3.11.2020, 14:58
Қараулар: 230
ҰЙЫМШЫЛ ҰЯЛЫЛЫҚТАР

ҰЙЫМШЫЛ ҰЯЛЫЛЫҚТАР

Қайырымдылық айында Ш.Жексенбаев атындағы мектеп-бөбекжай кешенінде «Мейірбандық күндері» айлығы жарияланып, қариялар күні де аталып өтті. Бөбекжайда тәрбиеші Динара Амангелді, Жанар Салимовалар үлкен топ бүлдіршіндерімен «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» тақырыбында онлайн-концерт ұйымдастырып, ата-әжелеріне  бейнеролик түрінде, бастауыш сынып оқушылары «Мен және ата-әжем» тақырыбында  құттықтауларын  жолдады. Үйден оқитын ерекше білімді қажет ететін 2-сынып оқушылары Абат Қыдырәлі мен Қобланды Айымгүлге сынып жетекшілері Салтанат Сарбаева, Гүлбарам Қажиденовалар мен сыныптастары «Мен бақытты баламын» тақырыбында құттықтау бейнеролигін жолдап, мектептің әлеуметтік педагогы, психологы, дефектологі, сынып жетекшілері тәттілер мен ойыншықтан сыйлықтар тарту етті. Ауылымыздың «Тұмар»  клубының келіндері  жетекшілері Алмагүл Бегишановамен бірге апталық ішінде  бес қария мен мүмкіндігі шектеулі төрт баланың үйіне барып, сыйлықтарын табыс етті.

Ауылымызда қайырымды  азаматтар баршылық. Солардың ішінде «Алға, қазақ!» шаруа қожалығының  атынан  Тілекжан Мамаевтың жаңадан шаңырақ көтерген бала-келіні Алтынбек пен Әсел Оралдан арнайы келіп,  жанұялары атынан  көпбалалы, аз қамтылған   отбасылардың  балаларына қысқы жылы күртке мен аяқкиімнен барлығы 200000 теңгенің көмегін көрсеткенін айтқым келеді. Бұл осы әулеттің жақсылығының алғашқысы емес. Өткен жылы да Тілекжан ағамыздың үлкен ұлы үйленгенде дәл осындай көмек көрсеткен еді. Әке көрген ұлдар жақсылық жасауды осылайша жалғастырып жатыр. Жас жұбайлардың бұл ісі көпке үлгі, сауапты іс екені анық.   Жас шаңырақ иелеріне   ата-аналар мен бүлдіршіндер, мектеп ұжымы  атынан алғысымызды білдіріп, алдағы өмірлеріне ақ жол тілейміз.  Қайырымдылық жасаған барша жанға рақмет айтамыз. Алақан жылуын, мейірімділікті аңсаған  әрбір жанның жүрегіне жылылық ұялатып, бақыт сыйлау-борышымыз. Ендеше, сауапты істен сырт қалмайық, ағайын!

Ақылай СӘЛМЕНОВА,

мектептің әлеуметтік педагогы,

Ұялы ауылы