19.11.2020, 15:24
Қараулар: 24
«ҚЫЗЫЛ АЙ» САҚТАНДЫРАДЫ

«ҚЫЗЫЛ АЙ» САҚТАНДЫРАДЫ

Өткен сәрсенбі күні «Қазақстан Қызыл ай» қоғамының облыстағы өкілі Светлана Тенишева аудандағы бірқатар мекеме қызметкерлерімен  кездесіп, Сovid-19 індетінен сақтану жолдарын қайыра айтып, індеттің таралмауын дәріптейтін дәріс өткізді.

Жастар орталығында өткен бұл кездесу барысында бетперде мен қорғаныс қолғаптарын дұрыс кию мен шешудің, қолды жуудың ережесі, амандасу мен зат алмасу тәртібі тәжірибе түрінде көрсетілді. Сонымен қатар аталмыш кездесуде дәрігерге дейінгі көмектің алғышарттары түсіндіріліп, орамал, целлофан, қалам сынды қарапайым заттардың адам өмірін сақтауда тиетін көмегін де нақты мысал ретінде көрсетті.

— Қант диабетіне шалдыққан адам  ауырғанда сырт көзге ішімдікке сылқия тойған адамдай көрінеді. Дегенмен қант диабетіне шалдыққан азаматта денесінен ацетон иісі шығады. Сондықтан ол азамат ауырып тұрғанын білу үшін иіскеу шарт. Және міндетті түрде жедел жәрдем қызметін шақырту керек. Ал, эпелепсиялық ұстама ұстаған жанға аузына қасық салуға мүлдем болмайды, ол тілін шайнамайды. Оған тек ұстамасы тарағанша басын жерге соқпас үшін қатты ұстап түру қажет. Оның қол-аяғын тізгіндеуге де болмайды. Кейін өзі ретке келген соң қажет десе медициналық көмекке жүгінуге болады,-деді Светлана Тенишева.

Шара барысында «Қызыл ай» қоғамның мақсаты түсіндіріліп, аталмыш қоғамның ауданымыздағы өкілі Нәсіп Нүркенова белсенділігі үшін алғысхатпен марапатталды.

Раушан БАҚЫТОВА