19.11.2020, 15:53
Қараулар: 293
ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ ҚАЙРАТКЕРІ

ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ ҚАЙРАТКЕРІ

Қарашаның 15-і ұлттық валюта күні,   қаржы  қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ауданымыздың қаржы саласының ардагері Жарылқас Өтешқалиевтің еңбек жолын үлгі ғып айтуға болады.

Негізі ағамыз әке жолын жалғастырып, еңбек жолын  М.Мәметова атындағы кеңшарында шопанның көмекшісі қызметінен бастаған. Жақсы өмірдің кілті білімде екенін жақсы ұққан ағамыз білімін жетілдіруді қолға алып, қала асады.  Жас маман Орда аудандық кіріс бөліміне инспектор қызметіне орналасып, қаржы саласындағы алғашқы қадамын бастайды. Содан ол  Орда ауданы бойынша қаржылық бақылау басқармасының аға бақылау тексерушісі қызметіне жоғарылайды. Кейін облыстық автомобиль жолдарының Орда өндірістік учаскесінің аға бухгалтері,  аудандық механикаландыру және электрлендіру, жөндеу мекемесінде аға бухгалтері болады. Аталған  қызметтерді жауапкершілікпен атқарып, сол кездегі басшылардың көзіне түсіп, 1990 жылдың 25 желтоқсан айынан бастап ҚССР ҚМ-нің Орда ауданы бойынша салық инспекциясының бастығының орынбасары, бөлім бастығы, Орда ауданы бойынша бөлімшесінің мемлекеттік қаржы бақылау басқармасының бастығы қызметіне дейін өседі. Бар ғұмырын қаржылық бақылау қызметіне арнаған Жарысқас Игімбетұлы Орда ауданы бойынша қаржы-валюта бақылау бөлімшесінің бастығы,  Орда ауданы бойынша бас бақылау тексерушісі, Орда аудандық қазынашылық бөлімінде бақылаушы-тексеруші,  бас маман,  Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облысы бойынша қаржы бақылау комитетінің бас бақылаушысы, облыстық қаржы бақылау комитетінің Орда ауданы бойынша бас бақылаушысы, тексерушісі,  Батыс Қазақстан облысы бойынша қаржы бақылау комитеті инспекциясының бас маман-бас бақылау тексерушісі қызметін абыроймен атқарды.

2010 жылы ауданға оралып, ҚР Қаржы министрлігінің Батыс Қазақстан облысы Қазынашылық департаментінің Бөкей орда аудандық қазынашылық басқармасы басшысы қызметіне тағайындалды. Оны зейнеткерлікке шыққанша атқарды. Қырықтан астам қызмет өтілінде оның еңбегі еленіп, түрлі мадақ, марапаттарды алды.

Негізі қазынашылық сала сағаттың тіліндей еш мүдірместен қызмет ететін механизм деуге болады. Дегенмен мұнде да өзіндік форс- мажорлық жағдайлар туындап жатады. Осындайда басшының ұйымдастырушылық қабілеті сынға түседі. 2012 жылы маусым айында қазынашылық басқармасында спутниктік байланыс істен шығып, байланыс жойылып кетті. Байланыс болмағанмен, есептен жаңылмас үшін, тапсырмалар уақтылы жолдануы керек. Басқарма басшысы ай аяғында жедел көлік тауып, мамандар қаржылық құжаттарды алып, Жәнібек қазынашылық басқармасына барып, аудандық бюджеттін қаржысы уақтылы игеріліп өткізіліп келді. Осы сын сағатта басшымыз түйіннің тінін тарқатып, байыппен тығырықтан шығар жолды тапты. Жалпы ол кісі өзінің бар білгенімен үнемі әріптестер арасында бөлісіп отыратын, жастарға үлкен қолдау көрсетті. Бірнеше маманды тәрбиеледі. Қазірде шәкірттері аудандық, облыстық деңгейде қаржы саласында жұмыстарын жалғастыруда. Ол кісі уақытпен санаспай тіпті демалыс күндері жұмысқа келіп кететін кездері болды. Өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, қызметкерлерге соның ішінде жастарға ақылын айтып отырады, тіпті техникалық оқу, семинарын өткізеді.

Алпыс бестің қырықтан астам жылын қаржы саласына арнаған ағайымызды өзімізге ұстаз санайтыз, үлгі тұтамыз. Алдыңда ақылын айтар аға бар да ағаттық жасамаймыз деп сенеміз.

 

Ақмарал ЖАНҒАЛИЕВА,

аудандық қазынашылық

басқарма басшысы