3.11.2020, 15:50
Қараулар: 288
«ОРДА ЖҰЛДЫЗЫНА»

«ОРДА ЖҰЛДЫЗЫНА»

 

Дәл алпыс жыл!

Басталдың «Жаңа жол» боп.

Көтерген-ді туыңды тәмам ел боп,

«Нұр себем!» деп өзгеге, өшіп тындың,

Әміршілдік саған да бітпес сор боп.

 

Зәулім күмбез мәрмәрдан тұрғыздың да,

Жырдан моншақ таққыздың ұл-қызыңа.

Жиырма бір жыл өткен соң күнің туып,

Қайта айналдың «Орданың жұлдызына».

 

Дабыл қақтың тоқырау алдын алып,

Жан жоқ оны тыңдаған құлақ салып.

Қайран Нарын, Жасқұс пен Қаракөлді,

Қорғаймын деп қапыда қалдың налып.

 

Кірпік ілмей қарсылап таңсәріні,

Батырдық та атырдық қанша күнді.

Шындық үшін шырқырап, жапа шектік,

Жандар ұтып жақтаған жаңсақ үнді.

 

Елдің, жердің жасадың шежіресін,

Небір жәйтқа  жосықсыз кезігесің.

Өрге бастап өндіріс өрендерін,

Арың таза екенін сезінесің.

 

Сен арқылы дос таптық мың-мыңдаған,

Бедерімен көрінді дүл-дүл далам.

–Қайғы-мұңыз халықтың жоқтайсың,-деп,

Аз болған жоқ бұрғандар сыртын саған.

 

Жағынып та көрмедік жақпағанға,

Өкпе артпадық арқадан қақпағанға.

Шенқұмарлар сын тақты талай рет,

Аты-жөнін бетіңнен таппағанда.

 

Кімнен бұрын кім тұру талас болып,

Алатаңнан тиісті алас ұрып.

Редактор байғұсың күйбең қақты,

Құтылудың амалын қарастырып.

 

Оқырманның сүйсінді «Жебе» шығып,

Кез-келгеннен іздеді демес: ілік.

Қозғалыпты көп нәрсе, парақтасақ,

Жан болды ма шара алған кеңес құрып?

 

Нысана еттің жемқорды, ұрыны да,

Түстің талай қулықтың құрығына.

Басып жүрген әлі бар қонышынан

Сырдың суын жеткізбей жұлығына.

 

Шын құлашын Әділет жайғаны ма?

Бет қойдың қайта құру майданына.

Сөзбен қолдап, ал, бірақ іспен қарсы…

Сан алуаны кезікті айланың да.

 

Бөсербайлар бой бермей бөсіп кетті,

Сыналғандар біртіндеп өсіп кетті.

Белден басқан билікті майлықарын

Бүлдірудей бүлдіріп, көшіп кетті.

 

Қорғанына әлсіздің айнала алмай,

Елең-құлаң етесің айналаңа-ай.

Әлеуметпен ақылдас, «Жебеңді» де

Болмас, сәрі, қылпытып қайрап алмай!

 

Ажырамай әзірге асылыңнан

Астың, міне, алпыстың асуынан.

Халық мұңын мұңдай бер мұқалмастан,

Сақтан да тек күштіге бас ұрудан.

Болат НАУРЫЗҒАЛИЕВ

«О.Ж.» 7 қыркүйек, 1990 жыл