3.11.2020, 15:04
Қараулар: 368
АУДАН ТАРИХЫНЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ

АУДАН ТАРИХЫНЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ

 

Амантай Хамзин. Басы артық сөздің қажеті де жоқ. Амантай ағамызды Бөкей жұртшылығы өлкетану саласына сіңірген еңбегі ерен зерттеуші, тілші деп таниды. Сырт көзге шынашақтай, қағілез көрінетін ағамыздың тындырған жұмысы, атқарған ісі мол. Қызмет жолын Ордадағы сауықтыру мектеп-интернатының тәрбиешілігінен бастаған ағамыз қазіргі музей-қорықта да, мемлекеттік қызметте де, аудандық редакцияда жұмыс жасаған. Жұмыс жасағанда да бәзбіреулердей тиіп-қашып емес, табан аудармастан он шақты, тіпті оннан астам жылын сарп етіп, еселі еңбек етіпті. Газетіміздің 90 жылдық мерейтойында Амантай ағайымыздың да өмір жолын, еңбек жолын мерекелік топтамамызға тақырып еттік.

 

Сауықтыру мектеп-интернаты облыс орталығына көшірілген соң ағамыз тарихи революциялық музейге қызметке тұрыпты. Негізгі мамандығы тарихшы Амантай ағамыз өз арнасын тапқандай болды. 1974 жылдан 1992 жылға дейін 18 жыл тапжылмастан сол музейдің қорын еселеуге тер төкті. Аға ғылыми қызметкер қай тақырыпты қолға алмасын, нәтижелі еңбек етті. Тиісті орындарға үшбу хат жолдап, керекті материалдарды алып, тарихи тұлға дерегін нақтылауда егжей-тегжейлі мәлімет жинап, музей картотекасының толыққанды болуына күш салды. Алматы сияқты алып шаһарға сан мәрте барып, ауданнан шығып, атағы жер жарған тұлғалармен бетпе-бет кездесіп, сұхбат құрды.

Сол музейдің бүгінгі басшысы Ғайса Махимов:

— Амантай Хамзин біздің музей-қорықтың  даму тарихында орны бар адам. Музейдің екі бірдей басшысымен жұмыс жасап, еселі еңбек етті. Музейдегі көп құжаттың біздің қорға келу тарихы осы Амантай ағамыздан басталады. Кімді, қай тақырыпты нысанаға алса да, асқан ыждағаттылықпен, асқан жауапкершілікпен қарап, толыққанды материал жинақтап, жазғанын білеміз. Амантай ағамыз музей қызметкерлері үшін ақылшы, бағыт беруші аға буынның бірі де, бірегейі. Бас шырақшымыз деп құрмет тұтамыз, -дейді ағамыз турасында.

Аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов ағамыз да Амантай ағаның еңбекқорлығын, дәлдік пен нақтылықты сүйетін тарих алдындағы асқан жауапкершілігін үлгі етіп айтады.

  • Газеттің байырғы оқырманы ретінде осы Амантай Хамзиннің еңбектерін жоғары бағалаймын. Кейіпкерінің өмірін үстірт баяндап қана қоймай, кейіпкердің өзімен, не оның ет жақын туыстарымен кездесіп, көпке беймәлім штрихтарды ұсынып отыратын. Әлі есімде жерлесіміз Алма Оразбаеваның жұбайы Иван Кашириннің үйіне барып, Алманың сіңілсімен кездесіп, ұлы Алмаревпен сөйлесіп, табақтай екі бет материал жазған еді. Сүйекке сіңген әдетім бойынша өзім оқыған басылымдардан керекті деген мәліметтерді қиып жинап жүремін. Менің картотекамда да Әбестің көп материалы бар,-дейді.

Амантай ағамыз қоныс аударуына байланысты музейдегі жұмысын кеңсе жұмысына ауыстырады. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде аға инспектор боп он үш жыл жұмыс жасайды. Осы қызметтен зейнетке шығады. Зейнеткер Амантай бағын тілшілік қызметте де сынап көреді. Нақ осы редакцияда ағамыз музейдегі қызметімен қайта табысқандай болады. Түрлі тақырыптарды тереңінен қаузап, кеңінен көсіледі.

  • ­Мені соғыс тақырыбы, өлкемізден шыққан танымал тұлғалардың тағдыры қызықтырады. Сейітқали Меңдешевтің қилы тағдыры, Алма Оразбаеваның трагедиялық тұлғасы әлі күнге толық зерттелген жоқ. С.Меңдешев республикадағы ең жоғары лауазымды иеленген тұлға. Қарапайым балықшы отбасында туған қайраткердің өмір жолы ауыр. Меңдешевке жеке музей керек. Оған толық мүмкіндік бар. Ол қазақ тарихындағы орны бар тұлға. Бірақ әлі күнге толық бағасы берілмеген қайраткер.

Музейде жүрген кезімде Алманың партия съезінде жасаған баяндамаларының мәтініне қол жеткізген едік. Баяндаманы оқып, Алма апамыздың мықты сауатты, ұлтжанды болғанына таң қалдым. Бүкілодақтық съезде өз алған апамыз одаққа мүше елдердің ұлттық мүддесі ескерілмейтінін мәселе ғып көтерген екен. Алма Оразбаева қып-қызыл коммунист деп білеміз. Алманың өмір жолын, қызметін толық зерттеген санаулылар ғана оның қазақ қоғамының күрделі мәселелерін көтерген тамаша журналист, керемет өнерпаз жан болғанын біледі. Сүйген жар, жақын бауырының сатқындығын көріп, өмірден баз кешкен Алманың тағдыры қайғылы аяқталды. Ақылынан ауысты, өлімі жұмбақ, өлген жылы да, сүйегінің де қайда қалғаны белгісіз. Ерінбегенге біздің өлке тарихының өзі қатпары мол қалың тарих,-дейді Амантай ағамыз.

Ағамыз музейдегі әріптестері, көз көрген ағалары туралы әңгімелеуден жалықпайды.

  • Қазіргі таңда облыстың ғана емес, республика көлеміндегі орны бөлек, еңсселі орда саналатын музей-қорықтың бастауында тұрған Ахметфайыз Тажетдинов, Ғұмар Зариповтердің, Шарап Сиранов пен Темірболат Махимовтардың жанкештілігі көпке үлгі. Олардың еңбекқорлығы мен музей жұмысына риясыз берілгендігінің арқасында қазіргі қорықтың іргетасы қаланды. Мамандығы физик-математик Файыз ағамыз молданың ұлы болған, партияға кірмеген. Ордадан асып, білім қумаса да, мықты білімді, сұмдық жан жақты өнерлі адам болған. Төңкеріске қатысқандары үшін Ордаға жер аударылған революционерлерден тіл де, ғылым да, өнерді де үйренген екен.  керемет скрипкашы, шебер фотограф болған. Оның өрт сөндіру ғимаратының мұнарасынан түсірген Орданың панорамалық суретін әлі күнге дейін негізі көзіріміз ретінде қолданып  келеміз. Осы Файыз ағамыз мектептен зейнетке шыққаннан кейін 55 фотомен музей жұмысын бастаған. Бес жылы бойы бір тиын алмастан тегін қызмет көрсетіп, музей жұмысының негізін қалады. Ғұмар Зарипов та мықты білімдар адам болды. Ауылда отырып, әдеби талдау, әдістемелік нұсқаулықтар жазды. Алматыға барғанда атақты ақын-жазушылармен тең жүрді. Ғұмар ағамыздың Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романының шығуына қолдау көрсеткенін екінің бірі біле бермейді. «Тағы да «Жұмбақ жалау» туралы» деп әдеби шығармаға талдау жасапты. Тағы да деуіне қарағанда Мұқановтың осы туындысы бойынша жазып отырған оң пікірі тек бұл емес сияқты. Сол Ғұмар ағамыздың Махамбет батыр туралы жарық көрмеген  «Қандыағаш» деген шығармасы музей қорында сақтаулы тұр,-деп біраз әңгіменің басын қайтарды.

Негізі ағамыздың туындылары ғана тарихи тақырыпта емес, ағамыздың тағдыр жолының өзі тұнған тарих. Нарын даласы полигон аумағы деп белгіленіп, Бөкей жұртты жаппай көшкен кезде Қосшыдан Арыстан бір шыққан ағамыз сол кездегі көштің нәубетін күні кешегідей ғып айтып береді.

  • Солақай саясаттың кесірінен аудан халқының басым бөлігі әскери айлақ жолына құрбанға шалынып, жат жерге айдалып кете барды. Айдың-күннің аманында ауданның мыңдаған тұрғындары жылы орнын суытып, «ақтабан шұбырындыға» ұшырады. Әскери полигонға байланысты күштеп көшірілген Орда ауданы тұрғындарын да саяси қуғын-сүргін құрбандарының қатарына жатқызу керек,-дейді ағамыз келелі тақырыптың тінін таратып.

Амантай ағаның шикі қаралған тақырып деп айтатын тағы бір мәселесі -отты  жылдардағы Орда тарихы.

  • Соғыс басталған кезде аудандағы 48 ұжымшар, екі зауыттағы еркек кіндіктінің бәрі әскерге алынып, Сталинград майданының «қанды қазанына» топ ете түсті. Менің әкем де сол Сталинградқа аттанып, із-түссіз кеткен көптің бірі. Майданға жетпей жатып, теміржол бойында ажал құшқандар қаншама? Марқұм майдангер Камал Нарболов айтқан әңгіме әлі күнге құлағымда жаңғырып тұр. «Пойызға мінбей тұрып, жау бомбасының астында қалдық. Ауылдасым ауыр жарақат алыпты, нақтырақ айтсам, іші жарылып, ішек-қарыны ақтарылып қалды. Жан ұшырған байғұс топыраққа түскен ішек-қарынды алас ұрып, кері тыққыштап салып жатты. Көп ұзамай қайтыс болды. Бірінші көрген қазам болған соң, көз алдымда қалып қойды» дейтін. Аудан аумағында болған саяси лагерь, соғыс жылдарындағы аудан халқы көрсеткен қаһармандық туралы ізденуіміз керек, дәлелдеуіміз қажет, зерттеуіміз керек. Тарихи оқиғаның бәрі сол мезетте емес, уақыт өткеннен кейін барып, бағасын алып жатады.  Сталинградтың тылы болған қос ауданның өз бағасын алар күні алыс емес деп ойлаймын. Сең қозғалды ғой, әйтеуір,-дейді ағамыз өз сөзінде.

Аудан тарихының шырақшысы Амантай Хамзиннің түйгені, ойға жиғаны көп-ақ. Қазына кеуде қария деген анықтама осы Амантай ағамызға сұранып тұрғандай. Шынымен де қазына ма дерсің. Әр айтқанын жарқыратып, жайнатып, жариялай бер, ұтпасаң, ұтылмасың анық.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ