3.11.2020, 15:40
Қараулар: 345
БІЗДІҢ ҚЫЗДАР!

БІЗДІҢ ҚЫЗДАР!

Тоқсан жылдық тарихы бар газет редакциясында талай адам бақ сынап, нәпақасын тапты, өз қолтаңбасын қалдырды. Газеттің өткеніне оралсақ, редакцияның шығармашылық ұжымында талай нәзік жандымыз жұмыс жасаған екен. Қыздардың осалы жоқ. Газет шежіресінде олардың әр қайсысының өшпес ізі, өзіндік қолтаңбасы бар. Бұрынғы әріптестеріміздің арасында мамандық ауыстырғандары да, осы саладағы жұмыстарын жалғастырып жатқандары да бар.  Олар қайда, қай салада жүресін, бастарын біріктіріп, сөздерін тоғыстыратын бір арна, бір тақырып бар. Ол – редакциядағы  жылдары туралы жылы естеліктер.

Гүлнар Қадырова. Құм Нарынның асыл сөздің парқын білетін қауымға жақсы таныс есім. Гүлнардың балалығы да, есейіп, кемелденуі де осы газет арқылы оқырман қауымның көз алдынан өтіп жатқандай.

Сонау мектеп қабырғасында жүрген кезінен Гүлнар мен «Орда жұлдызын» нәзік бір жіп шырмап алғандай. Сол тін күні кешеге дейін үзілмей келді. Бүлдіршін Гүлнардың марқұм әжесіне деген сағынышын, балаң жырларын, айтыстағы алғашқы қадамын осы «Орда жұлдызы» жалпақ жұртқа жария қылып отырды. Сол кездегі редакциядағы аға буын да Мұратсайдан үздіксіз хат жолдайтын осы қыздың бойында ерекше қабілет, қаламға қарымы барын дөп басып таныған сияқты.

Кейін редакцияға тілші боп қабылданды. Өндіріп, өнімді жазды. Аймекеннің су қоры, сұлаған қарағай,  етегін ерте көтерген қыздар тәрбиесі т.с.с келелі тақырыптарда жазған мақалалары әлі күнге оқырман есінде. «Адам жаны тұңғиық» деп өзі айтпақшы, кейіпкерінің болмысын тап басып ашып, ауылдағы жақсы жандардың көпке беймәлім қырын ашып, тағдырлы мақалалар да жазды. Ауданға ат басын тіреген әнші, өнер адамдарымен «Сәті түскен сұхбат» та жүргізді.

Гүлнар не жазса да, шығармасынан автордың өз «мен», үні, мінезі, қатепті қара нарға жүк боларлық азаматтық болмысы көрініп тұрады. Редакциядан кетсе де, Гүлнарымыз қазірде бізден алыстаған жоқ. Илегеніміз сол бір терінің пұшпағы. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде қызмет атқаратын Гүлнар ол жақта да өз аудиториясын қалыптастырып, айтары бар тілші екенін танытты.

Редакцияның мерейтойында Гүлнар да сырт қалмай, ақ тілегін жолдады.

Тоқсанның төріне енген қасиетті Бөкей Ордасы ауданының төл басылымы – «Орда жұлдызы» үнпарағында  тілші боп он жыл қызмет етіппін. Тайбурыл шабысты қайран уақыт десейші! Жалынан ұстата қоймайтын асау жылдар  мені еншісі бөлінбес күндердің уысынан шығармай  қайнаған еңбек майданында қанатымды қатайтты. Редактор Бауыржан Бисеновтің арсың-күрсің құбылып жүретін күрделі, нағыз журналистік болмысы аудандық басылым тілшілері үшін  үлкен өмір-мектебі болды. Жиналыс сайын  «әр қайсың менің жалғызым»,-деп көпшік қоя сөйлеп, бір ұжымды шашау шығармай жүйелі еңбек үрдісін қалыптастырғанын айтпай кетуге болмас. Мықты редактордың үлкен мектебінен өткенімді  кейін өзге басылымда қызмет еткен кезімде жете түсіндім. Жауапты хатшы Каримолла Ғайсин ағамыздың да оқырман хатын ғана емес, жас  тілшінің олақ жазылған мақаласын қиюын келістіріп жіберетін хат қорытудағы шеберлігін айтсаңызшы! Аға тілші Амантай Хамзин аудандық басылымның ақсақалы еді. Қашан көрсеңде тарихтың қатпар-қатпар қойнауынан сыр іздеп, сарғайып, уақыт мүжіген газет тігіндісін ақтарып отыратын. Өте еңбекқор жанмен қызметтес болудың өзі бір ғанибет еді-ау… Осынау шығармашыл ұжымда есепші Ағира апайдың да орны бөлек-ті . Ұйымдастыру қабілеті жоғары маманның мен таңқалар қасиеті әріптестер ғана емес, айналасындағы адамдардың  да  туған күндерін ұмытпайтын. Әлі де сол өзіне тән  әдебінен жаңылмаған.

Осы қара шаңырақта ізі қалған марқұм, ақын Мақсот Молдағалиевтың қызы Айнұр, бауыры Жексен ағаның қызы Гүлжаухан да қызмет етті. Жауапты хатшы сатысына көтерілген Раушан Бақытованың тиянақтылығын үлгі етуге болады. Әр адамның тілін оңай табатын Гүлжаз Баделованы басшыдан бастап, әріптестері  де жақсы көретін. Кейін бұлардың көшін Арайлым Есмағұл басты. Бүгінде ол редакцияның белді қызметкері. Қазір Ұлпан Жакина басшылық етіп отырған шығармашылық ұжымның тың идея, соны  ізденістерімен көш басында келе жатқанын айта кеткен жөн.

90 жасқа толып отырған  басылым қызметкерлерін мерейтойларымен қызу құттықтап, еңбекте абыройлы болуын тілеймін. Жазар азаймасын!

 

Айнұр Молдағалиева — әке жолын жалғастырып, газетімізге бірнеше жылын арнаған әріптесіміз.  Оқырмандары ақынжанды жақсы жан еді деп, әріптестері «сабырлы, салиқалы жан еді, ертеңінен мол үміт күттірген маман еді» деп еске алатын Мақсат Молдағалиевтің қызы.

Редакциядан кетсе де, әкесінің көзіндей ыстық ұясына сәлем салып тұратын Айнұрымыз бұл күнде жеке кәсіпкер. Дәстүрлі медицинаның заманауи әдіс-тәсілін жетік меңгеріп, көптің сан алуан дертіне шипа тауып, алғысына бөленіп жүр. 

Айнұр МОЛДАҒАЛИЕВА: «ӘКЕМНІҢ КӨЗІНДЕЙ ЫСТЫҚ ҰЯМ»

«Орда жұлдызы» газеті біздің отбасымыз үшін ерекше ыстық. Көз ашқалы аталмыш газеттің редакциясы ұжымын бейне бір туысымыздай көріп өстік. Әкем, Мақсот Молдағалиев әскери борышын өтеп келген соң осы редакцияда өз еңбек жолын бастап, ауданға кеңінен танымал тілші болды. Кейін мен журналист болып жүрген кездерімде ауылдық округтерге іссапарға бара қалсам, ауыл ақсақалдары келіп, арнайы сұхбаттасатын.

-Айнұр, айналайын, қаламың қарымды болсын. Сенің мақалаларыңды асыға күтіп, оқуға тәнтімін. Аудан айнасына айналған «Орда жұлдызының» бетіне небір өзекті мәселелерді көтеріп, сыни туындыларды да жазып жүресің. Осы сен сол газетте журналист болған марқұм Мақсоттың қызы емессің бе? Түр-келбетің де, жазу мәнеріңде дәл сол әкеңдей екен- дейтін. Сол сәтте әкеме ұқсатқанына төбем көкке жетіп, қуанатынмын.

Асқар тауымыз мәңгілік мекеніне аттанған кезде де  әкемнің әріптестері отбасымызға жиі келіп тұратын. Әкемнің әріптесі, рулас апайымыз Жұпар Жұмақаева бала көңілімізді аулап, дем беріп отыратын.

Қателеспесем, 2004-2005 жылдары облыстық «Дала дарындары» байқауына қатысып, І орынға ие болдым. Қазылар алқасы төрайымы болған облысқа танымал қаламгер Мира Шүйішәлиева әкеммен жұмыстас болып, тәлім алғанын атап айтып, жүлдені табыстаған сәтте алған жүлдемнен гөрі сол жылы сөз мен үшін үлкен мәртебе болды.

Ес білгелі біліп, танып өскен ағаларым Каримолла Ғайсин, Бауыржан Бисенов, Тұрақбай Шәкеновтермен кейін әріптес боламын деп ойламаппын. «Мәкеңнің қызысың ғой, қаныңда бар,  Әйнөк» деп қызметке шақырған сол кездегі газет редакторы Бауыржан ағама алғысым шексіз. Ең алғашқы жазған мақалам әлі күнге есімде. Ерекше мақала өзі бір.

Ұлы Отан соғысы жеңісі мерекесінің қарсаңы болатын. Осы тақырыпқа мақала жазуды тапсырған болатын. Каримолла аға жауапты хатшы сол күндері, әр мақаланы тексеріп, баспаға жіберу сол кісінің құзырында болатын. Мектепте де университетте де орысша оқыған болатынмын оған қоса алғаш жазып отырған мақалам.

-Айнұр,  фашисттерге қатты жаның ашып отыр екен. Қыршыннан қиды деп қимастықпен жазыпсың ғой-деп Каримолла ағам күлді. Ол кісі ешкімге бет жыртпай, жаймен айтатын адам ғой.

-Енді өлтірді дегенім ғой шетінен қырып- деп мен де беріспеймін.  Күлді де:

-Отыр кел, қыршыннан қиылды деп жас кетті-ау деген аяушылық сезім білдірілген кезде айтылады. Орысша ойлайсың. Басқалай мақалаң жақсы-деді. Сол «қыршыннан қиылған фашистер» көпке дейін анекдот болып жүрді.

Бұл редакцияда көп тәрбие алдым, шыңдалдым. Ағаларым Бауыржан Бисенов, Каримолла Ғайсин Шәкенов, марқұм Талғат Шәріпқалиев сынды өз ісінің майталмандарымен иық тіресіп жұмыс жасап, олардан бағыт-бағдар алғаным мен үшін үлкен абырой. Кейін әскери қызметте болғанымда осы сауаттылығым қолбасшылық алдында абыройымды көтерді.

Еркелікке салып талай мақаланы жыртып, арыз жазып өз еркіммен босатыңыз деп есікті тарс жауып кеткен кездерім де болған. Ашуым тараған соң қайтып келіп отыратынмын. Сонда ешкім «қайда болдың?» деп бетімнен алмайтын. Дым болмағандай жұмыс жалғаса беретін. Әкеме деген құрмет пен жас буынды тәрбиелеу даналығы екен бұл.

Сүйікті газетіміздің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында азды-көпті еңбегімді елеп, ескергеніңізге ризамын.  Ауданымыздың айнасы жыл санап көркейе берсін. Әр кез халық мүддесін қорғап, ел жанашыры ретінде таныла беріңдер. Редакция басшысы және барша қызметкерлеріне қаламдарың талмасын, шығармашылық табыстарың мол болсын, жасап жүрген игі істерің халықтын сүйіспеншілігіне бөлене берсін.

 

Бүгінгі таң «Қазақстан» РТРК» АҚ БҚОФ тақырыптық хабарлар  бөлімінің редакторы қызмет атқаратын Гүлжаз Баделова «Орда жұлдызын» журналистиканың үлкен мектебі санайды.

Гүлжаз БАДЕЛОВА:

«… МЕН ҮШІН ҮЛКЕН МЕКТЕП, АЗАМАТТЫҚТЫҢ АЛТЫН ТАБАЛДЫРЫҒЫ,  ӘРІ ТАТУЛЫҚ ҰЯЛАҒАН ЫСТЫҚ ҰЯ»

Әр қазақтың жүрегінде қара шаңырақ деген киелі ұғым бар. Мейлі, ол өзінің түлеп ұшқан ұясы ма, мейлі, алғаш білім нәрімен сусындаған аяулы мектебі ме, әйтеуір, осынау ұлы ұғым адам кім болсын, қайда жүрсін көңіл түкпірінде жылы естеліктерімен сақталып қалады.

Есімде… 2013 жылы қазан айының басында аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдауымен «Орда жұлдызы» газеті редакциясының табалдырығын ең алғаш қызметкер ретінде аттадым. Қолымдағы жолдамаға да көңілім толмады. Мені шығармашылық ортаға «тазалықшы» ретінде жолдағаны қалай деп іштегі ренішімді баса алмай келдім. Алайда, көңіл-күйдің кілті адамдардың қас-қабағында, жылы қабылдауында, іш тарта сөйлеуінде емес пе?!  Мен бұл «қара шаңырақтан» пейілі кең, ақылы дархан, айтары мол кеудесінде тұнған тарих пен тағылым бар журналистерді көрдім. Соларға еліктедім. Қаламының жүйріктігіне көз ілеспейтін тілшілер қауымының ортасында жүріп, әдебиеттің құдіретін сезіндім. Сол кездегі білікті басшымыз, мықты сауатты редактор, мен үшін нөмірі бірінші журналист Бауыржан Бисенов, энциклопедиялық білім иесі Амантай Хамзин, қай саланы болмасын жілікше шағып, артық сөзден арылтып, түсінікті тілмен оқырман назарына ұсынатын тәжірибелі маман Каримолла Ғайсин, қаламының ұшындағы мөлдіреген сезім, ақ қағазға көлдей-көлдей хат болып төгілетін Гүлнар Қадыровалардың басылым беттерінде ғана емес, оқырман жүрегіндегі де орны бөлек. Есепшілік қызмет атқаратын Ақ Ира апаның (біз солай атайтын едік) да бойы тұнып тұрған өнер. Ол ортада осал адам жоқ. Сонысымен де санаулы адам қызмет атқаратын аядай ғана редакциямыз менің санамда, жанымда «қара шаңырақ» болып қалды. Қала да бермек.

Иә сынаптай сырғыған уақыт зымырап өтіп жатыр. Ең алдымен, газеттің ұжымын сағынып тұрамын. Өйткені, мұнда мен бір-біріне жанашыр, бір-біріне шын тілекші, әрқашан азаматтығын жоғары қоятын ізгі жандардың шоғырын көрдім. Тәлімін алдым. Мектебінен өттім.  Әдетте, көңіл пернесін дәл баса алмасаң, шығармашылық адамдары – қалам ұстаған журналистер қауымы қиқарланып, одан қалса, қызғанышпен бір-бірін аяқтан шалып жатады емес пе?! Жоқ, бұл газетте пендешіліктен парасат басым, қызғаныштан адами құндылық жоғары. Мұндағы тәрбие «Бәріміз – біріміз үшін. Біріміз – бәріміз үшін». Аптасына бір мәрте қолыңызға тиетін әдемі газеттің артында қаншама адам тұрғанын былайғы оқырман қайдан білсін? Газет редакциясы мен үшін журналистиканың үлкен мектебі, азаматтықтың алтын табалдырығы әрі татулық ұялаған ыстық ұя. Торқалы тойларыңыз құтты болсын! Сіздер жазған жағымды жаңалықтар базарлы тірліктің ажарын арттырсын! Абыз басылымның  жүз жылдық тойында кездесуді жазсын!

 

Дәл қазіргі таңда мектепте бала оқытып, тәлімді тәрбие беріп жүрген ұстаз Гүлжаухан Молдағалиеваның да үш жылдай уақыты редакция қабырғасында өтті.  «Газеттің әр нөмірінің артында қанша еңбек барын жақсы білемін. Әр мақалада тілшінің ерен еңбегі, маңдай тері барын жақсы түсінемін» дейді ол.

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, әлемдегі, айналадағы, оқиғаларды хабарлап отыратын, қоғам мен үкіметті байланыстыратын сала – журналистика.

Журналист мамандығы – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ешқашан қателесуге болмайтын, қашанда жаңаның, жаңалықтың жақтаушысы, қолдаушысы бола алатын бір кәсіп. Қаламың мен қағазың арқылы қорғансызға пана болып, әділеттік тапқанда, біреуге үміт ұялатқан сәтте осы мамандықтың құдіретін сезінуге болады. Оқып-тоқыған мамандығым мұғалімдік болса да, журналистика саласы маған жат емес. Ауданымыздың айнасы – «Орда жұлдызы» газеті редакциясында біраз жыл терімші, корректор қызметтерін атқара отырып, журналистиканың қыр-сырына үңіліп, әріптестерім Бауыржан Махутұлы мен Амантай, Каримолла ағаларымнан, Ағира апам мен Гүлнар Тасболатқызы, Раушаннан үйренгенім  көп. Амантай ағама сұрақ қойсам жайлы мінезімен майын тамызып тұрып, жіліктеп түсіндіріп берсе, Каримолла ағам «Гүлжаухан, фактіге сүйен, құр қиялға берілмей, қысқа да нұсқа дәлелмен, жәй-жапсарымен жеткіз» дейтін. Фотоға түсіруді де осы кісіден үйренгем негізі. Бала күнімнен «н» мен «ң»-ды айыра алмайтын маған Бауыржан ағай «Құйрығын салмай кетші, одан да өзім редакциялағанда түзетермін» деп ұрысатын.  Қазір газеттен кетіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген педагогпын.

Биыл бұл шаңырақта үлкен той. Бір кездері бір қазанда қайнасқан әріптестерімді осынау мерейтоймен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, бақыт тілеймін. Қызметтері табысты болып, биік белестерді бағындыруларына тілекшімін.

 

Майра Шәкірова редакция тарихында терімшілердің соңғы легіндей.  Қолын қара майға былғап, әріптерді подносқа тізбесе де, саусағы саусағына тимей, көз ілеспес жылдамдықпен газетке шығар мақалаларды алғашқы боп оқып,  машинкада теруші еді. Бұл күндері қызметін ақ үйден тапқан Майрамыз әлі күнге өз адамымыздай.

 

Майра ШӘКІРОВА: «ҰЖЫМ МЕНІҢ ӨЗ ҮЙІМ»

«Орда жұлдызының» тынысы маған таныс десем, қателеспеспін. Өйткені осы ұжыммен он жыл қызмет еттім. Шимай-шатпақ етіп жазған қолжазбаны, жауапты хатшының түзеп, реттеуінен кейін теретінмін. Бір сөзбен айтқанда терімші болдым. Бүгінгі жас толқынға мұндай қызметтің болуы да қызық боп көрінер дегенмен ол кезде баспа машинкасы болатын, кейін оны компьютер біртіндеп алмастырды. Барлық мақалалар менің қолымнан өтті деп айтсам да болады. Мен қызмет еткен 2000 жылдардың басында редакция бүгінгі ауылдық әкімшіліктің бір бөлігінде болатын. Редактор Бауыржан Бисенов, есепші Ағира Әбдірова, тілші Каримолла Ғайсин және фото түсіріп Жасқайрат Жәдігерұлы деген жігіт қызмет етті. Онда да төрт бет газет шығарып, оқырмандарға өз қолымызбен тарататынбыз. Кейін аудан әкімдігінің екінші ғимаратындағы үш бөлмеде қоныс аудардық. Онда компьютерге ауысып, жұмысым жеңілдей түсті. Әрине, өз уақытының өз қиындықтары болады. Ол кезде де газет Оралдан әзірленіп, басылатын. Теріліп, бірнеше мәрте түзетіліп, бет макеті құрылып, алғашында дискетаға бертін келе флешкаға салып, Оралға қатынатын адамның есігін қағып алып кетуін өтінген шақтар болды. Бәлду-бәлду бәрі өтірік. Ол кез келмеске кетті. Қазір бәрі электронды негізде жолданады. Редакция ұжымының бірлігі ерекше еді. Айта кетейін осы он жыл ішінде Амантай Хамзинмен, Гүлнар Қадыровамен, Айнұр Молдағалиевамен, Раушан Бақытовамен, Венера Ермекқалиевамен, т.б. қызметтес болыппын. Әрі біздің ұжымға талабын байқауға көптеген жас келетін. Ұжым олардың бірін де жатсынбайтын. Үлкені мен кішісі білгенін үйретіп, кейде дауыс көтеріп те ескертіп жататын. Дегенмен көңілге түсер сөздер бұл ортада айтылмайтын.

Өзім редакция ұжымынан кеткенмен байланысты үзген емеспін. Бәрі де көз алдымда. Мерейтойда бұрынғы ұжымыма қаламдарың мұқалмасын, ел-жұрттың қамын жеген қалыптарыңнан таймай, оқырман алғысын арқалай беріңдер деймін. Шабыттарың шалқысын!

Айша Құрмаш  — Ақ Жайықтан жұбын тауып, құм Нарыннан, біздің ортадан кеткенше кенжеміздей боп, еркелеп жүретін. Аңғал мінезі, аңғармай сөйлеп қалатыны да өзіне жарасып тұратын әріптесіміз әр кезде бізбен байланыста.  Қызметін мектепте жалғастырған Айшамыз бұл күндері құшағында құндақтаулы ұлы бар аяулы ана. Сол ерке қызымыз да әріптестерін мерейлі күнмен құттықтап, сәлемін жолдапты.

 

Айша ҚҰРМАШ: «ҰЖЫМНАН ҮЙРЕНГЕНІМ МОЛ»

Ауданымыздың айнасына айналған «Орда жұлдызы» газетінің айтары да аз емес. Өзіңе не керек болса соны табасың. Мәселен, ауданымыздың өткен тарихы туралы, Алаштың ардақты азаматтарының кешегі мен бүгінгісі бар бəрі жазылып келеді. Ел қамын жеген, көптің жайын ойлаған көшелі сөз айтатын да осы басылым.

Мен бұл аудандық газетте төрт жыл қызмет еттім. Ең алғаш Жəнібек аудандық «Шұғыла» газетінде Ахмедияр Батырхановтың редакторлығымен корректор болып жұмысқа орналастым. Кейін туған өлкем Бөкей ордасында редакцияға бос орын жарияланғанын  естіп, құжаттарымды тапсырдым. Сол кездегі бас редактор Бауыржан Бисенов бастаған ұжым мені құшақ жая қарсы алды. Мұнда да корректорлықпен қатар сайт реттеуші қызметін қатар алып жүрдім. Тек мұнымен шектелмей, еркін тақырыпта мақала жаза бастадым. Кейін Бауыржан аға мені жиналыстар мен түрлі шараларға жіберіп, газетке бағыттады. Сол кезде Каримолла аға жазғанымды быт-шытын шығарып, қызыл ала қылып жөндеп беретін де «Түзетулерді енгізген соң, мына ескі парақты сақтап қой. Керек болады» дейтін. Кейін жазылған материалды екі-үш күннен кейін оқимын да, ағаның əп-əдемі ғып түзегенін байқап, өз кемшілігімді амалсыз мойындаймын. Сөйтіп-сөйтіп қатарға қосылдым. Осылай жүріп, Амантай Хамзин ағамен таныстым. Ол кісімен бір кабинетте отырып, тәлім алмасам да, сырттай жазуына сүйсіндім. Тарихтың майталманы ғой.

Кейін редакциямызда өзгерістер болып, кабинетіміз жаңа ортамен толықты. Жаңадан редактор болып Ұлпан Жакина келді. Бұл кісінің де өзіндік жоғары талабы бар болғанмен, əріптестермен тең дәрежеде сөйлесетін. Менің компьютерге басылған мақалам түте-түтесі шығып, редактордың алдынан сау тамтығы қалмай, əрең шығады. Өйткені, екі-үш қате кетсе, қайта өңдеуге жібереді. Ұлпан Жакина жарияланатын кішкентай ақпараттың өзін оқымай жібермейтін. Онысы газет қызметкерлеріне деген сенімсіздік емес, редакторлық жауапкершілік деп түсіндім. «Қаламақы не атақ үшін жазуға болады. Бірақ жарты бет жазсақ та жұртқа пайдасы тиіп, ел арасында қоғамдық пікір туғызып, билік басындағыларға ықпалы болса, пайдаң сол» деп жиі айтатын сөзі əлі есімде.

Осы орайда, бүгінгі келіп жеткен «Орда жұлдызы» газетінің тоқсан жылдық мерейтойымен құттықтап, ұжымға өмірдегі жəне шығармашылық жолдағы алар асуларыңыз биіктей берсін деймін. Жазарларыңыз көбейіп, қаламдарыңыздың сиясы кеппесін!

 

Нұршат Мұханбетқалиева мен Дана Атыраудың есімдері көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Бұл қос бұрымдымыз газетіміздің белсенді жас тілшілері. Тырнақалды мақалаларымен басылым беттерінен көрінген бұл екеудің БАҚ-тың үлкен айдынынан көрінері анық. Нұршатымыз «журналист болам» деген ақ арманының жетегімен Алматы асса, Данамыз Оралда ұстаздық мамандықтың қыр-сырын меңгеруде. Газетіміздің 90 жылдығында да алдыңғылардың  бірі боп, ақ жарма тілектерін жолдады.

Нұршат Тұрсынхан: «…РИЗАШЫЛЫҒЫМ ШЕКСІЗ»

Биылғы жылдың берекелі күзінде ауданымыздың айнасына, жаңалықтың жаршысына айналған «Орда жұлдызы» газетіне 90 жыл толды. Таланттылар мен талаптылардың басын біріктіріп, бір ошаққа жинаған, тырнақалды туындыларымыздың жарыққа шығуына бірден-бір себепкер болған газет ұжымына білдірер ризашылығым шексіз әрі шетсіз. Ғасырға жуық уақыт бойы абыройлы қызмет атқарған «Орда жұлдызы» үнпарағының 90 жылдық мерейтойына тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін арнасам: халық пен билік арасындағы өкілеттіліктеріңіз ешқашан тоқтамасын. Қаламдарыңыз қарымды болып, әрдайым ақиқаттың биігінен көрініңіздер. Халық көңілін дөп басып айтып, қажырлы еңбек етуді тоқтатпаңыздар дегім келеді. Газеттің барша ұжымына дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге табыс тілеймін.

 

Дана АТЫРАУ: «АЙТАРЫМ АЛҒЫС ҚАНА»

Аудандық «Орда жұлдызы» газеті ұжымын 90 жылдық мерекесімен  шын жүректен құттықтаймын! Осы 90 жылдың ішінде  Нарын топырағының нар жаңалықтарын халыққа бүкпесіз жеткізіп, өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді  басылым. Бұл басылымның мен үшін орны бөлек. Журналист болам деген арманыма  жетуіме бірдем-бір үлес қосқан осы басылым. Алғаш рет мақалам шыққанда қалай  қуанғаным әлі  есімде. Тек алғашқы мақалам ғана емес, әрбір жарық көрген мақалам мен үшін үлкен қуаныш! Өзім қалаған журналистика саласында оқымасам да, маған «тілші» деген атты алып берген, маған сенім артып, жауапкершілік танытқандарыңызға, өзімді тілші ретінде сезінуге мүмкіндік бергендеріңізге рақмет!!!

Осы орайда, менің әрбір жіберген мақаламды өңдеп, мені қолдап, ақыл-кеңесін айтып отыратын газет ұжымына алғысым шексіз! Дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға  мол табыс, шығармашылық шабыт тілеймін! Газеттің таралымы мен озық ойлы оқырмандары көп болсын!!!

 

Екатерина Мөкешева да газет оқырмандарына жақсы таныс есім. Газетіміздің бір санында Екатеринаның басшылығымен өткен Бисендегі мәдени шараларды жазсақ, енді бірде штаттан тыс тілшіміз ретінде Екатеринаның авторлық мақалалары жарық көріп жатады. Тоқсан жылдықта редакцияға толғауын арнап, жақсы сөзден алқа тағып, тәж кигізген еді.

 

Сүйікті газетіме арнау

90 жасқа толыпты,

Газетім менің сүйікті.

Бетінде тарих қатталып,

Өнеге,мұра жиыпты.

Тек әділдікті жақтаған,

Оқырман сенімін ақтаған.

«Орда жұлдызы» басылым

Көпшілік қауым мақтаған.

Оқысаң мейір қанады,

Оқыған берер бағаны.

Шежіресін Орданың

Газет бетінен табады.

Төрде орны бар басылым,

Жинаған мирас, асылын.

Торқалы 90 тойыңда

Жауһар жыр жазып тасыдым.

Жақсыны жиған елдегі,

Мақала ыстық сендегі.

Жарқыратқан жұлдызын

Қызметкерлердің еңбегі.

Сүйікті «Орда жұлдызым»,

Өзіңмен әсте біргемін.

Орныңды алмастыра алмас,

Ұққаным осы,білгенім.

Көп болсын асар асуың,

Ақ өлең менің шашуым.

Бала кезімнен серігім,

Жасай бер,жаса,басылым.

Асыға күтем әр санын,

Тиражы оның қанша мың.

Аудандық «Орда жұлдызы»

Сүйікті газеті баршаның.