3.11.2020, 15:10
Қараулар: 294
ІЗІ ҚАЛҒАН ТАЛАЙ ТАРЛАН, ТЕКТІНІҢ

ІЗІ ҚАЛҒАН ТАЛАЙ ТАРЛАН, ТЕКТІНІҢ

Торқалы 90 жылда ауданымыздың төл басылымында талайлардың тағдыры, талайлардың мұң-мұқтажы мен жетістіктері, күйбең тірлігі жазылды. Газетіміздің әр жылдардағы беттерді парақтасақ, одан сол кезеңнің саясатын да айқын аңғарамыз. Бір кездері «Жер жүзі пролетарлары, бірігіңдер!» деп ұрандатса, кейін заман ағымына сай нарықтың әкелген қасіретін, жұмыссыздық атты пәлекеттің төрімізге жайқасқанын жазған. Бүгінде сарғылт тартқан сол парақтарда есімдері мәлім де беймәлім тілшілердің еңбегі жатыр. Тілшілері былай тұрсын аудандық басылымды басқарған кей редакторлары туралы ауыз толтырып айтар дерек жоқ. Дегенмен мерейтойда өткенімізді бір шолып, бүгінімізді бағамдау – бәрімізге  парыз.

ІЗІ ҚАЛҒАН ТАЛАЙ ТАРЛАН, ТЕКТІНІҢ

«Орда жұлдызы» о баста «Жаңа жол»боп аталғаны белгілі. Газетіміздің 85 жылдық мерейтойы қарсаңында Хан ордасы ауылындағы көне үйлердің қабырғасынан  «Жаңа жолдың» №9 саны, кейін 2018 жылы №7 санының бес данасы табылған. Сонда көрсетілген және өзге де деректер негізінде «Жаңа жолды» жарыққа шығаруға  редакторлар Тілек Ғалиев, Ислям Хайрошев, Жәлел Сариев, Қуан Тастанбеков, Қаби Әлібеков, Мағзом Мертенов, Ғұбаш Жөндібаев, Жаналиев, Молдабай Жармұханбетов, Ескендір Серікбаев (бір деректерде Ізтілеу Серікбаев деп көрсетілген, екеуі бір адам болуы ықтимал), Қажиахмет Жанғазиев, Мифтах Жантикин, Шайдолла Мұханбетқалиев тер төксе, әріп теруші Ибраһим Мулякаев пен тілші Ғұмар Зарипов өз үлестерін қосқаны белгілі боп отыр. Ескеретін жайт бұл бізге белгілілері ғана, арасында есімдері аталмай қалғандары болуы да мүмкін.

Орда ауданы таратылып, араға екі онжылдық өткеннен соң қайта аудан боп құрылғанда, газетіміз де қайта жаңғырды. Бұл жолы «Жаңа жолдың» ізімен Орда ауданының жұлдызын жандыруды жөн санаған. Сөйтіп қайта шырағын жаққан аудан үнжариясының сол кездегі редакторы Хамит Сүйлейменовтың ұсынысымен газет «Орда жұлдызы» боп шыға бастады. 1951-1952 жылдары редакторлық еткен Хамит Қараұлы 1972 жылдан тура он жыл, яғни, 1982 жылға дейін тізгінді ұстады. 1982-1987 жылдары бұл саланың тізгінін Хамит Сүлейменов орынбасары Балмолда Тоқсановқа табыстаған. 1987-1997 жылдары Уәли Ғаббасов, 1998-2018 жылдары Бауыржан Бисенов басқарды. 2018 жылдың бірер айында басылымымыз Нұртай Текебаевтың редакторлығымен шықты. 2018 жылдың қарашасынан газетіміміздің ұжымын редактор Ұлпан Жакина басқаруда.

 

ТАРИХИ ДЕРЕКТЕРГЕ СҮЙЕНСЕК…

1930 жылдың 7 қыркүйегінен жарық көрген «Жаңа жол» жетісіне екі мәрте жарияланған. Алғашында Қазақстан (большевик) Компартиясы Орда және Жәнібек аудандық комитеттері мен аудандық советтері атқару органы, кейін  1952 жылдың 5 маусымында Қазақстан (большевик) Компартиясы Орда аудандық комитеті мен аудандық Совет  атқару комитетінің органы болып  табылды.  Газет есіктері құлыпталғанға дейін, демек, жиырма екі жылда «Жаңа жолдың» 1873 саны  шыққан.

1944-1952 жылдарда «Жаңа жол» газетінің тілшілер посттары құрылған. Ол аудан аумағындағы 48 колхоз бен 2 мал зауыты, машина-трактор станциясы ұжымдарында құрылып, белсенділер өз ұжымдарының тынысынан хабар беріп отырған. Солардың ішінен отыздаған тілші редакцияға үзбей материал жолдап, өзінің де ой-өрісін кеңейтіп, өзге қызметке лайықтылығын дәлелдеген. Мәселен, қарапайым колхозшы Қайкен Қабдешев газеттің белсенді тілшісі бола жүріп, колхоз партия ұйымының хатшысы, облыстық «Екпінді құрылыс» (бүгінгі «Орал өңірі») газетіне тілші боп жоғарылаған.  «Жаңа жол» Ғарифолла Шанауов, Қадер Әубекеров, Рахым Құрманбаев, Әубекер Карчагин, тағы басқа белсенді тілшілерінің қызметте өсуіне себепкер болған. Тек белсенді тілшілері ғана емес штаттағы қаламгерлер де биіктен көрінген. Мәселен, Мифтах Жантикин 1946 жылы еңбек жолын осы «Жаңа жол» газетінен бастаған.  Журналистік қызметке арнаған  жарты ғасырында ол түрлі республикалық басылымдарда қызмет етіп, ССРО Журналистер одағының мүшелігіне алынған. 1948-1950 жылдары  газетімізге редакторлық еткен Қажиахмет Жанғазиев облыстық «Екпінді құрылыс» басылымында әдеби қызметкер, арнаулы тілші, аудармашы, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып істеген.

 

ТАРАЛЫМНАН ТАРАЛҒАН ОЙ

«Орда жұлдызы» боп қайта түлеген газеттің таралымы да әр жылы әр қалай болған. Аудан құрылғандағы 1972 жылы 2100 дана болса, аудан халқының әл-ауқаты жақсара бастағанда газет оқырмандары көбейе түсті. Сандарға сөз бітірсек те дәл осылай дер еді. Ендеше көрсеткішке көз жүгіртейік: 1972 жылы 2100 дана болса, 1980 жылы таралым тағы жүз данаға өсіп, 2200-ді құрады, 1985 жылы-2400, 1988 жылы-2673,  1990 жылы – 2845 дана болды. 1994 жылы оқырман саны керісінше құлдыраған, мыңнан астам тиражға қысқарған.  Таралым  1726 болды. Сандар көрсетіп тұрғандай жаппай жекешелендіру жетіп келгенше де аудан халқы аудан айнасынан қол үзбеді. Тек таршылық алқымынан қыса бастағанда ол жағдай таралымға әсер ете бастады. 1999 жылы жылға жазылу бағасы 360 теңге болған уақытта таралымымыз 600 данаға дейін құлдыраған. Жасыратыны жоқ, бүгінде сегіз бетпен шығатын газетіміздің шығу жиілігі қысқарып, беттері азайған кездері болды. Уақытында аптасына үш мәрте шығатын «Орда жұлдызы» айына бір рет, бір ғана парақ боп шыққанын аға буын әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Бүгінде әл-ауқатымыз артып, тұрмысымыз, өмір салтымыз жақсарса да, сол де нарық қыспаққа алған кездегі таралым санына біз әлі де жете алмаудамыз.

 

ЖАЗЫЛЫМ ЖАЙЫ

Аудан басылымнан ұзақ жылдар қол үзбей келе жатқан оқырмандарымыздың арқасында газетіміз өз ғұмырын жалғастырып келеді. Міне, бүгін 90 жасқа толғаны соның айқын айғағы. Осы ретте тұрақты оқырмандарымызға ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені бұл тек төл басылымның тойы емес, оқырманның да мерекесі. Жазылымда алда жүретін аудандық электр торабы, «Қазсушар» Бөкей ордасы өндірістік учаскесі, аудандық мәдениет ұжымдарын, М-С.Бабажанов атындағы мектеп, Ш.Жексенбаев атындағы мектеп ұжымдары мен аудандық аурухана ұжымына, аудандық ветеринарлық станса ұжымына бір кісідей, жұмыла жазылып, қолдау білдіріп келе жатқандары үшін алғысымызды білдіреміз.  Өзімен қоса тағы да оқырмандардың қатарын толықтырған аудандық сот ұжымына ықыласымыз ерекше. Осы сапта зейнеткерлеріміз де, жеке шаруалар Сейту Мұхамбетшин, Жанболат Наурызовты атап кеткен абзал.

Ауданымыздың орталығын алмай, ауылдық округтерді саралайтын болсақ, көшті Бисен ауылы бастап тұр.

  • ­Бисендіктер тек «Орда жұлдызы» газетіне жазылуда ғана емес, жалпы барлық басылымда алда келеді. Ал, аудан орталығындағы жазылушылардың дені қызметте жүргендер. Қайта сайқындық зейнеткерлердің жазылымға деген белсенділігі қуантады. Мәселен, Заур Өтеев, Дариға Сұлтанғалиева, Жасталап Әменов «Орда жұлдызын» сұрап оқиды. Жасталап аға басқатырғыштарға көптеп жазылады. Жастарымыз «басылым заманы ғаламторға орын беруде» дегенмен, балалар басылымын әдейі алдыратын бөрлілік Әміржан Катаевтің отбасындай ауылдастарымыз барда басылым бәсі түспесі анық. Әміржан оқырманымыздай өз қалауымен, талғамына татырлық басылымдар жаздырып алатын ұялылық Гүлзира Зұлхарнаева, Гүлжан Жұмабаева, Мейрамгүл Шәріпқалиеваны,  әдістемелік басылымдарды алдыртып, кәсіби шеберлігін шыңдайтын ордалық Гүлназ Исмағұлова мен Надежда Қалдыбаеваны айтуға болады. Оқырмандардың арасында тарихи тақырыптарды, ғылыми зерттеулерді іздеп жүріп оқитын да оқырмандарымыз бар. Бисендік ақсақалымыз Ерболат Құбиев қана «Айқап» журналын жаздырып алады. Осындай саналы оқырмандарымыз тұрғанда басылымның бәсі биік болары анық.  Әне-міне дегенше жазылу науқаны да келіп жетті. Осы ретте аудан жұртшылығын басылымға жазылуға шақырамыз. Аудан айнасымен қатар өзге де танымдық, талғамға татырлық басылымдарға жазылады деп сенемін, де оқырмандарымыз қалыс қалмай аудан айнасын, сонымен қатар өзге де танымдық басымдарға жазылуын жалғастыратынына сенімдімін,- дейді «Қазпошта» АҚ-ның аудандық байланыс торабы басшының орынбасары Шолпан Хайрошева.

Айталық, біздің газетіміз де заман ағымынан еш қалып жатқан жоқ. Жастарымыз жарыса оқитын фейсбук әлеуметтік желіде де, ғаламторды торлаған инстаграмм атты әлемде де газетіміздің  парақшалары бар.  Ол парақшаларға салынған ақпарат әлжелінің форматына сай қысқа да нұсқа беріледі. Әлеуметтік желіде басымдық шараның негізгі тақырыбына,  суреттеріне қойылады. Ал, толық мазмұнын газетіміздің дәстүрлі нұсқасынан оқуға болады. Газеттің қағаз нұсқасы 1340 бөкейліктің үйіне жеткізілсе, әлжелідегі ақпаратымыз 5200 ұялы телефон иелеріне лезде жетеді. Одан басқа «Жайық Пресс» сайтында аудандық басылымның арнайы парағы бар. Газетіміздің толық нұсқасын сол сайттан да көруге мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда сайт парақшасында 2819 шығарылым жарық көрді.  Тағы бір айта кетерлігі, кері байланыс нақ осы әлеуметтік желіде қарқын алған.  Қандай тақырыпта ақпарат болмасын, кем дегенде екі абонент пікір жазып, екеуі репост жасап, бірнешеуі лүпіл басып жатады.

Газет оқырманымен бай. Ендеше осы байлығымыздың арзымауын, ортаймауын тілейміз.

Раушан БАҚЫТОВА