19.11.2020, 16:21
Қараулар: 307
КІТАПХАНАДА – ЖАҢА БАСШЫ

КІТАПХАНАДА – ЖАҢА БАСШЫ

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне жаңа басшы тағайындалды. Осы кезге дейін басшылық қызмет атқарған Дәржан Сыдықова денсаулық жағдайына байланысты басқа жұмысқа ауысып, орнына Айнагүл Батырханова тағайындалды.

Дәржан Әнуарқызының бұл саладағы еңбек өтілі 33 жылды құрайды. Соның тоғыз жылында басшылық қызметте болды. Сабырлы мінезімен, тиянақтылығымен сала жұмысын ұршықтай үйіріп, ұжымды бір үйдің балаларындай бірлікте ұстап, білікті басшы екенін көрсетті. Оқу орнын бітіріп келсімен, табан аудармастан қызмет жасап келе жатқан Айнагүл Ғазезқызы да іскерлігімен ортасына бағалы, еңбегі елеулі. Дәржан апасының жолын жалғап, ұжымның жемісті еңбегін жалғастырып әкетеді деп сенеміз,- деді аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Жоламан Сисенғалиев Дәржан Сыдықоваға алғысхат пен  естелік сый табыстады.

Өз кезегінде сөз алған Дәржан Сыдықова  түсіністікте, сыйластықта еңбек еткен ұжымына алғысын айтып, «басшылықтан кеткеніммен әзірше ортаңыздан кетпеймін ғой. Әлі де бір қазанда қайнай береміз, тек амандығын берсін» десе, Айнагүл Батырханова басшылыққа сенім білдіргені үшін рақметін айтты.

Ұлпан ЖАКИНА