19.11.2020, 16:36
Қараулар: 98
КҮЙШІЛЕР БИ БИЛЕП, БИШІЛЕР ӘН АЙТТЫ

КҮЙШІЛЕР БИ БИЛЕП, БИШІЛЕР ӘН АЙТТЫ

Көрерменнің көзайымына айналған аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері «Жалында жастықтың жауһарлары»  атауымен қалың көпшілікке ерекше форматта концерттерін ұсынды. Ерекше дейтін себебіміз, домбыраның құлағында ойнайтын күйшілер заманауи би билесе, кәсіпқой бишілеріміз әуелете ән салды.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, сахнаның сәніне айналған жергілікті өнерпаздар бұл жолы басқа қырларынан танылып, көз сүйсінер өнерлерімен көрерменін қуанта алды. Саусағынан күй төгілген домбырашылар Ерлан Сертеков пен Елтай Еламановтар испан және заманауи билерді орындап таңқалдырса,  бишілік өнерімен танылған Аман Қадырболатов «Я – это ты» әнімен вокалдық шеберлігін байқатты. Сондай-ақ, жас домбырашы Ұлжан Ишанова мен хореограф Аман Қадырболатовтың дуэті де сәтті шықты. Өнердегі аға-әпкелерінің шашбауын көтере келген студенттер Әсем Таубаева мен Жасмина Қадырболатовалар да әннен шашу шашты.

Айта кетелік, концерттік бағдарлама ағайынды Аман және Жасмина Қадырболатовтардың «Ұлытау» биімен түрілсе, «Венгерский танец» шығармасын Ерлан Сертеков пен Еламан Елтаев домбыраның қоңыр үнімен жеткізді.

 

Нұрай ТАУБАЙ