4.11.2020, 16:56
Қараулар: 555
ӘМБЕБАП КЕШЕН ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

ӘМБЕБАП КЕШЕН ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

Аудан халқына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы артырып,  түрлі дерттің ерте кезеңде анықталуына мүмкіндік туындап отыр. Күні кеше ғана аудандық аурухана орталығына су жаңа диагностикалық медициналық кешен  көлігімен қамтамасыз етілді.

Ұзындығы 12 метрді құрайтын, сырт келбеті алыс қалаларға қатынайтын жайлы автобустай көрінетін бұл кешенде жеті кабинет қызметі қамтылған. Флюро және ренгент қызметі, дәрігердің қабылдау блогы, УЗИ құрылғысы, биохимиялық қан алу учаскесі, гинекологиялық қарау кабинеті, т.б. да жаңашылдықтары бар. Көлікте өзінің арнайы вай-фай байланысы, блютуз қызметі де бар, оны пайдалануға арналған ноутбугі де қарастырылған. Демек қабылдау жүргізген дәрігердің ноутбукке енгізген ақпараты дереу орталық базаға тіркеледі. Кешендегі қызметтің үздіксіз жүруі үшін генератор да қарастырылған. Құрылғылары шетелдерден келген бұл мобильді кешен өз елімізде, нақтырақ айтқанда Қостанайда жинақталған. Құны 156 миллион 700 мың теңгені құрайды. Айта кету керек, жақында іссапармен Орал қаласына келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бұл кешенді облысымыздың тоғыз ауданына табыстады. Шалғайдағы ағайынның медициналық тексерістен өтуіне толық қарастырылған кешеннің артықшылықтары мұнымен бітпейді. Кешенде қоларбаны кіргізетін арнайы есігі бар, төрт кондиционер, бірнеше кварц лампалары, қол жуу орындары, қан сақтайтын тоңазытқыш, дене қызуын, қан қысымын, салмақты, т.б. өлшейтін арнайы құрылғылары да су жаңа. Көлік жүргізуші де негізгі қызметкерлерден арнайы есікпен бөлінген. Оған массажды орындық қойылған. Жаздыгүні мамандардың пациенттерді таза ауада қабылдауы үшін арнайы тент  де қарастырылған екен.

Бір сөзбен айтқанда, қай жерде болмасын тұрғындарға жайлы қызмет етуге бар мүмкіндік туғызылған. Енді ауыл-ауылды аралаған ақ халаттыларымыз қабылдау ғимаратын іздеп сабылмайды.

–Мобильді кешенде бесінші класты, яғни, жоғары сапалы құрылғылармен қамтылған. Олардың құны 100 миллионды құрайды. Үш жыл сақтандыру кепілдемесі бар. Барлық қауіпсіздік ережесі сақталған. Онда флюрографиялық түсіру аппараты да бар. Демек енді біз елді мекендерді аралайтын  жылжымалы флюрографиялық көліктің қызметін қажет етпейміз. Көлік біздің жайын жолдарға бейімделмеген. Дегенмен, грейдерлі жолмен жүре алады. Ауа райын байланысты елді мекендерге жоспарлы сапарымызды осы көлікпен шығуды жүзеге асырмақпыз,-дейді аудандық аурухананың басшысы Анарбек Белисанов.

Раушан БАҚЫТОВА

Ауыл жаңалығы

Басқа да мақалалар