3.11.2020, 15:44
Қараулар: 78
САЙҚЫНДА ЖИТЬ МОЖНО

САЙҚЫНДА ЖИТЬ МОЖНО

(«О.Ж.» №97 14 тамыз, 1982 жыл)

–Келесі станция – Сайқын!

Проводниктің осы хабарлауын естіген екі-үш жолаушының арасында мынадай әңгіме басталып кетті.

–Қалай, Сайқын аудан орталығы болғаннан бері жақсарды ма?

–Жақсарғанда қандай, адам танығысыз мүлдем өзгеріп кетті ғой.

  • Әрине, он жыл дегенің аз уақыт емес. Не бір тамаша құрылыстар сап түзеген шығар?
  • Айтып жеткізу қиын, кең-кең жаңа көшелер пайда болды.
  • Кәне-кәне, атап көрші сәулетті ғимараттардың бір-екеуін?
  • Өзің қызымыр болмағай ең. «Көруге көз керек» деген бір ауыз сөз қанағаттандырмайды ма адамды. Көресің ғой қазір. Енді келіп, бүге-шүгесіне дейін жіпке тізіп отыруым керек пе саған, ә?
  • «Жақсыны айтса, жан сүйенеді» демекші, оның несіне тұлдана қалдың. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар», санап тұрып алақанға салмайсың ба?
  • Салсам несі бар?

Деуін дегенмен, жауап беруші жігіттің ойына әп дегенде мінсіз құрылыс түспей, қапелімде абыржыңқырап қалды. Отырды-отырды да:

  • «Жазира»!-деді.
  • Мұның магазин ғой. Көргем өткенде. Үш күн торып жүріп, кіре алмай кеткенім бар. Бір қора әйел әлденені бөлісе алмай, айқай-шу көтеріп жатқан.
  • Ал «Быткомбинат» ше?
  • Жаңа орын демесең, кіріп шығып қалай олақ салынғанын көргенде, ішім удай ашыды. Білем-білем, сегіз күн сергелдеңде жүріп, суретке түсе алмағыным есімнен кетер емес.
  • Қашанғыны жібітіп отырсың өзің?
  • Тап күні кеше, июль айында болған жәйт.
  • Неғайбіл. Бірақ, ілгері басқандық деп мұны да айтуға болады. Бұрындары айлап жабық тұрушы еді, апта дегенің чепуха, тәйт дегенше, өтеді де шығады. Ал енді кір жуу-монша комбинатын білемісің?
  • Білгенде қандай, соңғы әзірде пайдалануға берілген құрылыстардың бірі деп естігем… Бірақ…

Әңгімелерін манадан үн-түнсіз тыңдап отырған үшінші жолаушы:

–Бірақ емес, брак!- деп қалғанда, отырғандар ду күлді.

–Несіне күлесіңдер?-деп өршілене түсті ол.

–Кір жууын былай қойғанда, моншалық міндетін де азар атқарып жүр емес пе?

–Соңғы жылдары салынған объектілердің ішінде брак еместері бар ма, сірә?

–Наубайхана! – деді әлгі жігіт жанарынан ашу оты ойнап.-Ешқандай мін таға алмайсың.

Оның кекесінмен айтып отырғанын аңғарған сұрақ беруші жігіт сәл ғана жимиып қойды. Өйткені алты жыл салынып, алты күн дұрыс істей алмаған наубайхана жайын ол бес саусағындай білуші еді. Оның қанын қайната түскісі кеп:

  • Су мәселесі қалай?
  • Алпыс колонканың алтауы істейді.
  • Немене аузыңа алтыдан басқа сан түспей ме? Халықты азық-түлікпен қамту… Айтпақшы, базар ұйымдастырылды ма?

Поезд Сайқынға келіп тоқтады да, бұл сауалдарға жауап қайтарылмай қалды. Бұлар есікке жеткенше, қолдарында шелектері бар әйел-еркек, бала-шаға жолдарын бөгеп, вагонға лап қойды.

–Ойбай тарт мені, тарт!

  • Уһ, жүрегім-ай!
  • Баланы өлтірдіңдер деймін,- тағы сондай ащы сөздерден құлақ тұнады. Оған дау шығарып жатқан жан баласы жоқ. Бәрінің мақсаты біреу ғана, қайтсе де поезға ілігіп кету.
  • Ей, бұларың кім тағы? Сауыншы дейін десем, оған ұқсамайды. Сонда…
  • Сауыншылар деуің әбден дұрыс. Бұлар тек сиыр емес, темір жол бойындағы екпе ағаштардан смородина саууға асығыс бара жатқандар. Өйтпесе, вареньені оларға кім береді?

Жолаушы жігіттер таласып-тармасып екінші есіктен перронға әзер түсті. Қолдарында қоржындары, торы бар жүгірмектер перронда да әрлі-берлі шұбырып жүр екен. Шаруалары проводникке болса керек, екпіндей жетіп, еркін сөйлесіп жатыр:

  • Үнді шайы бар ма?
  • Бар, жиырма сом.
  • Әкел екі килосын!
  • Картоп бар ма?
  • Бар, шелегі жеті сом.
  • Сал қапшыққа!
  • Помидор, қияр бар ма?
  • Бар, үш сомнан.
  • Толтыр мына торды!
  • Қарағым, колбасам бар дейсің бе? Әкел, білекпендейін.
  • Нан ше, нан? Бір алтауы керек еді.
  • Нан алдыңғы вагонда.
  • Ендеше, әкел жұмыртқаңды!..
  • Біреу: «Қонағым, мұқият отыр, біздің бала көзіне түскенді сұрайды»,-деген екен. Сол сияқты бұл сайқындықтардың көрмегенін де сұрай бере ме? Басқасы басқа, өздері еттің ортасында отырып, колбасаны неғылады? Әлде, плаганда ет сатылмай ма?

Топтан әрең дегенде сытылып шыққан әлгі жігіт қазымыр жолаушыдан қашып құтылғанша асықты. Бірақ, оңайлықпен құтылдырар ол жоқ. Өкшесін баса ілесіп келеді.

  • Немен тыныстайсыңдар-ай? Айтпақшы мәдениет орындары көбейді ме?
  • Аудандық мәдениет үй және Мәншүк Мәметова атындағы совхоздың клубы бар, бір Сайқынға сол жетпей ме?

Жалпы, мейлі ғой, орындардың ескілігін де, бракпен салынғанан да, алда сабақ болсын деп екіне әңгімелеп жатырмыз, әсіресе, халыққа көрсетіп отырған қызметін айтсаңшы, қызметін.

  • Япырмай, алдыңғы жігіттің жер-көкке тигізбей мақтаған Сайқыны осы болса, өзі опа тапсын. Анаңқара, әлігі шелектілер поезды тағы тоқтатты. Кеттім мен, үлгерем ғой.
  • Әу, жөн-жосығыңды айтып кет, өзің кімсің? Жерұйық іздеген Асанқайғының екінші сыңары болмай шық,-деп оның артынан ақтарыла қарап қалған әлгі жігітіміз:
  • Ничего, не десең о де, пока поездар Сайқынды басып өтіп тұрғанда, жить можно!-деп айқайлап жіберді.

Болат НАУРЫЗҒАЛИЕВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар