3.11.2020, 14:54
Қараулар: 254
АЙТУЛЫ ШАРАЛАРҒА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

АЙТУЛЫ ШАРАЛАРҒА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

 

Бөкей жұртшылығы алдағы жыл елеулі дата, айтулы мерекелерге толы болмақ.  Тұңғыштар мекені саналатын киелі өлкенің тарихы бай. Келер жылы Бөкей хандығының құрылғанына 220 жыл,  Жәңгір хан мектебінің ашылғанына 180 жыл толмақшы.  Аудан әкімдігінде осы шараларға арналған іс-шаралар жоспарын сарапқа салып, ұсыныс-тілектер тыңдалып, талқыланған отырыс өтті.

Арнайы комиссия сайланып, комиссия назарына аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Әжіғалиев іс-шаралар жоспарын ұсынды. Мерейтой қарсаңында мектеп мұражайын жаңғырту, тарихи маңызын насихаттау мақсатында зерттеу материалдарын жинақтап, кітап жасақтау, фильм шығару, ғылыми конференция өткізу, мәдени-танымдық шаралар циклын жүзеге асыру көзделген.

Комиссия мүшелері тарапынан келелі ұсыныс, пайымды пікірлер де айтылды. Ауданның кіреберісіне тұғыр орнату, Бөкей хандығы туралы белгі орнату, Хан ордасында ашылған тұңғыш типография, тұңғыш қазынашылық,   қыздар гимназиясы сияқты маңызды оқиғаларға тастан қашалған кішігерім мүсіндер орнатылса дегендей ұсыныстар айтылды.

  • Карантиндік шектеулердің қазіргі таңда көп жұмысқа кедергі боп тұрғаны шындық. Дала төсіне жүздеген киіз үй тігіп, аламан той жасамасақ та, бұл даталар елеусіз қалдыратын дата емес. Мұндай айтулы шараларды қандай деңгейде атап өтуіміз елдігімізге сын. Бұл шаралардың қандай ауқымда емес, қандай мазмұнда атап өтуіміз маңызды. Ұрпаққа ұран, елдігімізге мұра боп қалатындай іс қалдыруымыз керек,-деді өз кезегінде сөз алған аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ