19.11.2020, 15:38
Қараулар: 357
БҰРАЛҚЫ ИТ БАСҚА ШЫҚТЫ

БҰРАЛҚЫ ИТ БАСҚА ШЫҚТЫ

Кезіндегі малшылар қасқырдан қорықпаса, қазіргі ауыл бақташылары  қаңғыған иттен қорқатын болған. Дәл осы сөздер тектен тек айтылмаған. Ауыл  тұрғындарының айтуынша, тек соңғы айда қаңғырған иттің малға шапқан бірнеше оқиғасы тіркелген екен.

  • Қой бағу кезегі маған келген еді. Әдеттегідей малды ауыл шетіне шығарып баққан болатынмын. Кеш бата келе мал басын ауылға қарай бағыттап үйге қайтуға қамданған едім. Бір уақытта жайылымда жүрген сиырлардың жан жаққа қашқанын көрдім. Ірі қара ортасында үріп жүрген үш итті көрдім. Бірден сол жаққа жүгірдім. Бір баспақты табын шетіне шығарған қаңғыбас иттер үріп, сол баспақты таламақшы. Бар дауысымды салып ана иттерді әрең қуып жібердім. Сонда да алысқа қашып кетпеді. Әрі кетсе 5-6 метр жер қашықтыққа барып жатып алды. Сол бір санаулы минуттың өзінде ана баспаққа тісін батырып үлгірген екен. Енді баламызды малға шығаруға қорқып қалдық. Малды қойып адамға шаппаса болған еді,- деді ауыл тұрғыны Айбек Мұратов.

Дәл осындай оқиғаға мал баққан екінің бірі тап болып жатыр десек, артық айтқандық емес. Абылай есімді ауылдасымыз да бір топ иттің жайылымда жүрген сиыр баласын қоршауға алып, талауға тырысқанын айтады.

Тағы бірде малды ағайынның басын қосқан чатқа да елді дүрліктірген хабарлама келді. Мал басына дереу аттанған ағайын малға шапқан қасқыр емес, кәдімгі бұралқы иттер екенін айтады.

  • Бір күні кеште мал түгендесем, бір бұзауым жоқ. «Кеш боп кетті. Күнде үйден шығып, өзі келіп үйренген жануар ғой. Енесі үйде ғой, кештетіп келер» деп әнебір алаңдай қоймадық. Онымен бұзауымыз келмеді. Екінші күн дегенде таптық. Өлексесін таптық деуге болады. Үш ит жеп жатыр екен. Айқайға салып, үркітпек түгілі, қолына таяқ алып, атойлап қусаң да кетпейді. Тіпті адамнан қорқуды білмейді. Ақыр соңында көлікпен қудық. Айдалаға қашқан жоқ. Айналып келіп, ауыл ішіне кіріп жоқ болды. Енді сол иттерді ататын мылтығымыз да жоқ. Болса да атқызбайды емес пе? Малды қоя берші. Орыны толар. Ал күндердің күнінде адамға, қауқарсыз балаға шапса не істейміз?- дейді Қайырболат Мұқанбетов.

Куәгер немесе зардап шеккендердің сөздерін салыстырсақ, малға шапқан сол бір топ қаңғырған ит секілді. Бір қара, ала және сары ит туралы айтқан ауыл азаматтары соңғы аталған сары иттің мойнында қарғыбауы бар екенін айтады. Сондықтан ол иттер иесіз, қаңғыбас ит  болмауы да мүмкін. Осы тұрғыда ауыл азаматтарының да «қанның дәмін көрген» «бұған дейінде малға шапқан секілді» деген ойы бір жерден шығып отыр.

«Жылағанның алдынан бақырған шығыпты» демекші, бұрындары «қаңғыбас иттер қаз-тауығыма шауып, ту-тулақайын шығарып кетті» деп жүрген ауылдас апаларымыздың шағымы мына жағдайда айтуға тұрғысыз боп қалғандай. Ел аузында бұралқы иттердің  малға шапқаны туралы бірнеше оқиға аңыздай боп, жел есіп жүрсе де, Сайқын ауылдық округ әкімшілігіне тек бір ғана арыз тіркелген екен.

  • Иә, сіз айтып отырған оқиғаларды мен де естідім. Тек бір ғана азамат осы оқиға бойынша шағымын айтып, арызын тіркетті. Ол арыз дер кезде тиісті мекемеге бағытталды. Бұл тек малға шапты деген арыз-шағым. Ал енді «көшеде келе жатыр едім, маған қаңғыбас иттер шабуылдады» деген хабар жиі-жиі түсетін боп кетті. Мұндай хабар түссе, дереу әрекет етеміз. Қапқан иттің көзін жойып, сынамасын алып, тиісті орындарға тапсырамыз, — дейді Сайқын ауылдық округінің әкімі Нұргүл Омарова.

Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Светлана Рамазанова:

  • Тек биыл 35 итке қабылу оқиғасы орын алған. Адамға тап берген отыз бес иттің тек бесеуінің ғана иесі анықталды дейді.

«Бұралқы ит неге көбейді? Бұралқы иттің басынуына неге жол бердік?» деген сауалдың туындауы заңды.  Жауабы да көзі қарақты оықрман үшін белгілі. Бұл күндері бұралқы иттерді атуға тыйым салынды. Қазақстандағы бұрылқы иттердің қайғысы сонау мұхиттың арғы жағындағы атақты Бриджит Бардоға жетіп, әйгілі актриса ел басшысы Қасымжомарт Тоқаевқа арнайы хабарласып, иесіз иттердің көзін жоймауға шақырып, ит ату адамгершілікке жатпайтынын айтқан еді. Бардоның қазақстандық иттердің жағдайына бас ауыртуына Атырау облысында орын алған ит күшіктеріне көрсетілген жауыздық әрекеті еді. Қаныпезерлер иттің күшіктерін қинап, ұялы телефондарына түсіріп, желіге жүктеген болатын. Желіге шыққан оқиға желдей есіп, әлемге тарап, қазақстандықтарды жауыз, қатігез етіп көрсетті. Ел президентті тиісті үкімін шығарып, тыйым салды. Нәтижесі белгілі.

Иттің малға шауып, адам талауы тек біздің ауданда орын алып жатқан жайт емес. Бір мезетте 25 қойды жайратып, ұйлыққан иттер тобының пошташыны талап тастағаны туралы облыстық басылымдардан хабардармыз.

Бұралқы иттерді басындырып отыра береміз бе? Бұдан да сорақы оқиғалардың алдын алу үшін нендей әрекет жасалып жатыр? Осы сауалдармен аудандық ветеринариялық станция басшысы Алмабек Құрмашевке хабарласқан болатынбыз. Өйткені, тек осы мекеменің ғана қаңғыбас иттерді аулау немесе атуға құзыреттілігі бар

  • Ағымдағы жылдың наурызынан бастап, қаңғыбас иттерді атуға тыйым салынып отыр. Айта кетейік, бұл заң мүлдем атуға болмайды деген мағынаны білдірмейді. Нақты адам өміріне немесе денсаулығына қатер төніп тұрса атуға болады. Онда біз үйреншікті мылтықпен емес, дротикпен атамыз. Малға шауып, адамға тап бермесе де, бұралқы иттерді аулап әкеп, арнайы питомникте ұстап, ұрғашысына биостерелизация жасап, еркек иттерді кестіріп тастауымыз керек. Дегенмен ауданымызда питомник мәселесі ашық күйінде тұр. Аудан әкіміне ұсыныс жолдадық. Шешімін табар деген ойдамын.  Нақты малға шапқан қаңғыс иттердің мәселесі арыз түсті. Тиісті іс-шара қолға алынды, -деп жауап берді мекеме басшысы Алмабек Құрмашев.

PS: Мекеме басшысы осылай деді. Бет қатталып жатқанда тағы да сол чаттан елді дүрліктірген хабарлама келді. Бұл жолы бес бұралқы ит қойға шапқан. Мал соңында жүрген бақташыдан да еш шіміркенбестен, қасқырша алқымынан алып, қызыл қан қып кеткен. Бақташының айтуынша, екі қойдың бірі өліп, бірі пышаққа іліккен. Өлген екі қой да Құрманғазы Халин ағамыздікі екен. Жараланғандарын санап тауыса алмай жатыр…

 Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ