3.11.2020, 16:03
Қараулар: 340
ЕСЕНБОЛАТ АТАНЫҢ ХАТ ҚОРЖЫНЫНАН

ЕСЕНБОЛАТ АТАНЫҢ ХАТ ҚОРЖЫНЫНАН

Есенболат Шапенов –  «Орда жұлдызы» үшін өз адамымыз. Соңғы жылдары хат жазу, хат салу дәстүрден қалып бара жатқаны жасырын емес. Бірақ Есенболат ағамыз үшін қанмен сіңген әдеттей. Атамыз жазған-сызғанын конвертке салып, поштамен де жолдап, Бөрліден аудан орталығына келген ауылдасқа да аманат қып  та беріп жіберіп отырады. Мейрамдар да редакциямызға арнайы қоңырау шалып, құттықтап, ақ батасын беріп, жұмысымызға оң бағасын беріп жатады. Күні кешеде редакцияның 90 жылдық торқалы тойымен құттықтап, «еңбегіңіз еселі, елеулі болсын!» деп тілегін білдіріп жатыр.

Атамыз аудан тарихы, ұрпақ тәрбиесіне, ауыл аймақтың мәселесіне қатысты пайымды пікір, тағылымды ойларымен бірге танымдық материалдарын да жолдап отырады. Нарын топырағынан шыққан өр тұлғалармен бірге күллі қазаққа аттары аян атақтылардың өмір жолын, елге еткен еңбегін жазады. Тек жазып қана қоймай, олардың басылым беттеріне шыққан суреттерін де қиып алып, қоса жолдап отырады. Атамыздың мұндағы ойы қазаққа ортақ тұлғаларды жас ұрпақ білсе екен, тағылымды тағдырынан ғибрат алса екен дегені ғой. Газетіміздің мерекелік санында редакциямыздың байырғы штаттан тыс тілшісі, байырғы оқырманы Есенболат атамызға арнайы бет беріп, хаттарын топтастырып беруді жөн көрдік. Мұнымыз атамыздың еңбегін ескергеніміз.  Редакцияның мерейтойы сіздей байырғы оқырман, штаттан тыс тілшіміз үшін ортақ той. Ендеше, ортақ тойымыз құтты болсын! Жүз жылдықта қазына кеуде қария боп, көрген-түйгеніңізбен бөлісіп, аман отырыңыз!

 

 

БОПАЙДАЙ БАТЫР ӨТКЕН БҰЛ ҚАЗАҚТА

Атақты Абылайдың ұлы Қасым төре әйелі Айкүмістен Кенесары, Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатайдай ұл сүйіп, Бопайдан жалғыз қыз көрген екен. Ұлдың арасында өскен Бопай соғыс қимылдарын жете меңгеріп, еркін өсіпті. Оның батылдығы мен соғыс өнеріне шеберлігіне анау-мынау жігітпін дегеннің өзі шыдас бермейді екен. Заты әйел болса да, жауға қарсы аттанып, ағаларымен тең жүріпті. Бопайсыз Кенесарының кеңесі өтпейтініне қарағанда Бопайдың сұңғыла ақылды болғанын байқауға болады. Бопайдың күйеуі Уәли ханның ұрпағы Сәмеке сұлтан. Кенесарымен мүдделес болған Бопай да қол бастап, басқыншыларға қарсы соғыс ашқан. Ол қатысқан соғыстардың ең ірісі 1838 жылғы Батыс Сібір генерал-губернаторлығының терістік батыс аудандарына бағытталған Аманқарағай дуанына шабуылы. 1847 жылғы қырғыз манаптарына шабуылы.

Бопайдың дүние салған жері Ырғыз бойы. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында Бопай атында ауыл бар. Зираты осы ауыл тұсындағы биік төбешікте.

Бопай да ұлт тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен ерлердің бірі. Аты әйел, заты нәзік болса да, Кенесарымен тең жүріп, елдің іргесі мығым, босағасы берік, азат ел болуын мұрат еткен тұғырлы тұлға.

 

ЕДІГЕДЕЙ ШЫН ШЕБЕР АЗ

Едіге Нәбиевті жалпақ жұрт мықты домбырашы деп таниды. Едіге домбыра жасаушы шеберлердің шын мықтысы анықталатын «Үкілі домбыра» байқауының екі мәрте жеңімпазы. Оныі әкесі Қуанғали Нәбиев өз заманында шебер домбырашы, жыршы-термеші болған. Белгілі күйші «тесік тамақ» Сабыр Мұқатовпен бірге жүрген. Едігенің өзі Орал пединститутының «денешынықтыру» факультетін бітірген. Жеңіл атлетикадан облыс чемпионы болған. Қанмен берілген өнер қойсын ба, Украинда әскери борышын өтеп жүрген кезінде гитарамен күй тартып, шеберлігімен таң қалдырған екен. Кейін дәстүрлі күйшілер Өтеген Жұмашев, Ермек Қазиевтермен біте қайнасып, бірге жүрді. Елордада өткен «Астана – Аррқау» дәстүрлі түркі музыкасы фестиваліне арнайы шақырылып, өнер көрсетті.

Бүгінде Едіге домбыра жасаумен кәсіби тұрғыдан айналысады. Оның қолынан шыққан домбыраларды дәулескер күйшілер Өтеген Жұмашев, Тұяқ Шәміловтер жоғары бағалады. Домбыра – жай ғана ағаштан жасай салынатын аспап емес. Күмбір күйінің жақсы шығуы шегіне, ағашына, сол шек пен ағашты дөп тани білетін шын шебердің талантына байланысты. Ұлтымыздың өлмес өнері күй осындай айтулы шеберлердің арқасында ұрпақтан-ұрпаққа бар салтанатымен жетіп келеді десек, артық айтқандық емес.

 

КҮМБІР КҮЙДІҢ КИЕСІ

Қали Жантілеуов бала жастан-ақ өнерге бейімдегімен көзге түскен екен. Баланың талабын таныған әкесі домбыра жасап берсе, үлкен анасы сол домбыраға қойдың ащы шегін тағып береді. Сол бала Қали домбырашы боп, елге танылады. Содан әйгілі Ахмет Жұбановтың шақыртуымен Алматыға барып, сирек орындалатын бірнеше күйді нотаға түсіріп береді. Баламайсаның «Дүние ғапыл» күйі осы Қалидың орындауымен толық жеткен. Бүкілқазақстандық халық орындаушыларының слетінде І орын алып,  Құрманғазы атындағы оркестріне қызметке шақырылған.

Ахмет Жұбанов: «Қали домбыраны борандатып, екпіндете тартатын күйші» деп баға берсе, Тұяқберді Шәмілов Қалиды өзіне ұстаз тұтқан. Қали да «Тұяқ балам күйді шебер түсініп орындайды. Өнердегі мұрагерім» деп батасын берген екен. Шәкірті, мұрагері Тұяқ та өз кезегінде «Қали, Мәмен, күмбір күй» деп күй арнап шығарған.  1990 жылдың басында Қалидың тоқсан жылдық тойы өтті. Күй абызының өзі туған еліне келіп, зор құрметке ие болды. Сол келгеннен Қали күйші туған елінде қалуды ұйғарып, Жаңақаладағы қызының қолында қалды. Мәңгілік мекені де туған жерінен төсінен бұйырды. Шәкіртім, мұрагерім деп таныған Тұяқ та ұстаз алдындағы борышын өтеп, қайтқанша қасында болып, жерлеу кәделерінің де басында жүрді. Қали Жантілеуов тек Тұяқ Шәміловтің ғана емес, атақты Нұрғиса Тілендиевтің де ұстазы.