22.11.2020, 16:41
Қараулар: 324
ӘЖЕТХАНА ДА ӘЖЕПТӘУІР МӘСЕЛЕ

ӘЖЕТХАНА ДА ӘЖЕПТӘУІР МӘСЕЛЕ

Бүгінде әр күнге бір-бір атау байлау тұрғандай. Біле білсек, әжетхананың да дүниежүзі боп атап өтетін арнаулы күні бар екен. Қарашаның 19-ы әжетхана күні деп сонау 2001 жылы бекітілген екен. Жеті жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы Сингапур ұсынған резолюцияны қабылдап, бұл күнді ресми мереке деп бекітіпті. Тіпті арнайы ұйым да бар.  Дүниежүзілік дәретхана ұйымы деп аталатын бұл қауымдастық кез келген адам суық жерде қажеттілігін өтемеу керек, қоғамдық жерлердегі әжетханаларда арнайы қағазы мен қолын жуатын орын қарастырылуы, онда қолды залалсыздандыру құралы не қарапайым сабынның болуы, мүмкіндігі шектеулі жандарға әжетханаға кедергісіз бару жолдары болуы шарт, кәріз тұрбаларды өткізу, лас суды шығару, оны қайта өңдеу, тағысын тағысы бар түрлі мәселерді талқылап, назарында ұстайды.

Осы ұйымның мәліметінше қазіргі таңда әлем халқының жартысынан көбі, яғни 4,2 миллиард адамның үйінде әжетхана жоқ. 673 миллионға жуық адам әжетхананы қажет те санамайды екен, аспан астында ашық далада отыра кетеді. Әжетхана тазалығына тиісті деңгейде мән бермегендіктен әлем бойынша күніне 800-дей адам диареядан қайтыс болса, жыл сайын осы дерттен  бес жасқа дейінгі 297000 бала дүние салуда. Бұл санитарлық талаптар сақталмай, кеңінен таралатын басқа да жұқпалы және паразиттік ауруларды қоспағандағы көрсеткіш.

Иә, әжетхана мәселесі әжептәуір мәселе. Қазір қалтасы көтеретін ағайын жағдайын жасап, үйіне дәретханасын да, ваннасын да жасап алуда. Бірақ кәсіби маман жоқ. Қолы еп білетіндерді көмекке шақырамыз. Лас суы кетпей, бітеліп қалса да, қаладағыдай қоңырау шалса, келе қоятын арнаулы қызметкер жоқ. Анаусын бір шұқып, мынаусын бір шұқып, өздері ретке келтіріп алады.

Орталық кәріз құбырлары өткізілмегендіктен әр үй қожайыны үйінен шыққан лас суды өзі шығарады.  Ал, бұл қызметті жеке адамдардар атқарады. Қайда апарып, бөшкесін қайда босататыны өзіне мәлім. Бұл біз үшін жауабы жоқ сауал болды. Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық саласындағы тиісті мекемелерге хабарласып көрдік. «Мұндай қызмет біздің мекемеден ұсынылмайды. Ал, септик сорғызу жұмыстармен айналысатын жеке кәсіпкерлердің бұл қызметті қалай жүзеге асырып жатқанын білмейміз» десті. Септик тазалауды табыс қылған жеке кәсіпкерлерге де шығып көріп едік. «Мемлекеттік кірістер басқармасына эмиссия төлеп отырмыз. Табысымыз үшін салық төлеп отырмыз, енді жерге де төлеуіміз керек пе? Сол эмиссияда қарастырылған ғой» деп жауап берді. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Радик Гумаров бұл эмиссияның жерді пайдалануға еш қатысы жоқтығын, тек таза табыс тапқаны үшін мемлекеттік қазынаға төлеп жатқан салық екенін айтады.

Осы сауалға жауап іздейміз деп тіні жуық арада тарқай қоймайтын тақырып таптық. Алдағы сандарымызда тақырыпқа қайта айналып соғатын боламыз.

БАЛАЛАРЫМЫЗ ҚАЙДА БАРЫП ЖҮР?

Сонымен әжетхана тақырыбына қайта оралсақ, мектепте оқитын балаларымыз қандай әжетханаға барып жүр? Осы сауал күні кешеге дейін көбіміз үшін әнебір мәселе емес еді. Тараз қаласындағы мектеп әжетханасында оқушы қыздың зорлық құрбаны болғаны осы әжетхана мәселесіне баса көңіл аударуымызға себеп болғаны рас. Сол оқиғадан кейін ел болып, мектеп әжетханаларының жай-күйіне назар аудара бастадық.

Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше  7 014 мектептің  2 514-інің әжетханалары сыртта. Мұндай мектептер қалада 157, ауылдарда – 2 357.

Мектептің ішкі әжетханасын  жасақтау біздің ауданда да биыл түбейгейлі қолға алынды. Аудандағы он сегіз мектептің де аула дәретханасы бар. Аудандық білім бөлімі басшысының у.м.а. Нүркен Сабыровтың айтуынша, қазіргі таңда ауданымыздағы барлық мектепте ішкі әжетхана орнату ісі аяқталды. Ауылдағы бастауыш мектепте оқушылар ішкі әжетхананы  пайдаланады. Дегенмен бұрынғы әдетімен сырттағы дәретхананы пайдаланатындар да бар екен. Бұрындары мұндай игілік салынғанына он жылдан асқан Сайқын ауылындағы М-С.Бабажанов мектебінде ғана болған.

– 2021 жылға дейін барлық мектептерде ішкі дәретханалармен қамту хақындағы тапсырмасына сай  мәселесі биылғы тапсырмаға сай ауданымызда барлық тоғыз бастауыш мектепке ішкі дәретхана мен қол жуатын орны, қалдықтар жиналатын сыйымдылығы, тағы да басқа қажеттіліктерімен бірге жасақталған. Жалпы Бөкей ордасындағы  білім ошақтарына 22 дәретхана салынып, оған 28 миллион 87 мың 138 теңге жұмсалды,- дейді Нүркен Қайыроллаұлы.

 

ТУРИЗМДІ ДАМЫТАМЫЗ ДЕСЕК…

Әжетхана туралы айтып келіп, әңгіме басын айдалаға бұрғаны несі деріңіз анық. Өлкенің тарихы қалың, музейі бай бар екені көпке аян.  Ауданымыз тарихи мекен, тұңғыштардың отаны деп дәріптеп келеміз. Айшылық алыс жерлерді еңсеріп, табаны біздің жерге тигенде тарихымызды, шежіремізді шерткенімізбен әжетханаға бағыттауға да ұяласың. Нағыз қауырсынын көріп мақтанатын, аяғын көріп қорланатын тотықұстың кебін киеміз. Облыс орталығына бес жүзден астам шақырымдық жерде бірлі-екілі тоқтайтын дәмхана бар. Ол нүктелерде ұсынылатын тағамдарында еш шаруам жоқ. Мені толғандыратын сондағы әжетханалардың антисанитариялық жағдайы. Онда қонақ түгілі, өзің де жақындағың келмесі анық.  Қол жуу орны қарастырылған. Тек онда да өз әттеген-айы бар. Қасындағы сүлгіні ұстаудың өзі жиіркенішті. Ол сүлгің де көп кездеспейді. Құдай берген салфетка рулонымен тұрады. Урносына дөп түспеген салфетка қоқып-соғып, тапталып жатқаны. Осының барлығы бізде сервистің салақтығын көрсетуде. Ал, онымен кәсіпкердің шаруасы жоқ.

Әжетхана күнін белгілейік деп әлемге ұран тастаған Сингапур екенін мақала басында айттық.  Сингапур елінің тазалығын осы дәретханаларды жаппай салудан, оны тегін қағаз мен сабынмен қамтудан бастаған мемлекет. Мүмкін біздің де туризмді алға бастыру үшін дәретханалардың тазалығы, немесе белгілі публицист Қайран аға Олжай ұсынғандай, мемлекет бойынша «жол бойындағы 1000 дәретхана» жобасы жасалуы керек те шығар. Қайнар ағамыз «Қазақстан да мемлекеттік-жекеше әріптестік саясаты бойынша енді осы салаға көңіл бөлуі керек. Дәретханасы стандартқа сай жол бойындағы кафелер мен жанармай құю стансаларына салықтан жеңілдік керек. Ал дәретханасы талапқа сай емес тамақтандыру мен демалыс орындары және жанармай құю стансалары айыпқа тартылып, тіпті жабуға дейін шара қолданылсын. Басқа амал жоқ» деген еді.

Әжетхананың да жай мәселе емес, атан түйеге жүк боларлық мәселе екенін осында мойындайды екенсің.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ