебін тәмамдауға тура келіпті. Кейін Алматы қаласына оқуға түсіп, студенттік һәм қызметтік жолы осы шаһарда өрбиді. Туған мекеніне оралсам деген арманына 2009 жылы қол жеткізіп, Орал қаласына ат басын тірейді. 2013 жылдан өмірінің соңына дейін «Жайық Пресс» ЖШС-де директордың кеңесшісі лауазымын  абыройлы атқарды. Әдебиет сүйер қауымға отызға жуық сүбелі дүниесін жазып қалдырған қаламгер Гомердің «Илиада»,  Еврипидтің  «Медея» сыңды  т.б әлемнің шоқтығы биік жаухарларын да қазақшаға тәржімалады.

Көркем сөздің туын тіккен сөз зергерінің есімін ұлықтауға арналған   тағылымды шаралар аудандық саз мектебінің шәкірттерімен жүздесуден басталды. Балалар ансамблі төгілте күй орындаса, Ақырыс Романқызы Қайрат Жұмағалиевке арнауын оқып берді. Аталмыш оқу орнының ұстаздары ақынның әйгілі «Анашым» әнін қосыла шырқады.

Осынау қазақ руханиятының біртуар тұлғасына ескерткіш орнату – елдіктің ерен үлгісі екені даусыз. Күйшілер аллеясында жалғасын тапқан ескерткіштің ашылу рәсімі жиналған жұртшылықтың жүрегін ерекше толқытты. Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен тұрғызылған мүсіннің авторы оралдық шебер Асқар Отарғалиев болса, тұғырын көтерген сайқындық Қайрат Насимуллин.  Бюсттің жалпы құны – 750 мың теңгені құрады. Осынау тағылымды істің басы-қасында жүрген ағайынға ризашылығын білдірген аудан басшысы «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп аяулы аналарға жырмен ескерткіш тұрғызған өр ақынын елі ұлықтап,  қадірлеп өтері сөзсіз» деп жылы сөздерін арнады. Өз кезегінде ақынның қызы Бекзат Байбурина да әкесі туралы сырлы естелігімен бөлісіп, перзенттік алғысын жеткізді.

Аталмыш рәсімдер «Туған өлкем» атты онлайн байқаудың  гала концертіне ұласты. Көркем сөз жанры бойынша бақ сынаған 12 үміткердің ішінен саралжындық Асхат Өтеуғалиев жеңімпаз атанса, жүлделі екінші орынға бисендік Жаңылсын Ғинаятова мен бөрлілік Гүлнұр Көшербаева, үшінші орынға  мұратсайлық Айшат Рашидова мен бисендік Жайдарбек Бисекеев, ұялылық Нұрия Сұлтановалар ие болды.  Ал, вокал жанры бойынша Бисен ауылының өнерпазы Гүлзада Жауылбаева «Абзал ана» әнімен бірінші орынды жеңіп алса, екінші орын мұратсайлық әнші Райымбек Өмірбекұлына бұйырды. Үздік үштікті Ұялы ауылының қатысушысы Нұрлан Сәрсенғалиев, саралжындық Артур Табылды, ордалық Леспек Бижановтар түйіндеді.

Қонақжайлылықтың зор үлгісін көрсете білген аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов меймандарға зерлі камзол кигізсе, жиені Диярға  қазақтың қара домбырасын сыйға тарту етті.  Жас та болса ілтипатын танытуды жөн көрген бала Диярдың бөкейлік көрерменге күй шертіп, ықылас-пейілін өнерімен білдіргенін де айта кетелік.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ